«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Балқаш ауданындағы бизнес: қолдау бар, мәселелер де аз емес

2018 жылғы 22 Тамыз
- Жетісу облысы
6593 просмотров

Шағын несиенің тапшылығы, кепілзаттың болмауы, сапасыз интернет – осы және басқа да мәселелер Балқаш ауданы Бақанас ауылында өткен кәсіпкерлік мәселелер бойынша кеңейтілген отырыс барысында талқыланды.

 Іс-шараға Римма Салықова жетекшілігімен Кәсіпкерлер кеңесі мүшелері, Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қары іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Баниямин Файзулин, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов, Балқаш ауданының әкімі Ғалым Тоқпейісов, Балқаш ауданы Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Атайбеков, аудан прокуроры Серікқали Кушалиев, сонымен қатар бизнес пен мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.

 Балқаш ауданы облыстың шалғай аймағы болып табылады. Осыған қарамастан аудан күріш, ет пен шөп өндіруден бірінші.

Бизнес пен биліктің кездесуі ашық диалог форматында өтті. Кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, толымды жауаптар алды. Аудан әкімі барлық сұрақтар қаралады деп атап өтті.

Өңірлік кеңестің мүшесі, Балқаш ауданы бойынша Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Атайбеков аудан басшысы алдында бірқатар мәселелерді көтерді, атап айтқанда ауданда екінші деңгейлі банктердің филиалдары жоқ.

«Кез келген аудан орталығында банк филиалы болуы керек. Алайда Бақанас ауылында ірі банктердің бірде бір бөлімшесі жоқ. Банк жоқ – несие жоқ. Мұның бәрі өз кезегінде жалпы кәсіпкерліктің дамуын тежеп отыр. Қаржылық қолдау алу үшін тұрғындар облыс орталығына баруға мәжбүр», – деді айдан кеңесінің төрағасы.

 Өңірлік кеңестің төрайымы Римма Салықова аталған сұрақ облыстағы банктер бөлімшелерінің  басшылыктары қатысуымен Кеңес отырысында көтеріледі деп айттты. Өйткені аталған мәселе Райымбек ауданы мен Кеген ауданы үшін де өзекті, бұл аймақтарда да банк бөлімшелері жоқ.

Аудан үшін тағы бір өзекті мәселе – төмен сапалы интернет. Ауданның шет ауылдарында кейбір операторлардың желісі тіпті ұстамайды. Бұл бизнес жүргізуге тағы бір кедергі.

 Бұған қоса жер учаскелерін, субсидия, айналым қаражатты толтыру қиындығы, сонымен қатар жергілікті прокуратура, құқық қорғау органдары, мемлекеттік кірістер департаменті және аудандық әкімдікпен байланыс құру мәселелері айтылды.

 «Кәсіпкерлер арасында ақпараттандыруды көтеру мақсатында ауыл шаруашылығы бөлімшелермен бірге жер қатынастары, кәсіпкерлік мәселелерін қатысты ауыл округтеріне барып түсіндірме жұмыстарын жиі өткізіп тұру керек. Қазіргі таңда бизнеске маңызды заңнамаларға көп өзгертулер енгізіліп жатыр», – деді Бақыт Атайбеков.

 Жиын барысында өңірлік кәсіпкерлер палатасының Балқаш ауданы бойынша филиал директоры Бөріхан Әбдібаевтың бірінші жартыжылдық бойынша жұмыс есебі тыңдалды. Жыл басынан Палата филиалына 630 кәсіпкер өтінім жасаған, оның ішінде 70 кәсіпкерге заңгерлік көмек жасалды, 40 кәсіпкерге бухгалтерлік қолдау көрсетілді.

 Осы ретте ауданда алғаш рет Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында  «Бастау» кәсіпкерлік негіздерін оқытатын жоба өз жұмысын бастаған. Қазіргі таңда ауданда жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған 52 азамат оқып шықты. Оның ішінде 19 адам кәсіпкер ретінде тіркеліп, жалпы сомасы 60 млн теңгені құрайтын жеңілдетілген несие алған. Жобалардың көбі мал шаруашылығына қатысты.

Өз кезегінде Ғалым Тоқпейісов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін барын атап өтті. Ауданда 1500-ден астам бизнес субъектісі тіркелген. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу саласында күріш өңдеу бойынша екі цех іске қосылған. Былтыр күріш өсірушілер 120 млн теңге көлемінде субсидия алған.

 Биыл күріштің егін алқабы 10 мың гектарды құрады. Ет өндіру саласында белсенділік байқалады. Былтыр 160 мың тонна ет өндірілді, оның ішінде 30 мың тонна Қырғызстанға экспортталған.

 Облыстық Палата басшысы Нариман Әбілшайықов ауданда бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалғанын алға тартты.  Бизнесмендер саны артып келеді. ӨКП аудандық бөлімшесі жанында Кәсіпкерлерді қолдау орталығы жұмыс істеп, Кәсіпкерлер кеңесі құрылған.

 

Тамыз айынан бастап Кәсіпкерлерді қолдау орталығында өз-өзіне қызмет көрсету аймағы іске қосылды. Қызметтің басым бөлігі енді онлайн форматында көрсетіледі. Жаңашылдық елімізде бастау алған цифрландыру бағдарламасы арқылы жүзеге асырылды. Осылайша процедура алу оңтайландырылып, кәсіпкерлер уақыт үнемдейді.

 Іс-шара соңында мемлекеттік оргнадар басшылығы мен ӨКП филиалына мәселелерді шешу бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер