Алматы кәсіпкерлері «Атамекен» қызметіне қашықтықтан тапсырыс бере алады
«Atameken Services» кәсіпкерлерге арналған электронды сервистік қызмет көрсету жобасы Алматыда бастау алды. Енді кәсіпкерлер «Атамекен» ҚР ҰКП қызметіне қашықтықтан тапсырыс бере алады. Ол үшін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында Өз-өзіне қызмет көрсету аймағы құрылған, онда қаржылай емес қолдаудың 8 бағыты бойынша 61 тегін қызмет алуға болады:
- статистикалық деректерді құрумен қатар бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізумен байланысты қызметтер;
- кедендік процедуралар бойынша қызметтер;
- кәсіпкерлер мен тұрғындардың кәсіпкерлік бастамасы бойынша өтініштерін сүйемелдеу;
- заңгерлік қызмет көрсету;
- маркетинг мәселелер бойынша қызметтер;
- ақпараттық технологияларға қызмет көрсету саласында кеңес беру;
- мемлекеттік сатып алулар, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сатып алуларына қатысты қызметтер;
- мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы кеңес беру.
«1 тамыздан бастап «Atameken Services» бизнес-қоғамдастыққа көмек көрсетудің бірыңғай платформасы аясында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы Өз-өзіне қызмет көрсету аймағының электронды форматын іске қосты. Енді кәсіпкер кеңес берушілерге жүгінбей, қызметтерді өзі ала алады», – деді деді Алматы ӨКП аппарат басшысы Нұрлан Қәбіштаев.
Сондай-ақ Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына да онлайн қосылып жеке кабинет ашу арқылы бір мезетте бірнеше қызметке өтінім беруге болады. Аталған жұмыс «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізіліп жатыр, осы ретте «Атамекен» электронды форматқа көшуде.
«Бұл шығындар мен уақытты үнемдеуге, кәсіпкерге мобильді болуға мүмкіндік береді. Қазір біз бірінші кезеңді жүзеге асырып жатырмыз, кейін жаңа қосымшаларды – барлық даму институттарымен бірге мемлекеттік қолдаудың басқа да шараларын енгізетін боламыз. Осылайша кәсіпкерлер ауқымын сапалы қамтуды көздеп отырмыз» – деді Алматы ӨКП аппарат басшысы Нұрлан Қәбіштаев.
Сервисті қолдану үшін Services.Atameken.kz платформасында жедел тіркеуден өту жеткілікті. Тіркеу барысында кәсіпкер жеке деректерін жазып, телефон номерін теру керек, телефон номеріне SMS арқылы код келеді, сол кодты терген соң жүйе ашылады.
Келешекте өз-өзіне қызмет көрсету аймағында мемлекеттің электрондық қызметтері және Интернетке тікелей қатынай алмайтын кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары қол жетімді болады. Демек, бұрын кеңес берушілер атқарған қызметті, онлайн алуға мүмкіндік туады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: