«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мемлекет басшысы әкімдіктерді «Атамекен» жұмысын қолдауға шақырды

2018 жылғы 11 Тамыз
10283 просмотров

Мемлекет басшысы өңірлік әкімдіктерді шағын және орта кәсіпкерлік дамуын белсенді қолдауға және кәсіпкерлік негіздерін оқыту бағдарламары бойынша көмек көрсетуге шақырды.

Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарында өткен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне қатысты жиын барысында мәлімдеді.

«Барлық жағдайды жасадық, жақында мен қол қойған Заңдардағы өзгерістерге байланысты тағы да жеңілдіктерді жасадық, тексеруді тоқтаттық, салығын төмендеттік, құжат жинау уақытын қысқарттық, енді үйрету керек. Халықтың барлығы бизнесті қалай жүргізу керек екенін біле бермейді. Сондықтан «Атамекен» «Бастау» атты жобаны жүргізіп отыр. Бизнесті қалай бастау керек, несиені қайдан алу керек, қалай қайтару керек, бизнестің қандай түрлері бар, қай өңірде не бастауға болады соның барлығын үйретіп жатырмыз, осыған әкімдіктердің барлығы көңіл бөлуі керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Мұнай-газ саласының дамуы, инфрақұрылым және еліміздің көліктік-логистикалық әлеуеті тұрғысынан алғанда, Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысының ұлттық экономикадағы үлесін  ерешке атап өтті, деп хабарлайды www.akorda.kz

 «Бұл облыс «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында ірі көлік-логистика орталығына айналып отыр. Мұнда әуе, автомобиль жолдары, темір жол, паром және теңіз көліктері желісі тоғысқан. Атап айтқанда, халықаралық әуежай, «Жезқазған–Бейнеу» және «Өзен–Түрікменстанның мемлекеттік шекарасы» темір жолдары, «Атырау–Ақтау» автомобиль жолы салынып, заманауи Ақтау теңіз порты және Құрық паром кешені іске қосылды. Бұл жобалар өңір экономикасының дамуына тың серпін беретін болады», – деді  Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысының туристік әлеуетінің зор екенін айтып, облыстың географиялық және мәдени артықшылықтарын, соның ішінде өңірдің теңіз жағасында орналасқанын, сондай-ақ мұнда жалпыұлттық және халықаралық мәні зор көптеген тарихи ескерткіштердің бар екенін атап өтті.

  Жиын соңында Мемлекет басшысы әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі пайдалану, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындары ашу, сондай-ақ өндіріске жаңғыртылатын энергия көздерін енгізу жөнінде тапсырма берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер