«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Іскер әйелдерге 108 млн теңге көлемінде несие бөлінеді

2018 жылғы 02 Тамыз
- Маңғыстау облысы
4435 просмотров

Маңғыстаулық кәсіпкер әйелдерге жеңілдетілген несие беру бағдарламасының шарапаты тиіп жатыр.

Қазірдің өзінде облыстағы 13 іскер қыз-келіншектің жобасы мақұлданған. Барлық құжаттар «Қазақстанның Халық банкі» АҚ Маңғыстау облыстық филиалына жіберілді. Енді қаржыны алу операциялары жүруде. Алдағы уақытта оларға жалпы сомасы 108 млн. теңге көлемінде несие бөлінетін болды. Бұл шара мұнымен тоқтап қалмақ емес.

Маңғыстау облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Салихова Сәуле Халелқызының айтуынша, қазір маңғыстаулық кәсіпкер келіншектер тың жобаларды қолға ала бастады. Бұрын сұлулық салоны, тігін шеберханасы сияқты кәсіпті серік еткен болса, енді балабақша ашу, қонақ үй бизнесі, тіпті тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу ісімен шұғылдануды көздеп отыр.Бизнестің перспективті бағыттары дамып жатыр. Мәселен, қоқыстарды өңдеу ең табысты кәсіп түрі. Мұнайлы ауданынан кәсіпкер әйелдің осы жобасы өңірлік іскер әйелдер кеңесінің жиналысында  қолдау тапты. Осы мақсатқа 10 млн теңге несие бөлу мақұлданды. Іскер бұл қаражатқа құрал-жабдық алып, қоқыс жинайтын контейнерлер жасап шығармақ. Одан әрі қалдықтар өңделеді.

Жаңа несиелеу бағдарламасы ауылдағы бизнестің дамуына да оң серпін береді. Оның тиімділігі жоғары. Іскер әйелге 10 миллион теңге көлеміндегі қаражат 5% үстеме ақымен 84 айға беріледі. Бағдарламаға кәсіпкер әйелдер немесе нәзік жандылар басшылық ететін  кәсіпорындар өтініш бере алады. Банк бұл мақсатқа 1 млрд.теңге көлемінде қаржы жұмсамақ.

«Қазір қайталанбайтын ерекше жобаларға мемлекет кедергісіз қолдау білдіретінін әйелдер түсінді. Жан-жағын пайымдап, тәжірибеден түйіп, ең тиімді тың кәсіпті игерсе үздік болатынын зерделей бастады. Сондықтан да іскер әйелдер кеңесі банк басшылығымен кездесіп мақұлданған жоба иелері несиелерін ешқандай қиындықсыз, әуре-сарсаңға түспей алуын шешті. Бұл барлық ұсынылған бағдарламалардың ішіндегі ең төмен пайызбен берілетін несие түрі болып табылады»,- дейді өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Халелқызы.

Жеңілдетілген несие жыл соңына дейін беріледі.Қазір бірінші кезекте нәзік жанды кәсіпкерлер КҚКО келіп, ақпарат алып, өтініш беруі тиіс.  «Халық банкі» жеңілдетілген несиеге қол жеткізу үшін кәсіпкерден кепілзат болуын міндеттейді. Озық жобалар қаржыландыруға негіз болады.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер