«Бастау» жобасы бойынша Алматы облысында 46 жұмыссыз несиеге қол жеткізді
Жобалар 184,3 млн теңгеге іске асырылды
Бұл туралы Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің басшысы Ерлан Датқаев мәлімдеді. Айтуынша, биыл жұмыссыз және өзін-өзі қамтыған азаматтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға бағытталған «Бастау» жобасына 1371 адам қатысқан. Жоба «2017-2020 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында іске асырылуда.
«Қазіргі таңда жоба бойынша оқып шыққан азаматтар арасында 46 адам сомасы 184,3 млн теңге болатын шағын несиеге қол жеткізді. Қосымша 182 млн теңгеге 50 жоба мақұлданды. Жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласымен байланысты. 3 тамыз күні оқытудың үшінші ағымы аяқталады», - деді Ерлан Датқаев.
Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту Алматы облысының үш қаласы мен 16 ауданында өтіп жатыр.
Мемлекеттік бағдарлама аясында алғашқылардың бірі болып несиеге қол жеткізген азаматтардың бірі отставкадағы полковник Асхат Жұлынов. Еңбек өтілі бойынша зейнеткерлікке шыққан ол ауыл шаруашылығымен айналысуға бел буған. Осылайша бизнес жүргізу курсына жазылды.
«Құқық қорғау саласында көпжылдық еңбектен соң, қол қусырып отыра алмадым. Ал «Бастау» жобасы адамның жасы, жынысы мен жағдайына қарамастан, іскерлік мүмкіндіктеріңді танытуға мүмкіндік береді. Ауылды жерде тұрып жатқан соң отбасымен бірге мал шаруашылығымен айналысайық деп шештік. Мемлекеттік қолдау арқасында мал сатып алдық, қора салып, жағдайын жасадық», - деп атап өтті кәсіпкер.
Қаратал ауданының тұрғыны Сәкен Құсманов та жоба бойынша өз ісін жүзеге асырған кәсіпкерлердің бірі. Негізгі мамандығы құрылысшы болған Сәкеннің жеке цехын ашу арманы еді. Кәсіпкерлікті жүргізу бойынша бір айлық оқудан соң, оның лего кірпіштерін шығару жобасы мақұладанып, қаражатқа ие болды.
«6 млн теңгеге құрал-жабдықтар сатып алып, лего кірпіштерінің өндірісін бастадық. Күн сайын 1000 кірпкішке дейін шығарамыз. Енді өнімнің түрін 10-15-ке дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Экологиялық жағынан таза кірпіштер үй құрылысы немесе көріктендіру үшін өте қолайлы және үнемді. Жергілікті шикізатты қолданамыз және оның сапасын көтеру үшін фиброталшықтарды пайдаланамыз», - деді кәсіпкер.
Еске салсақ, биыл «Бастау» жобасы аясында облыстағы 3 мыңнан астам жұмыссыз азаматты оқумен қамту жоспарланған.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: