«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Алтын Сапа» – табысқа сеніммен жету жолы

2018 жылғы 27 Шілде
2196 просмотров

«Алтын сапа» сыйлығын Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың қолынан алуды армандамайтын кәсіпкер жоқ шығар.  Биыл ең мәртебелі жүлдеге үміткер ретінде маңғыстаулық 10 кәсіпкерден өтініш келіп түсті.

 «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша «CASPI BITUM» біріккен кәсіпорны» ЖШС және «ЕР САЙ Каспиан Контрактор» ЖШС құжаттарын тапсырды.

«Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» аталымына «ЖАНАРЫС» ЖШС мен «Zhamal-ai LTD» ЖШС лайық ретінде өтінім берді.

 

Маңғыстау облысы «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржігіт Хайруллаев: ««Zhamal-ai LTD» ЖШС 2017 жылы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының жеңімпазы атанды. Биыл өздерін «Алтын сапада» сынап көрмекші. Маңғыстаудағы ең озық кәсіпорынның жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып шығарына сенім артқымыз келеді.  Бұл байқаулардың барлығы да сапасында мін жоқ тауар өндіретін іскерлер үшін жаңа бастамаларға серпіліс беріп отыр».

 Ал, «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» аталымына: «Бикада» ЖШС, «MKS Logistics» (ЭмКейЭс Лоджистикс) ЖШС, «Каспий» педагогика және салалық технологиялар колледжі мен  «Sofie Medgroup» көп салалы клиникасы ниет білдірді.

 «Ауылшаруашылық немесе азық-түлік тауарларын шығаратын үздік кәсіпорын» аталымы бойынша «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС мен « Берекет Ф» ЖШС өтініш берді.

«Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 9 қазандағы №194 Жарлығына сәйкес "Алтын сапа" сыйлығы конкурстық негізде талапкер кәсіпорынның өнімі немесе қызмет көрсету сапасы мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жетістіктері, сондай-ақ менеджмент жүйелерін енгізгені үшін жыл сайын берiліп келеді. Маңғыстау облысынан байқауға қатысатын кәсіпорындардың қай-қайсысы да өңірімізде сапалы өнім өндіріп, салалы қызмет көрсетіп отыр. Тұтынушылар арасында тауарлары үлкен сұранысқа ие зауыттар да бар. Еліміздің ең таңдаулы тауарлары анықталатын бәскеде облыс кәсіпкерлерінің де топ жаруына тілекшіміз»,- дейді Маңғыстау облысы «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржігіт Хайруллаев.

Сапа саласындағы жетістіктері үшін кәсіпкерлерге берілетін Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығы елімізде маңыздылығы жоғары шаралардың бірі болып табылады. Байқау жүлдесін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке марапаттауы байқаудың маңыздылығын айқындай түсті. Аталмыш байқау заманауи үлгідегі даму үрдісін ескере отырып, сапа жағынан Еуропа сыйлығының моделімен үйлестірілген. Сондай-ақ, «Алтын сапа» сыйлығы өнім өндіру және қызмет көрсету саласындағы жетістіктері үшін іскерлерге берілетін ТМД елдерінің сыйлықтарына пара пар. «Алтын сапа» сыйлығын иелену үшін өндіріс басшысының көшбасшылық рөлі, ұйымның сапа саласындағы саясаты мен стратегиясы, өнімдер мен қызметтер сапасының тұтынушылар тарапынан бағалануына қатысты көрсеткіштері сарапқа салынады. Бұл байқау кәсіпорындардың өнім өндіру мен қызмет көрсету деңгейін жете бағалауға мүмкіндік береді.

Отандық өнімнің сапасын арттыру, Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдермен толықтыруға жағдай жасауды мақсат еткен кәсіп иелері көп ішінен топ жарып, озық шығуды көздеп отыр.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер