«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отандық өнім – сапа мен бәсекеліктің қабілеті

2018 жылғы 03 Шілде
- Жамбыл облысы
13039 просмотров

Жамбыл өңірінде «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына 78 кәсіпорын қатысты

Кәсіпкерлікті қолдау – ел экономикасын арттыруға бағытталған батыл қадамның бірі. Төрт жылдан бері аймақтағы тауарөндірушілер «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында бағын сынап келеді. Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған өңірлік байқаудың биылғы жеңімпаздары «Тараз-Арена» спорт сарайында анықталды.

Кәсіпорындар жұмысының белсенділігін арттыру, отандық тауарлардың сапасын жақсарту арқылы нарықтық бәсекеге қабілетті өнімдермен толықтыруды мақсат еткен байқауға биыл 78 кәсіпорын қатысты. Аймақтық көрмеде облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына өзіндік үлесін қосып отырған бизнес өкілдеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, көлемді іс-шарада Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек сөз алды.

– Ел экономикасының негізі – шағын және орта кәсіпкерлік. Кәсіпкерлікті дамыту арқылы салалық және өңірлік монополизмді жоюға, нарықта тауарлар мен қызметтерді көбейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін пайдалануға үлкен мүмкіндіктер бар. Облыстық кәсіпкерлер палатасының құрылуы өңірдегі бизнестің өркендеуіне тың серпін беріп, бизнес субъектілерінің қатарының артуына септесіп келеді. Ұсақ шаруалар мен тауарөндірушілер іріленіп, кооперативке бірігуде. Өндірілетін өнім көлемі мен «Жамбылда шығатын» тауарлардың түрі де түрленіп, саны да еселеніп келеді. Мұндай көрме-байқау – біріншіден халық пен тауарөндірушілер арасындағы байланысты арттырса, екіншіден тұтынушыларға жеңілдетілген бағада ешбір делдалсыз тікелей қажетті тауарларды сатып алуға мүмкіндік бермек. Көрме-байқау, сондай-ақ, кәсіпкерлерге өзара танысып, әріптестік серіктестік орнатуға қолайлы алаң. Бизнес әлемінде біз мақтанатын Жамбылдық бизнесмендердің қатары арта берсін! Өздеріңізге белгілі өткен жылы «Қазфосфат» ЖШС алғаш рет бірден екі аталым бойынша республикалық деңгейде «Сапа үздігі» атанған болатын, – деді ол.

Байқау барысында қатысушылардың өнімін арнайы сарапшы топ жұмысы бақылауға алды. Сарапшы топ құрамында Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры, «НаЦЭкС» АҚ ЖФ маманы, Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының маманы, Жамбыл облысы Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тағам объектілеріне санитариялық-гигиеналық бөлімінің маманы және «Нұр Отан» ХДП шағын және орта бизнес жұмысшыларының облыстық комитет кәсіподағының мүшесі бар.

Топ мүшелері байқауға қатысушылардың қызметімен танысу мақсатында барлық кәсіпорындардың өндірістік алаңдарын аралады.

– 2001 жылдан бастау алған республикалық конкурсқа Жамбыл облысы 4 жылдан бері қатысып келеді. Сол уақыттан бастап сарапшы топ құрамында болып, жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерінің жұмысымен танысып келемін. Байқауда санға емес өндірілетін заттың сапасына қараймыз. Қазіргі нарықтық экономикада негізгі мақсат – халықты сапалы өніммен қамтамасыз ету. Облыс көлеміндегі шара арқылы кәсіпкерлермен халық арасындағы байланыс артып, әлеуметтік әріптестікте өндіріс орындарын дамытуға көп септігін тигізеді. Жаңа технологияларды қолдану арқылы сапаны көтеруге мүмкіндік мол. Енді алдағы уақытта біздің жергілікті кәсіпкерлер нанотехнологияны енгізеді деген ойдамын. Өңірде жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі саласы ел көлемі бойынша алдыңғы шепте. Ет, сүт өнімдерін шығаратын мекемелер бізде жетерлік, – дейді сарапшы топтың мүшесі Асанбек Наурызбаев.

Расында, бұл жолғы көрмеге қойылған тауарлардың басым бөлігі жеңіл өнеркәсіптік саласының өнімдері. Тіпті, ірімшік, айран-сүтімен облысқа танымал «Меркі сыр зауыты» ЖШС өнімдері де көрме төрінен табылды. Байқау барысында тұтынушы қонақтар да тағамдардың дәмін татып, пікірін айтып жатты. Ал бізді мақсары майынан өндірілетін сұйық майдың жайы қызықтырды. 2006 жылы негізі қаланған өндіріс орны Шу ауданының Бірік ауылында орналасқан. Алты жыл бойы өндіріс үшін қажетті шикізатты өсіріп келген «Kaz-IrAgro» серіктестігі ас үйге қажетті сұйық майды өндірумен айналысады. Ал аталмыш серіктестік 2011 жылы Германиядан жаңа технология сатып алған. Айта кетейік, бұл май жәй ғана емес – адам ағзасына да пайдалы. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде молынан өсетін мақсары өсімі АҚШ пен Жапония секілді дамыған елдерде жоғары бағаланып отыр. Қазіргі таңда өндіріс орны сұйық маймен Қазақстанды ғана қамтып қоймай, Қытай, Чехия, Европа мемлекеттеріне экспортталуда. Қазақстандықтар үшін жаңалық болған майдың ерекше қасиетке ие екендігін бірі білсе, бірі білмейді.

– Мақсары майы – холестерині, қан қысымы жоғары, қант диабетінің ІІ тобындағы науқастарға пайдалы. Адам ағзасында қанды сұйылтып қоймай, косметикалық мақсатта да пайдалануға болады. Сондай-ақ массаж жасауға, шаш, тері күтіміне қолданылуда. Сол себепті, мақсары майының құндылығы туралы қазақстандықтарға екі тілде ақпарат беретін www.kaziragro.kz сайты жұмыс істеп тұр, – дейді серіктестіктің тұтынушылармен жұмыс жөніндегі менеджері Арай Жұбатова.

Ал серіктестік бүгінде 60 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта аталмыш өнім Жапония еліне де экспортқа шықпақ . Ал іргесі 1961 жылы қаланған «Тараз былғары етік» ЖШС фабрикасының аяқ киім өнімдерінің сапасын айтпасқа болмас. 365 адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік жылына 157 мың пар былғары аяқ киім шығаруға қауқарлы. Тауарлары Жамбыл облысымен қатар Қарағанды, Астана, Павлодар қалаларында сұранысқа жоғары фабрикада 415 адам еңбек етеді екен.

– 2009 жылы өндіріс орнын қайта жасақтау және жаңғырту бағытында екінші деңгейлі банктерден 2 миллион 200 мың еуро несие алып, оған Германиядан аяқ киімнің табанын құйып шығару мақсатында «ДЕСМА» қондырғысын сатып алынды. Сол жылы тағы да 1 миллион еуро несие алу арқылы қосымша «Маскони», «Рици», «Картигльяно», «Джиматто», «Карлесси», «Мастордини» секілді қондырғыларды іске қостық. Бүгінде былғары аяқ киімге сұраныс күн санап артуда. Қызрғызстан мемлекетіне экспортталады. Аяқ иім бағасы 7-15 мың аралығында, – дейді кәсіпорынның бас директорының орынбасары Шамухтар Шаюнусов. Оның айтуынша, өндіріс ошағында аяқ киімнің 70 түрі шығарылады екен.

Сонымен сарапшы топ мамандарының ұйғарымымен байқау жеңімпаздары болып «Өндірістік мақсаттағы ең үздік тауарлар» болып «Talas Investment Company» ЖШС, «Roden Ph» ЖШС және «Novacom.Technology» ЖШС танылса, «Халыққа арналған ең үздік тауарлар» аталымында «СБ плюс», «GOOD ZHEM» ЖШС, «ELLIN SHOES» лайық деп анықталды. Ал, «Ең үздік азық-түлік тауарлары» аталымында «Əулие-Ата Феникс» ЖШС, «Козин» және «Адезбаев Б.Ж.» жеке кәсіпкерліктері жеңімпаз атанды.

Өңірлік байқау жеңімпаздары ағымдағы жылдың соңында өтетін республикалық байқауға жолдама алды. Іс-шара соңында жергілікті тауарөндірушілердің өнімдері нарық бағасынан төмен бағада сатылды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер