30 маусымда Атырауда үздік тауарлар анықталады
Биыл «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына Атырау облысы тауар өндірушілерінің 40-тан астамы қатысады.
Байқау «Сарайшық» коммуналдық базарының аумағында өтеді. Оны Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы облыс және қала әкімдігімен бірлесіп ұйымдастыруда. Қатысушылар арасында тәжірибелі кәсіпкерлер мен жақын арада ғана бизнес ашқан, бірақ өнімін көпшілік кеңінен пайдаланып отырған кәсіп иелері де бар. Жеңімпаздарды «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар», «Үздік азық-түлік тауары» және «Халыққа арналған үздік тауар» аталымдары бойынша анықтайды.
«Өнім сұрыпталымы өте ауқымды. Азық түлік, тұрмыстық химия, тігін бұйымдары, құрылыс материалдары, жанар-жағар май, кәдесый және жарнама түрлері қамтылған. Биыл қатысушылар арасында жеке кәсіпкерлер өте көп, өнім сапалары ірі компаниялардыкінен еш кем емес. Комиссия мүшелеріне іріктеу жасау оңайға соқпайды», – дейді Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Нұрия Шавалиева.
Облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауын тамашалап қана қоймай, төмендетілген бағада сатып ала алады. Қызығушылық танытқандар «Халық таңдауы» дауыс беру байқауына да қатысады. Халықтың бағалауына азық-түлік өнімдері ұсынылады.
Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары Атырау облысын республикалық деңгейде қорғайды. Ең бастысы, байқау дипломанттары төрт жыл бойы байқау белгісін жарнамалық мақсатта қолданып, өз өнімін нарыққа шығара алады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: