Қазақстанда бизнес жүргізуге барлық жағдай жасалған - Болат Палымбетов
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтың қатысуымен 25 маусым күні Қостанайда «Инвестициялық ахуал және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл механизмдері» форумы өтті.
«2016-2017 жылдары бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді, – деп, мәлімдеді форумда Болат Палымбетов. – Әкімшілік заңнаманы ізгілендіру барысында Әкімшілік Кодекстің бизнеске әсер ететін баптарының 78%-ы, яғни 323 бап қаралды. Нәтижесінде, Әкімшілік кодексте бизнес үшін маңызды жаңалықтар ескерілді, мысалы жасалған қылмыстың ауыр емес болуына байланысты жауапкершіліктен босату институты, 157 бап бойынша әкімшілік айыппұлдарды 30%-ға төмендету, айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеу мүмкіндігі. Бас прокуратурамен бірге қылмыстық заңнаманы ізгілендіру, кәсіпкерлік саласында жасалған құқық бұзушылықтар үшін жазаны жеңілдету бойынша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, экономикалық қылмыстар туралы қылмыстық істер саны соңғы 2 жылда 5 есеге дейін төмендеді. 2015 жылы кәсіпкерлердің 80%-ы негізсіз қудалауға түсіп, сотқа дейін істердің 20%-ы ғана жеткен болатын. Бүгінгі таңда мұндай жағдай жоқ. Жалған кәсіпкерлік туралы бап алынып тасталды, контрагенттерге түсетін қысым азайтылды. Бизнестен айрылу оңай емес, дегенмен бостадықтан айрылу үрей туғызады».
Омбудсменнің айтуынша, қазақстандық кәсіпкерлер тап болатын барлық жүйелік мәселелер Бірыңғай тізілімге енгізілді. Бүгінде 571 мәселе тіркелді, оның 386-сы оң шешімін тапты, 48-і қаралу үстінде.
Отандық бизнесті қорғау тақырыбы халықаралық деңгейге дейін көтерілді. 2017 жылдың қыркүйек айында Қазақстан мен Ресейдің бизнес-омбудсмендерінің форумы ұйымдастырылып, екі елдің бизнес-омбудсмендері өзара көмек және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Биыл 20 маусымда Өзбекстан Республикасы кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілмен де осындай келісімге қол қойды. Осы шаралардың арқасында кәсіпкерлер өздерінің проблемаларымен шетелде жалғыз қалмайды.
«Бүгінгі күні Қазақстанда еркін бизнес үшін барлық жағдайлар жасалған. Барлық заңнамалық база мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі институттар құрылды. Қостанай облысы жайлы бизнес ортасы бар бизнес үшін қолайлы аймақ болып табылады. Қостанайда ыңғайлы инвестициялық ахуал бар», – деді Б.Палымбетов.
Қостанайдағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы – соның бірден бір дәлелі. Оның жұмысы туралы және оның бизнес-ортаға әсері туралы өз баяндамасында Кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов былай деді:
«Қазіргі кезде КҚКО-да 36 маман консультациялар мен қызметтер көрсетеді. Сонымен бірге, Орталықта кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде ғана сапалы кеңес беру және оқыту қызметтерін ала алады, сонымен бірге «бір терезе» қағидатын толығымен қолдана алады. Кәсіпкерлер бизнестің негіздерін оқып, кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркеліп, мемлекеттік мекеме немесе монополиялық кәсіпорыннан, КҚКО-нын сараптамалық кеңес ала алады және техникалық шарттарға өтініш бере алады. Әртүрлі жерлерде, соның ішінде «Бухгалтерлер клубы» мәжілістерінде бизнес-қауымдастықтар өздерін алаңдатып отырған өзекті мәселелерді көтереді. Қажет болған жағдайда бизнесмендер тікелей кезекші прокурорға жүгініп, өздерінің проблемаларын КҚКО-нда айта алады. Барлық ақпаратты Палатаның сарапшылары жинақтап, талдап «Атамекен» ҚР ҰКП мен уәкілетті мемлекеттік органдарға жібереді. Мұндай «әдіс» өзінің тиімділігін бірнеше рет дәлелдеді».
25 маусымда бизнес-омбудсмен қостанайлық кәсіпкерлерді жеке қабылдап, олардың проблемалары мен ұсыныстарын тыңдады.
«Бест Қостанай» ЖШС-ның директоры Видади Юсубов тек қана Қостанай облысына ғана емес, бүкіл республикаға қатысты проблемаға тоқталды.
«Біздің компания тәулігіне 1250 тонна қуаттылықты құрайтын диірмен кешенін салу жобасын жүзеге асырып жатыр, инвестициялардың жалпы құны шамамен 3 млрд. теңге», – деп, атап өтті кәсіпкер бизнес-омбудсменге. – Бізге 40 миллион теңгеден астам инвестиция салынып, теміржол жолдарының құрылысы үшін жер телімі алынды, құрылыс аяқталуға жақын. Енді бізге жер заңсыз жолмен алынған деп жер телімінен өз еркімізбен бас тартуды талап етіп отыр, өйткені аукцион өткізілмеген».
Болат Палымбетовтың айтуынша, туындаған жағдайда кәсіпкерлердің кінәсі жоқ. Қазіргі кезде мұндай жағдайлар бүкіл Қазақстан бойынша талдануда, содан кейін мәселе кешенді түрде шешіледі.
Омбудсменге көмек сұрап, отандық ірі сүт өндіруші «ДЕП» ЖШС-нің өкілі жүгінді. Маусым айында Россельхознадзор Ресей Федерациясына компанияның тауарларын импорттауға тыйым салған. Тауар өнімдері бар жүк көліктерін шекарадан өткізбейді. Россельхознадзордың ресми веб-сайтында айтылғандай, «мұндай шешім беларуссиялық кәсіпорындар тарапынан Ресейге тауар жеткізуі барысында аляқтық схемасы анықталғандықтан, олардың жеткізуіне шектеу қойылды, ол тауарлар қазақстандық сатып алушыларға жөнелтіліп жатыр деген желеумен жеткізілген». «ДЕП» ЖШС-мен бірге тағы екі компанияға «Тайынша-Астық» ЖШС-не (Солтүстік Қазақстан облысы) және «Молпродукт» ЖШС-не (Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қ.) өнім жеткізуге тыйым салынған. «ДЕП» ЖШС өкілінің айтуынша, компания ешқандай алаяқтық схемасына қатыспаған және осыған байланысты тексерулер де жүргізілмеген.
Болат Палымбетов жақын арада бұл мәселені РФ Президенті жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Борис Титовпен талқылауға уәде берді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: