«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Атамекенмен» атқарылған жұмыс оң нәтиже беруде»

2018 жылғы 20 Маусым
3400 просмотров

Бұл туралы Астанада өткен «Заңның үстемдігі – Қазақстан экономикасының тұрақты дамуының кепілі» форумында ҚР Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов мәлімдеді. Шара «Атамекен» ҚР ҰКП V Съезіне орайластырылған бизнес-апталық аясында өтуде.

Форумға Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкілетті Болат Палымбетов, ҰКП Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Айгүл Сапарова, Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүдделерін қорғау бойынша уәкіл Дилмурод Касимов, сондай-ақ «Атамекен», мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысып отыр.

Олжас Бектеновтің сөзінше, екі жыл көлемінде «Атамекенмен» бірлесе өткізіліп келе жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кәсіпкерлер форумы бизнес пен қоғам тарапынан оң бағасын алды.

«Тек 2017 жылы бірлескен жұмыстың арқасында бизнес үшін аса маңызды 16 салада жемқорлық тәуекелдері бойынша маңызды талдау жүргізіліп, 800-ден астам ұсыныс әзірленді. Оның орындалуы екі кодекс, алты заң және басқа да нормативті-құқықтық актілерде көрініс тапты. Бұл кәсіпкерлікке қысым көрсетуді азайтуға мүмкіндік берді», – деді спикер.

Агенттіктің ақпаратынша, соңғы үш жылда кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуының 976 фактісі анықталып, бұл әрекеті үшін 389 лауазымды тұлға сотталған. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде 500-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды.

«Атамекен» және Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігінің бірлескен жұмысы бизнес-ахуалды жақсартуға мүмкіндік берді», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар, ол сыбайлас жемқорлық пен әкімшілік кедергілерді кәсіпкерлікті дамыту әлеуетін ашудағы басты мәселелер екеніне назар аударды.

«Қызметімізді жаңа форматта жүргізуіміз өте маңызды. Бұл орын алған өзгерістерге жылдам бейімделуге мүмкіндік береді. Жаңа заман талаптары мемлекет үшін де, бизнес үшін де өзекті», – деді Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары.

Қазіргі таңда кәсіпкерлік қызметті жүргізудің қолайлы шарттарын құру және инвесторлар мен кәсіпкерлердің мемлекеттік билік органдарына сенімділігін арттыру мақсатында Агенттік инвестициялар және даму министрлігі және сыртқы істер министрлігімен Protecting Business and Investments атты жобаны іске асыруды бастады.

Форум қорытындысы бойынша Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкілетті және Өзбекстан Кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүдделерін қорғау бойынша уәкілетті арасында кәсіпкерлер құқығын қорғау және екі елдің кәсіпкерлік қызмет саласындағы ақпарат алмасу бойынша өзара көмек көрсету туралы Келісімге қол қойылады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер