«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздарына 1 млн.теңге сыйақы беріледі

2018 жылғы 13 Маусым
- Қызылорда облысы
3907 просмотров

«Атамекен» ҰКП-ның ұйымдастыруымен өткізілетін Президенттің «Алтын сапа» сыйлығы өнiмнiң және/немесе көрсетілетін қызметтердiң сапасы саласында ұйымның елеулі нәтижелерге қол жеткiзгенi, олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз еткені, сондай-ақ ұйымның сапаны басқарудың тиiмдiлiгi жоғары әдiстерді енгiзгенi үшiн беріледі.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында «Алтын сапа» сыйлығына қатысуға талаптанып жүрген кәсіпкерлерге арналған семинарда «Атамекен» ҰКП конкурсты ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директор Салтанат Әбдікәрімова конкурстың ережелерімен жан-жақты түсіндірді.

«Конкурстың биылғы жаңалығы – «Алтын сапа» сыйлығы бойынша жаңа номинация пайда болды. Ол «Ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін өндіретін үздік кәсіпорын» аталымы. Бұл ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін үлкен мүмкіндік. Олардың өз жұмыстарын көрсетіп, нарықта өз орнын табуға жағдай жасалып отыр», - дейді Салтанат Әбдікәрімова.

Конкурсқа қатысушылар Комиссияға кемiнде үш жыл кезеңде шығарылатын өнiмнiң немесе көрсетiлетiн қызметтiң жоғары сапасын растауға тиiс.

Ұйымдар конкурсқа мынадай номинациялар бойынша қатысады:

      1) "Өндiрiстiк мақсаттағы үздiк кәсiпорын";

      2) "Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздiк кәсiпорын";

      3) "Қызметтер көрсететiн үздiк кәсiпорын";

      4)"Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын".

Әр номинацияда мынадай санаттар бойынша үш сыйлық беріледі:

      1) шағын кәсіпкерлік субъектісі;

      2) орта кәсіпкерлік субъектісі;

      3) ірі кәсіпкерлік субъектісі.

Сыйлықты белгілі бір номинацияда алғаннан кейін төрт жыл бойы оны алуға қайта ұсынуға жол берілмейді. Сыйлық лауреаты атағына ие болған конкурсқа қатысушыларға тиістi диплом, конкурстың эмблемасы және ақшалай сыйақы табыс етіледі.

Сыйақы көлемі биылғы жылға 1 млн.теңге.

Сыйлық лауреаттары атағына ие болған конкурсқа қатысушылардың тiзiмi бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және сыйлық берілгеннен кейін төрт жыл бойы сыйлық эмблемасын жарнамалық мақсатта пайдалану құқығын алады.

Конкурсқа қатысуға ниет білдірген тұлғалар 2018 жылғы                       1 шілдеге дейін Қызылорда қаласы, Әйтеке би 28 мекен-жайында орналасқан Кәсіпкерлер палатасына немесе www.altynsapa.kz сайтында электронды нұсқада Конкурсқа қатысушылардың материалдарын рәсiмдеу, ұсыну және алдын ала бағалау ережелерiне сәйкес өтінім мен материалдарды (есептерді) тапсыруы қажет.

Облыста конкурсқа жауапта маман – Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлдана Таңатова. Байланыс құралы: 8 /7242/ 40-09-81 /ішкі 4311/, электронды адресі g.tanatova@atameken.kz.   

Конкурстар бойынша толық ақпаратпен www.altynsapa.kz  сайтында танысуға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер