Тимур Құлыбаев: Кәсіпкер сотта қорғауды сезініп, әділ шешім табуы керек.
Заңның үстемдігі мен шешімдердің ашықтығы еліміздің сот жүйесінде басымдыққа ие болуы керек – бұл ең іргелі мәселелердің бірі деген ойды «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Қарағанды облысы Кәсіпкерлердің өңірлік кеңесі отырысында айтты
Тимур Құлыбаев бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды шешуде әдетте мемлекеттік орган пайдасына қарай болатын «бір жақты» шешімдерді жоюды көздейтін «Атамекен» мен Жоғарғы соттың бірлескен іс-шаралар жоспарын еске салды.
«Біз аталған практиканы тездету бойынша тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Кәсіпкер сот процестерінде қорғауды сезініп, әділ шешім табуы керек. Бүгінде «Атамекен» барлық құқықтық құрылымдармен тиімді байланыс орнатқан: Бас Прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен өзара белсенді жұмыс жүргізіледі. Ал құқықтық мемлекеттің мәртебесі адал жүргізілген сотпен өлшенеді. Заңда нигилизмнің болмауы – елдегі бизнес дамытуының іргетасы болып табылады. Жуық арада «Астана» халықаралық қаржы орталығында ағылшын құқығына негізделген дербес халықаралық қаржы соты іске қосылады. Бизнес өкілдері аталған қаржы сотынан көп үміт күтеді. Еліміздің бүкіл сот жүйесінде заңның үстемдігі мен шешімдердің ашықтығы басымдыққа ие болуы мақсатында сот практикасының оңтайлылығы кәсіпкерлер үшін маңызды», – деді Тимур Құлыбаев.
Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру туралы Заңға қол кою да маңызды қадам болды. Нәтижесінде қайталама және тиімсіздігі салдарынан 114 бақылау саласының 20-сы алынып тасталды, кәсіпкерлік субъектілерін тексеру бойынша 18 000 талап қысқартылды.
«Атамекен» Ұлттық палатасы Үкімет және Парламентпен тығыз байланыста, бизнес-ортаны айтарлықтай жақсарттық, мұны кәсіпкерлер сезінгеніне сенімдімін. Осы жұмыс жалғасын табады. Қазір ең бастысы мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың азаюынан бақылаусыздықтың қалыптасуына жол бермеу керек», – деді Тимур Құлыбаев.
Ұлттық палата басшысының пікірінше, бақылаусыздыққа жол бермеу бизнестің жауапкершілігін арттыру, өзін-өзі реттеу және салалық стандарттарды енгізу арқылы жүзеге асырылады. Осы мақсат үшін өңірлерде жергілікті жерде туындаған түрлі мәселені шеше алатын салалық қауымдастықтарды құру керек. Ең алдымен үш сала анықталды: құрылыс, агроөнеркәсіп кешені және сауда.
«Бизнес мемлекеттің артық бақылауынсыз қызметін өзі реттеуі үшін өзінің салалық стандарттарын дайындауы керек. Мысалы құрылысшылар қауымдастығын құрудың артықшылығы неде? Ол мемлекеттік тапсырыс ретінде қолдау алады, республикалық деңгейде мәселенің шешілуінде «Атамекеннің» қолдауына ие болады, мұнымен қоса тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін арттыра отырып, салалық стандарттарды қатаң сақтайды. Бұл саудаға да қатысты. Көпшілігі бұрындары санитарлық-эпидемиологиялық тексерудің себепті-себепсіз жүргізілетініне шағымданатын. Кәсіпкерлер бітпейтін тексеруден шаршаған еді, оларды бақылауды азайта отырып, барлық саладағы жағдайды түбегейлі өзгерттік. Бұл мәселені шештік, бірақ сапаны бақылау осал болмауы тиіс және оны бизнестің өз күшімен, қауымдастықтар мен стандарттар арқылы атқару керек. Дәл айтқанда, өңірлік қауымдастықтар арқылы, себебі дәл осы жергілікті жерде сапа мен қауіпсіздікті сақтауға тікелей ықпал етуге болады», – деді Тимур Құлыбаев.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: