Жетісудағы спорттық туризм: Эндуро бойынша ҚР Кубогы өтеді
Қазақстан біріншілігінің ақтық кезеңі Текеліде 23 маусым күні болады
Алматы облысында эндуро бойынша Қазақстан Республикасының Кубогы өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында чемпионаттың ақтық кезеңінің ұйымдастырушысы, Adventure Life қоғамдық ұйымының төрағасы Александр Артющенко мәлімдеді.
Эндуро бойынша Қазақстан Кубогы - мотоцикл және квадроциклдармен жолсыздықта жылдамдық, уақыт пен шыдамдылық сарапқа түсетін біркүндік жарыс. Біріншілік кез келген ауа райы жағдайында бірнеше айналмадан, тауға өрмелеу, таудан түсу, табиғи және қолдан жасалған кедергілерден өтуден тұрады.
Эндуро бойынша Қазақстан Республикасының Кубогы 4 кезеңнен тұрады. Алғашқы үш кезеңі Алматы және Қарағанды облыстарында өткізілді.
«Жарыстың ақтық кезеңі Текеліде 23 маусым күні өтеді. Бұған дейін эндуро бойынша өткізілген жолда болады. Жарыс күрделі жолсыздықта ұйымдастырылып, классикалық эндуро жолына сәйкес трамплиндерден, түрлі бұрылыстардан құралады. Чемпионатқа 100 мотоциклмен және квадроциклмен жарысушылар қатысады деп жоспарлап отырмыз», - деді Александр Артющенко.
Марапаттау 6 класс бойынша бірінші және үшінші орындарға дейін өтіп, жеңімпаздар супер жүлдеге ие болады. Олар - Juniormoto 50 класы – 5-9 жас аралығы; Juniormoto 65 – 9-12 жас аралығы; Эндуро әуесқойлары –13 жастан жоғары; Soft эндуро – 14 жастан жоғары; Hard эндуро - 14 жастан жоғары; ATV 4x2 15 жастан жоғары азаматтар қатыса алады.
«Эндуро - ең шыдамды және мықты адамдардың жарысы. Қанда адреналин артып, кез келген адамды қалжыратып жібереді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, сайыста чемпиондар да ежңіліп жатады. Сондықтан дене күші мен тыңғылықты дайындық аса маңызды», - деді жарысқа қатысушы Игорь Пустынский.
Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілі Әсел Көбентаеваның айтуынша, спорттың экстремалды түрі бойынша жарыстың өткізілуі өңірдегі спорттық туризм әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
«Өздеріңіз білетіндей, осыған дейін Алматы облысында параплан бойынша Әлем кубогы өтті, ендігі таңда эндуро бойынша Қазақстан Кубогы ұйымдастырылуда. Бұл өз кезегінде Жетісу жерінің туристік әлеуетін, соның ішінде спорттық туризмді дамытудың перспективасын көрсетуде. Аталмыш шараларды ел ішінде, халықаралық деңгейде көптеп насихаттауымыз қажет», - деді спикер.
Айта кетейік, Қазақстан Кубогының басты мақсаты - денешынықтыру мәдениеті мен спорттық туризмді насихаттау, мотоциклді спортты әуесқойлар арасында танымал ету, жастар қызығушылығын спорттың техникалық түрлеріне назар аудару.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: