Қазақстанның кеме қатынасы мәселесі күн тәртібінде
ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің алаңында су көлігі саласында көлік саясатын дамыту мәселесі жөніндегі жұмыс тобының «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлескен отырысы өтті
Іс-шара ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр мен «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазановтың жетекшілігімен өтті. Жиынға ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Ісшкі істер министрлігі төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті мен салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
«Күн тәртібіне бизнеспен бірлесіп талқылауды қажет ететін су көлігі саласындағы түйткілді мәселелер қойылды», - деді жиынды ашқан Роман Скляр.
Елдос Рамазанов Каспийге мұнайдың төгілу мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатқанын атап өтті.
«Дайын болуды қамтамасыз ету және мұнай төгілуін жоюда отандық жүйені жетілдіру қажет. 2015 жылы Иранның құрғақ жүк таситын кемесі Құрық портында тақырға отырған еді. Қазақстанның сүңгуірлері теңіз кемесінің корпусын қарағаннан кейін, құрғақ жүк таситын кеме жөндеуге келмейтінін анықтаған. Кеме иесі де, мемлекеттік органның өкілдері де материалдық мәселеге байланысты, сондай-ақ осындай оқиғаларға әрекет ету механизмі болмағандықтан құрғақ жүк тасу кемесін алып шығуға бастама көтермеді. Кемеден мұнайдың төгілуін жою, сондай-ақ мұнай төгілуін жою үшін қатыстырылған ұйымның шығынын өтеу бойынша да тиісті әрекет ету механизмі болмағандықтан осындай жағдай орын алып отыр», - деп мысал келтірді Елдос Рамазанов.
«KMG Systems&Services» ЖШС директоры Шерхан Сүгірбеков аталған мәселені шешуге мемлекеттік органдар мен теңізге және ішкі су қоймасына мұнай төгілуін жоюды қамтамасыз ететін ұйымның өзара қатынасындағы механизм жоқтығы ғана кедергі болып отырған жоқ дегенді алға тартты.
«Жоюда көмек көрсеткені үшін шығынды өтеу механизмінің жоқтығы да кедергі болып отыр», - деді Шерхан Сүгірбеков.
Ол мемлекеттік органдарды нормативті теңізде және ішкі су қоймаларына мұнайдың өгілуін ескерту және әрекет ету бойынша Ұлттық жоспарды жүзеге асыру аясында-құқықтық актілерді дайындау шараларын қабылдауға шақырды. Бүгінде қажетті материалдық жабдықталу тек Қашған кен орнында бар, осыған байланысты маман ҚР Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің мұнай төгілу жағдайына дайындығы әлсіз екенін, ал жабдықтауға мемлекет тарапынан ауқымды қаражат қажет екендігін атап өтті. Шерхан Сүгірбеков кеме иелері мен мұнай төгілген орынды тазалаумен айналысатын компаниялар арасында келісімшарт жасау қажеттігін атап өтті.
Кездесуде Құтқару-үйлестіру орталығын құру мәселесі де қаралды.
«Қазақстанның аумақтың суында шетелдік кемелер жасаған оқиғаларды ескере отырып, Құтқару-үйлестіру орталығын құру мәселесі орынды», - деп атап өтті «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлікшілері одағы бас директорының орынбасары Қанат Мұқышев.
Спикер бұл мәселені қазіргі таңда ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті пысықтап жатқанын атап өтті.
Жұмыс тобы сонымен қатар ЕАЭО аясында кеме қатынасы туралы келісімге қол қою рәсімін жеделдету мәселесін талқылады. «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС бас директорының орынбасары Алтынай Уәлиева хабарлағандай, кеме компаниялары бірнеше жылдан бері үкіметаралық деңгейде Кеме қатынасы туралы Келісімнің жасалуын күтіп отыр.
«Қазіргі таңда Ресейдің ішкі су жолдары арқылы транзиттік өтуде РФ мемлекеттік органдарымен келісу қажет. Бұл процедура ұзақ уақытты алады, шамамен 6 ай, кеме жүргізу компанияларына жүк тасу келісімшартын жасауға мүмкіндік бермейді.Аталған Келесім жобасы хабарлама негізінде РФ ішкі су жолдары арқылы өтуді қарастырады. Бұл Қазақстан кемелері үшін тасымалдау процедурасын сөзсіз жеңілдетеді», - деп атап өтті Алтынай Уәлиева.
Роман Скляр бұл келісімге қол қою мерзімі биыл Каспий жағалауындағы мемлекеттер басшыларының отырысы аясында тамыз айына белгіленіп отырғанын хабарлады.
Жиын барысында «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлікшілері одағы бас директорының орынбасары Қанат Мұқышев өзеннің Павлодар мен Омбыға (Ресей) дейінгі аралығында түпті тереңдету және арна тазарту жұмысын ұйымдастыру мәселесі де шешілмегенін айтты. Бұл барлық кезеңде 2000-3000 тонна жүк көтеретін кемелердің кедергісіз өтуіне ықпал етеді. 2015 жылы Ертіс өзенінде кеме қатынасын кеңейту жоспарын жүзеге асыру жұмысы басталған. Мұнымен қоса, 2016 жылы екі тарапта Мәскеудегі кездесуде түтйкілді мәселелермен бірлесіп айналысатын комиссия құру туралы шешімге келген.
«Қолда бар габаритпен 1000 тоннаға дейін жүк көтеретін тасымалдау жүргізіледі. Осыған байланысты ресейлік кемелер қажетті тереңдік жетіспегендіктен, Қазақстанның су жолдарына тек көктемгі су толған уақытта кіреді», - деді Қанат Мұқышев.
ҚР ИДМ Көлік комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев бірнеше қайраң бар, сондықтан навигацияның екінші жартысында кеме жолы габаритіне тереңдік бойынша да, енімен де шектеу қойылғанын хабарлады.
«Бұл шектеулер отандық баржаны жүк көтеру көлемінен 70%-ға тиеуге мәжбүрлейді. Кепілдендірілген тереңдік бар, Қазқастан тарапынан мәселе жоқ», - деді Әсет Асаубаев.
Роман Скляр ҚР ИДМ Көлік комитетіне осы мәселені жақын арада Ресей мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының көлік жөніндегі қосалқы комиссияның отырысына шығаруды тапсырды.
Жұмыс тобы кездесуінің қорытындысында министрлік «Атамекенмен» бірлесіп су көлігі саласындағы орын алған кедергілерді жою жұмысы жалғасатыны айтылды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: