«Атамекен» қазақ тілді бизнес-мәдениетті қалыптастыруды неліктен қолға алды?
Алматыда халықаралық PR-форум өтіп жатыр
Қазақ тілді контент қаншалықты танымал және мемлекеттік тілде PR-кампанияны қолға алған тиімді ме? Халықаралық PR-форумда қызу талқыға салынған тақырыптың бірі қазақ тілді коммуникацияның мәселесі болды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде қазақ тілінде сөйлейтін азаматтардың пайызы қарқынды өсу үстінде және 2030 жылға қарай 90%-ға жетеді. Жарнамалық копирайтерлердің сапасын жақсарту жөніндегі қоғамдық кеңес басшысы Земфира Ержанның пікірінше, бизнес қазақ тілінде ойлайтын аудиторияны назардан тыс қалдыра отырып, ауқымды ақша мен мүмкіндікті жоғалтады. Ол қазіргі жарнамада қазақ тілінде ұрансөз жоқ деп есептейді. Барлығы да орыс тілінен тікелей аударылады. Нәтижесінде жарнаманың мағынасы бұрмаланып, кейде тіпті әдепсіз мәнге ауысып кетеді. Мұндай жарнама аудиторияға жат.
«ForteBank» банкінде қазақ тілді аудиторияға бағытталған жарнамалық кампания қаншалықты тиімді екеніне көз жеткізді. Маркетинг жөніндегі директор Антон Кимнің айтуынша Вайнерлердің «Зың-зың» ролигі үшін банк 1,3 млрд теңге табыс тапқан. Халық ұсынылған несиені рәсімдеуге шұғыл кіріскен. Банк басшылығы клиенттерге көсретілетін қызметті қайта қарастырған. Қазақ тілді кассирлердің санын 33%-дан 50%-ға дейін өсірген.
«31 арна» бас директоры Бағдат Қожахметов телевизиялық жарнама нарығында айтарлықтар өзгеріс орын алып жатқанын атап өтті.
«Қазақ тілінде ойлайтын аудитория теледидардан ақпарат алғысы келеді. Жарнама беруші мұны сезеді. Соңғы жылдары телевизияда мемлекеттік тілдегі жарнама 70%-ға өсті. Дегенмен қазақ тілді аудиториямен байланыс сапасын әлі де жақсарту керек», – деп атап өтті арна басшысы.
Қазақ тіліндегі бизнес-коммуникация мәселесі ауыл-аймақтарда «Бастау» жобасын іске қосқанда Ұлттық кәсіпкерлер палатасында да туындады. Бұл жоба бүгінде 160 ауданды қамтыған. Су мен жол тартылмаған өңірлерге бизнес-жаттықтырушылар барып, кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, жеке іспен айналысуда толықтай сүйемелдеуді қолға алды. Бірақ ауыл тұрғындарына көмек беру оңайға соқпады. Қазақ тілді жаттықтырушылар аз, экономиалық ақпарат жоқ, терминдер де біркелкі емес.
«Атамекен» ауқымды жұмысты атқарды. Қазақ тілінде сабақ беретін 200-ден астам бизнес-жаттықтырушыларды дайындады. Тіл білімі институтымен бірлесіп экономикалық терминдерді стандарттау жұмысы жүргізілуде. Экономикалық мәдениеттің жаңа ұлттық моделі қалыптасып келеді. Қазақ тілді аудиторияның бизнес-ақпаратқа теңдей қол жеткізуін қамтамасыз ету керек», – дейді Ұлттық палата Төралқа Төрағасының кеңесшісі Айгүл Ахметқалиева.
Талқылауға қатысушылар қазақ тілді контентті дамытуға кедергі келтіретін бір жайт – аудиторияның барлығы да орыс тілін түсінеді деген ұғым қалыптасуы. Қазақ тіліндегі жарнама тек заңнамадағы талапты орындау үшін жасалады. Дегенмен статистика қазақ тілді контенттің өсу қарқыны жақсы екенін көрсетті, бұл лаудиторияның төлем қабілеттілігі де жоғары.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: