«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматы облысы Сарқан ауданының әкімідігі кәсіпкер жерін тартып алмақ болған

2018 жылғы 01 Маусым
- Жетісу облысы
5225 просмотров

Шенділер істің мән-жайын анықтамай шешім қабылдаған

Алматы облысы Сарқан ауданының әкімдігі «Сыровятский» шаруа қожалығының жер аумағын тартып алмақшы болған. Аталмыш мәселе облыстық Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында қаралды.

Надежда Сыровятскаяның сөзінше, шаруа қожалығының басшысы, күйеуі Александр Сыровятский 2018 жылдың 12 наурыз күні қайтыс болған. 2 сәуір күні қайтыс болғаны туралы куәлікті алған. 28 сәуір күні көктемгі егіс жұмыстарын бастау үшін жер учаскесіне барған кезде, жесір әйел ол жерді мүлдем басқа адамның игеріп жатқанын көреді.

 

«Сол кезде мұрагерлік туралы құжаттарды рәсімдемеген болатынбыз. Егістікке дайындық ретінде тұқым мен жанармай дайындалды. Трактор тауып, жерді өңдеп, тұқым себу қалған еді. Жерімізді өзге біреулер игеріп жатқан соң, бірден жер қатынастары басқармасына, кейін прокуратураға шағымдандық. Олар өз кезегінде бұның заңсыз екенін, біздің аумақта ешкімнің жұмыс істеуге құқығы жоқ екенін айтты. Учаскеміздің жалпы көлемі 38 га және оны 2051 жылға дейін жалға алғанбыз», – дейді Надежда Сыровятская.

 

Алайда жергілікті шенділер істі басқа арнаға бұрған. Шаруа қожалығы басшысының өлімінен кейін аудандық жер қатынастары бөлімі учаскені иесіз жер деп танып, үшіші тұлғаға уақытша жалға беру туралы қаулы шығарған.

«Олар бізге ресми шағымданған жоқ, туыстары туралы мәліметіміз жоқ. Оны анықтауға да құқығылы емеспіз. Жер кодексінің 101 бабы бойынша жер учаскесін 1 сәуірден бастап пайдаланулары керек. Бірақ бұл мерзімнен бастап қолданбады. Сондықтан да учаскені үшінші тұлғаға қызылша себу үшін беруді жоспарлаған болатынбыз», – деді Сарқан ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Есжанов.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшесі, Алматы облысы адвокаттар коллегиясының төрайымы Дәнипа Әділбекова Азаматтық кодекс бойынша мұра мұрагерлік ашылған уақыттан бастап алты ай мерзімінде тапсырылатынына назар аударды.

«Алты ай уақыт өтіп, барлық мұрагерлер анықталған соң ғана, сіз бұл мәселе бойынша белгілі бір әрекет қолдана аласыз. Біздің жағдайда ол кісі наурыз айында дүние салады да, бірден қаулы шығарылады. Бұл заңды деп ойлайсыз ба? Бөліміңізде заңгерлер бар ма?», – деп Дәнипа Әділбекова сұрақ қойды.

Бұл сауалға жер қатынастары бөлімінің басшысы былай деп жауап берді:

«Иә, бұл дұрыс емес. Бірақ біз жердің пайдаланылғанына қараймыз. Бұл суармалы жер. Сондықтан иесіз жер ретінде есепке алдық».

Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Думан Керімбаев осылайша мемлекеттік орган істің мән-жайын анықтамай, жерді уақытша пайдалану құқығын үшінші тұлғаларға беру туралы асығыс шешім қабылдағанын атап өтті.

«Жер қатынастары бөлімінің өкілі берген Сарқан ауданы әкімі қаулысының көшірмесіне сәйкес, Александр Сыровятскийдің қайтыс болуына байланысты 2018 жылдың 28 сәуірінен бастап учаске иесіз мүлік ретінде тіркеледі. Ал 16 мамырдан бастап жер иесіздігіне байланысты үшінші тұлғаға уақытша қолдануға беру туралы қаулыға қол қойылады. Бірақ, үшінші тұлға қаулы шықпай тұрып, бұл жерде 28 сәуірден бастап жұмыс істеп бастап кеткенін атап өткіп келеді», – дейді Палата сарапшысы.

 

Мемлекеттік органның негізсіз әрекетін облыстық жер қатынастары басшысының орынбасары Сәбит Сәдуақасов та айтты.

 

«Жер учаскесі иесіз ретінде мерзімі аяқталған жағдайда немесе жерді пайдалану туралы ерікті түрде бас тартқан кезде қойылады. Жер кодексінің 60 бабы бойынша, ерлi-зайыптыларға олар некеге тұрғанға дейiн тиесiлi болған, сондай-ақ олардың мұрагерлiк тәртiбiмен сыйға алған жер учаскелерi мен жер үлестерi олардың әрқайсысының меншiгiнде болады. Бұл жағдайда отбасы мүшелері есепке алынбаған. 43-9 бабына сәйкес жерді пайдалану туралы меншік құқығы мемлекеттік акт пен жердің шекарасы анықталған соң күшіне енеді. Бұл тұста өкілеттілігіңізді асырдыңыз», – деді Сәбит Сәдуақасов.

 

Екіжақты талқылаудан соң Сарқан ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы шаруа қожалығының жері иесіз мүлік себеінен алынып тасталынғанын жеткізді. 

«Тартып алу әрекеті екені айдан анық. Осылай ашық айтуымыз керек. Бұл кішкентай қала ішінде, бәрі бір-бірін білетін жерде болған. Қайткенменде, адами қарым-қатынас деген болу керек қой. Әрбір рет осылай шешім қабылданып отырса, ертең еңбек ететін адам қалмайды», – деді Кеңес мүшесі, ««Атамекен» Талдықорған кәсіпкерлер одағының қауымдастығы» ЗТБ президенті Қайрат Дүзгенбаев.

Отырыстың қорытындысы бойынша Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі аталмыш мәселе бойынша материалдарды Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қмыл департаментіне жолдап, заңбұзушылықтар анықталға жағдайда Әдеп кеңесінде қарастыру туралы ұсыныс қабылдады.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер