«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мемлекеттік сатып алу: мәселе техникалық сипаттамадан туындаған

2018 жылғы 30 Мамыр
- Ақмола облысы
5979 просмотров

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысында лауазымды тұлғалардың мемлекеттік сатып алулар саласында заңнама нормасын бұзу мәселелері қарастырылды

Заңнамада аталған саланың механизмдері үнемі жетілдіріліп отырғанына қарамастан, мемлекеттік сатып алулар процесіндегі мәселе өзгеріссіз.

Кеңес отырысында «СабДин» ЖШС өтінім қаралып, қызу талқыланды. Биыл 27 ақпанда «СабДин» ЖШС директоры Лейла Рахимова «Облыс әкімінің аппараты» ММ әскерге қабылданушыларды үш уақыт дайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету келісімшартын жасаған. Келісімшартта қосымша құн салығын қоспағандағы сома 3 млн теңге көрсетілген.

Тапсырыс беруші техникалық сипаттамада «... жеткізуші (ЖШС) 120 және одан да көп әскерге шақыртылғандарға әр айдың 3 күнінде үш уақыт ыстық тамақпен қамтамасыз етуі керек. Әскерге шақыртылғандардың жалпы саны – 3000 адамға дейін» деп көрсеткен.

Мұнымен қоса, қызмет тапсырыс берушінің кестесіне қарай жүргізілетіні айтылған. Шақырту кезеңіндегі тамақтандыру кестесін келісімшарт толтыру барысында беруі тиіс болған. Ал іс жүзінде екі ай өткен соң 23 сәуірде алған.

Жеткізуші мемлекеттік сатып алу сайтында көрсетілген техникалық сипаттаманы түсінген. Әскерге шақырту алғандар үшін бір айда үш күн ыстық тамақ дайындау керек. Кәсіпкер бағасын көрсеткен. Ал тамақтандыру күні кестеге қойылуы тиіс еді.

«2 ай бойы ешқандай кестесіз тамақтандырып келдім.Оның соңындағы қиындыққа кейін көзім жетті. Кестеге сәйкес күн сайын тамақтандыру керек. Бұл келісімшарттың талабын түбегейлі өзгертіп, жағдайды ушықтырды. Бұл тиімсіз әрі игере алмайтын жағдай», – деді кәсіпкер.

Жеткізуші мәселені шешуді немесе келісімшартты тараптардың келісімімен бұзуды қалады. Алайда мемлекеттік орган өтінімді назарға алмай, осы күнге дейін жазбаша жауап бермеген. Мұнымен қоса тапсырыс беруші Ақмола облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жеткізушіні мемлекеттік сатып алуларға жосықсыз қатысып отырғаны ретінде тану туралы талап арызын берген.

Әкім аппараты қаржы-шаруашылық бөлімінің басшысы Айжан Сақтағанованың айтуынша, жеткізуші техникалық сипаттаманы дұрыс түсінбеген. Бес жыл бойы басқа қатысушылар тарапынан бұл талапта мәселе туындамаған. Дегенмен заң қызметінің басшысы Валерия Григорьева әріптестерін қолдамай, былтыр осындай жағдай орын алып, әкімдік сотта жеңіп шыққанын айтты.

«Сот шешімімен басымдық көрсетуге болмайды. Біз мұнда осындай жағдайлардың енді қайталанбауы үшін бас қосып отырмыз. Мемлекеттік қызметкерлер осыны түсінуі керек», – деді Кеңес мүшесі, «Регистр» ЖШС директоры Арман Тұрлыбеков.

Кеңес отырсында пікір алмасу ұзаққа созылды. Қатысушылар техникалық сипаттама сауатты әрі нақты жазылғанда, кәсіпкер қиындыққа ұшырамас еді дегенді алға тартты. Нәтижесінде Ақмола облысы бойынша мемлекеттік ішкі аудит департаменті басшысының орынбасары Оспан Омаров техникалық сипаттама дұрыс жасалмағанын растады.

Мемлекеттік сатып алулар порталында «Құжаттамаға өзгерту енгізу» функциясы бар. Бұл айқын емес немесе нақты талап қоятын тапсырыс берушілерге  арналған.

«Осы мәселеге қатысты шағым көп түседі. Тапсырыс берушілер нақты техникалық сипаттаманы көрсетпейді, я болмаса, байқау процесінде белгілі бір фирмаларға ыңғайлап өзгерту енгізеді. Кәсіпкерлер байқауға қатысып, жеңіп, техникалық сипаттамада көрсетілгенді қатаң сақтай отырып қызмет көрсетеді, одан кейін мемлекеттік мекеме тарапынан қажетті соманы қайтара алмай жүреді», – дейді Өңірлік палата кәсіпкерлер құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Расул Сыздықов.

Палата кәсіпкердің құқығын соңына дейін қорғауға дайын. Бұл істі тек сот аяқтайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер