Қазақстан эспорттаушыларын қауіптен қалай қорғау керек?
Осы және өзге де мәселелер Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы жергілікті экспорттаушылар үшін арнайы ұйымдастырған семинар-жиналыста талқыланды. Шараның негізгі мақсаты – мемлекеттің экспортты қолдау құралдарын түсіндіру.
Семинарға Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ, «Қазақстан сыртқы сауда палатасының өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.
«Қазіргі таңда еліміздегі экспорттық әлеуетті дамытуға көп көңіл бөлініп отыр. Шикізаттық емес экспорттың көрсеткішін 2025 жылға қарай екі есеге ұлғайту көзделген. 2017 жылдың қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының сыртқы сауда айналымы 600 млн доллар болды, оның ішінде экспорт 160 млн доллар. Негізінен азық-түлік өнімдері – 85%, машина және жабдық - 7%, сонымен қатар металл және содан жасалған бұйымдар бар. Ресей, Ауғанстан, Өзбекстан елдеріне тасымалданады», - деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев.
Өңірлік палата бұл семинарды мемлекеттің экспортты қолдау құралдарын түсіндіру және кәсіпорындардың экспорт туралы хабардарлығын арттыру үшін ұйымдастырылғанын атап өтті. Бұл үшін «KazakhExport» компаниясының өкілдері арнайы шақырылды.
Экспорттаушыларда қандай мәселелер жиі туындайтыны туралы «KazakhExport» компаниясының өкілі баяндады.
«Көп жағдайда сатып алушы бағасы мен сапасын ұнатса да, келісімшарт жасай алмай жатады. Себебі жеткізу талаптарымен келісе алмауы ықтимал. Мысалы Ресейдегі сатып алушы бөліп төлеуді қаласа, экспорттаушы бұл талапты бірнеше себептермен орындай алмай жатады. Ең алдымен қауіп бар, екіншіден оның дебиторлық қарызы өсуі мүмкін. Бұл кассалық үзіліс пен айналымдағы қаражаттың жетіспеушілігіне алып келеді. Осындай мәселелерді шешеміз. Бұл үшін «KazakhExport» компаниясында қолдаудың 13 құралы жұмыс істейді. Ол сақтандыру және қаржылық құралдары. Біз экспорттаушыларға да, шетелдік сатып алушыларға да қаржы бере аламыз», - деп атап өтті «KazakhExport» АҚ Сақтандыру департаментінің директоры Қуаныш Мұқажанов.
Қазіргі таңда «KazakhExport» осындай семинарларды барлық өңірлерде өткізуде. Солтүстік Қазақстан облысы Ресей нарығына жақын орналасқандықтан бұл семинар маңызды.
«Осы өңірде «Молпродукт» ЖШС қолдау көрсетеміз. Петропавл ауыр машина жасау зауытына» айналым қаражатын алуға көмектестік. Қазіргі таңда «Радуга» ЖШС, «Атай СК» ЖШС ынтымақтастық орнаттық», - деді Қуаныш Мұқажанов.
Бүгінде компания алдында экспорттаушыларды қорғау ғана емес, қаржыландыру міндеті де қойылған. Өнім тізбесі ұлғайтылып, капитал да артқан.
Облыста 70-ке жуық экспорттаушы кәсіпорын бар. Олардың ішінде 30 компанияның өкілдері семинарға қатысты.
«KazakhExport» АҚ – елімізде экспорттық-несиелік агенттік қызметін атқаратын жалғыз арнайы сақтандыру ұйымы. Бұл компания экспорттаушы кәсіпорындарға және екінші деңгейлі банктерге сыртқы сауда операцияларында сақтандыру жасайды және экспорттық келісімдердің қауіпсіздігін кепілдендіреді.
Компанияның міндеті экономиканың басым бағыттарындағы шикізаттық емес тауарлар, жұмыс және қызмет экспортын арттыруды қолдау, қаржы-сақтандыру тәжірибесін қалыптастыру және отандық кәсіпорындарды қолдау. Компанияның жалғыз акционері «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингі» АҚ саналады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: