Тимур Құлыбаев: «Атамекен» жастардың бизнес-бастамаларын қолдайды
Жеке кәсіп ашуды көздеген отандық жоғары оқу орындарының түлектері қаржылық қолдау ала алады. Бұл туралы «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Атырау облысының Өңірлік кеңесі отырысында хабарлады.
Ұлттық палата басшысы 2019 жылдан бастап барлық орта мектептерде «Экономика және кәсіпкерлік негіздері» атты пән енгізілетінін айтты. Аталған пән оқушыларға іскерлік машықтарды үйретіп, болашақ мамандықты дұрыс таңдауға көмектеседі. Осындай жұмысты «Атамекен» жоғары оқу орындарына да енгізбек. Жеке кәсіп ашуды көздеген түлектерге «Атамекен» әдіснамалық және қаржылық қолдау көрсетуге дайын.
«Бүгінде жоғары оқу орындарында мамандарды дайындайды, алайда түлектерде жеке кәсіпті бастауға не бағдар, не құлшыныс жоқ. Ұлттық палата келешекке көз тастап, қазіргі кәсіпкерлікті дамытумен ғана шектелмеуі керек. Талапты, мақсаты айқын, бизнес-идеялары бар, белсенді жас, оқушы, студент, түлектер, өскелең ұрпақ дамуы үшін күш салуымыз керек. Жастар болашақта еліміздің орта класын қалыптастыруы үшін «Атамекен» оларға жеке кәсіп ашуға көмектесіп, тартымды бизнес-жобаларына қаражат құю мақсатында инвесторлар мен демеушілерді тартатын болады», – деді Тимур Құлыбаев.
Төралқа Төрағасы кәсіби-техникалық білім беру саласына маман дайындауда мемлекеттік тапсырысты бөлу жөніндегі комиссияға ірі бизнестің тікелей қатысуының маңыздылығына назар аударды. Миллиардтап бөлінген қаржыға қарамастан орта техникалық білім беру мекемелері түлектерінің біліктілігі нарық талабына әрдайым сай бола бермейді.
Қазіргі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігінің нормативті-құқықтық актілеріне өзгертулер енгізілуде, оған сәйкес кәсіби-техникалық білім беру мекемелері нақты мамандықтар мен мамандығына сай жұмысқа орналасқан түлектер саны бойынша есеп береді. Сұранысқа ие қандайда бір мамандық пен жұмысқа орналастыру бойынша нақты дәлелді база болуы тиіс.
«Былтыр еліміздегі кәсіпорындарда Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы сынақтан сәтті өтті. Биыл мамандарды қысқа мерзімде тәжірибелік оқыту кеңейтіліп, ауқымы ұлғайтылады. Заманауи талап негізінде 1,5 жылында мектептің бағдарламасы оқытылатын колледждерде мамандарды 3 жыл дайындаудың мәні жоқ», – деді «Атамекен» басшысы.
Тимур Құлыбаев Атырау облысының Өңірлік кеңесін мамандарды қысқа мерзімде дайындау бағдарламасына белсенді қатысуға шақырды, оның үстіне бұл шығын мемлекет тарапынан өтеледі.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: