Тимур Құлыбаев: Мақсатты бағытталған экологиялық төлем кәсіпкерлерге «жасыл» технологияларды енгізуге жол ашады
«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың геология, тау-кен, көмір өндіру және металлургия өнеркәсібі комитетінің төрағасы Николай Радостовецпен өткізген кездесуі табиғатты қорғау және өнеркәсіптің «жасыл» экономикаға өту мәселесіне арналды.
Николай Радостовецтің айтуынша, табиғатты қорғау заңнамасын жетілдіруде Комитет нақты нормалар мен олардың негіздемесі бар толық пакетті дайындап жатыр. Атап айтқанда, нормалар ҚР Экологиялық кодексі және «жасыл экономикаға» өту бойынша Тұжырымдамаға қатысты. Мәселен, Қауіпсіздік деңгейін анықтау әдіснамасы мен қалдықтарды кодтауды әзірлеу. Бұл шара заңнамадағы олқылықтарды жойып, қалдықтарды жіктеу процедурасында ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етеді. Бұған қоса қалдықтарды өңдеу өндірісін іске асыру бойынша қымбат жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туады, әрі қоқыс көлемі айтарлықтай азаяды.
Комитет төрағасының пікірінше экологиялық салықтар мен төлемдерді реформалау мәселесі тым өзекті. Қазіргі таңда құқық қолдану практикасы, өкінішке қарай экологиялық заңнаманы қоршаған ортаны қорғауға емес, бюджетті толықтыруға бағытталып отыр. Осылайша, салықтық қаражат қоршаған ортаны қалпына келтіру шараларына мақсатты жұмсалып отырған жоқ. Мәселен, Павлодар облысында табиғатты қорғау шараларына жалпы соманың 0,3%-ы ғана жұмсалса, Қарағанды облысында 3% ғана арналған.
Николай Радостовец халықаралық ұйымдар жасыл экономиканы қоршаған ортаның құлдырауы мәселелерін шешу, табиғи ресурстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмыспен қамту және бәсекеге қабілеттілікті арттырудағы стратегиялық әдіс ретінде қарастыратынын айтты. Ол Беларусь тәжірибесін мысалға келтірді. Бұл елде табиғатты қорғау шараларын экономикалық тұрғыдан ынталандыру механизмдері заңнамамен бекітілген. Яғни, табиғатты қалыпқа келтіруге кеткен шығын экологиялық салық есебінен өтеледі. Салық төлеушілер экологиялық салық сомасын тоқсан сайын құрылыс немесе қайта құруға, мысалы газ тазарту қондырғыларына, ақпасудан ластау заттарын жоюға арналған құрылғыларға, қалдықтарды сақтау, көму немесе зарарсыздандыру нысандарына және т.б. салынған инвестиция көлемінде азайтады.
Ресейде қоршаған ортаға келеңсіз әсер еткені үшін төленетін сомадан табиғатты қорғау шараларына нақты жүргізілген шығын сомасына шегерім қарастырылған. Мұнымен қоса кәсіпорындарға мемлекет тарапынан федералдық бюджет және РФ субъектілерінің бюджетінен бөлінетін салықтық жеңілдіктер, инвестициялық салық несиелерін беру арқылы қолдау көрсетіледі.
Еуроодақ, АҚШ, Жапония, Қытай секілді мемлекеттерде несие үздік қолжетімді технологияға көшіп жатқан, несие бойынша пайызды жартылай немесе толықтай өтеген кәсіпорындарға арнайы қорлар арқылы 1%-ден 6%-ға дейінгі мөлшерлемемен беріледі.
«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев тек табиғатты қорғау шараларына экологиялық төлемдерді мақсатты пайдалану механизмін дайындау қажеттілігімен келісті. Бұл кәсіпорындарға Қазақстанда бірте-бірте «жасыл» технологияны енгізуге мүмкіндік ашады. Ұлттық палата басшысы сонымен қатар отандық кәсіпорындар өз мәселесін шешуде жалғыз қалатынын және ЕАЭО мүшелерімен бәсекелестікті дамыту мүмкіндігі туралы айту айтарлықтай күрделі екенін атап өтті.
«Жасыл экономикаға өту үшін, ең алдымен, экономиканың барлық саласында энергиялық тиімділікті арттыру қажет. Жаңа өнеркәсіптік және ақпараттық инфрақұрылымның модернизациясы мен құрылысы, жаңғырмалы энергетика және экологиялық-қауіпсіз көлікті дамыту, қауіпсіз және сапалы азық-түлік пен су сұранысын қамтамасыз ету керек. Бұл техникалық тұрғыдан оңай емес, экономикалық тұрғыда шығыны көп және уақытты қажет етеді. Біз бәрібір «таза» экономикаға келеміз, бірақ біздің экономиканың нақты ахуалы мен мемлекет, бизнес субъектілері мен халықтың мүмкіндігін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асады», – деді Тимур Құлыбаев.
Төралқа Төрағасы энергиялық тиімділікті арттыру, таза технологиялар мен баламалы энергетиканы дамыту бойынша ғылыми негізделген міндеттердің дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламасы қажет екенін, бағдарламада әрбір кезеңдегі нақты мақсат, іс-шара, мерзім, жетістік механизмдері мен қаржыландыру көзі нақты ескерілетінін айтты.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы халықаралық тәжірибені бірлесіп талдауды және «жасыл» экономиканың озық мақсатты ұсынысы негізінде ұлттық экономиканың технологиялық әлеуетін нығайту бойынша экологиялық «жасыл» қағидаттар негізінде қызмет атқаруын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін шаралар жүйесін дайындау үшін ҚР энергетика министрлігіне жүгінуді тапсырды.
Ұлттық жоспардың тиімді жүзеге асырылуының нәтижесінде ұлттық экономиканың «жасыл» экономика қағидаттарын енгізуіне жол ашылып, тұрақты даму мақсатына жетуге негізделген кезеңдік трансформациялану орын алады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: