«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астанада «Алтын сапа» байқауына қатысушыларға арналған семинар ұйымдастырылды

2018 жылғы 22 Мамыр
2392 просмотров

Елордада Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иеленуге және лауреаттардың атағын беруге арналған байқауға қатысушылар мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысушыларға арналған семинар басталды. Семинар республика көлемінде ұйымдастырылады, ең бірінші болып Астанада өткізілуде.

Семинар барысында республикалық байқауды ұйымдастыру бойынша басқарушы директор Салтанат Әбдікәрімова «Алтын сапа» сыйлығын иелену байқауы мен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының өткізілу ережелері жайлы түсіндірді.

Еске салсақ, «Алтын сапа» байқауы 4 кезеңнен тұрады, 1-кезең: байқауға қатысу өтінімін қабылдау және материалдарды алдын ала бағалау; 2-кезең: сарапшылар тобының материалды қарауы. Байқаудың 3-кезеңіне қатысатындарды анықтау (4 аталымдағы 3 санат бойынша 3 үміткерден және  арнайы сыйлыққа 2 үміткерден); 3-кезең: сарапшылар тобы кәсіпорындарды аралай отырып финалистерді іріктейді; 4-кезең: Комиссия берілген материалдар негізінде жеңімпаздарды анықтайды.

ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы жыл сайын өнім және/немесе қызмет сапасы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ сапа бақылауында тиімділігі жоғары тәсілдерді енгізуді ұйымдастыру саласында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген мекемелерге табысталады.

Салтанат Әбдікәрімованың айтуынша, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы биыл төрт кезеңнен тұрады.

«Биыл байқауда бірінші рет онлайн дауыс беру қолданылады», – деді басқарушы директор Салтанат Әбдікәрімова.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының негізгі мақсаты – жеке және заңды тұлғалардың отандық өнім сапасын арттыруға бағытталған қызметін жандандыру, Қазақстан нарығын сапасы жоғары, бәсекеге қабілетті өніммен толтыруға ықпал ету, отандық және халықаралық стандарттар негізінде басқару және сапаны қамтамасыз етудің заманауи әдістерін кеңінен енгізуге көмектесу, өнеркәсіптік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдардың назарын халық арасында сапа идеясын танымал етуге қажеттілігіне аудару.

Бүгінде Елордада 40-тан астам кәсіпорын Мемлекет басшысының «Алтын сапа» сыйлығын иелену байқауына және «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысуға ниет білдірген.

Толық құжаттамамен өтінім қабылдау 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.

Ақпарат алу үшін +7 (7172) 919-083 нөміріне хабарласуға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер