Ақтөбеде «Сұйық құрт» өнімі шығарылады
Ақтөбедегі «Молочные истории» сүт зауыты жаңа «Сұйық құрт» өнімін шығара бастады. «Атамекен» ӨКП қызметкерлері Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы мамандарымен бірігіп, жаңа өнімге «СT-KZ» сертификатын беру үшін тексеру жұмыстарын жүргізіп қайтты.
«Сұйық құрт» ұлттық тағамымыздың бірі езілген құрт әдісімен дайындалады. Алайда, өндірісте шығарылатын өнім арнайы технологиялық талаптармен жасалынады. Алдымен, қаймағы алынбаған таза сүтті зиянды микрооргонизмдерден залалсыздандыру мақсатында пастеризациядан өткізеді. Ол үшін сүт 93+/-2°С температурада қыздырылып, бірден суытылады. Залалсыздандырылған сүт арнайы сепараторлардан өткізіліп, 35-45°С –та ұйытылады. Іріткі 4 сағат ашыған соң, сүзіліп, 10°С суытылады. Алынған қою қатыққа белгіленген мөлшерде тұз қосылып, құрт жасалады. Дайын құрт кептіру шкафында 50-55°С кептіріледі. Содан соң құртқа 60 °С су қосып, езеді. Езілген құрт арнайы ПЭТ-бөтелкелерге құйылып, таңбаланып, сақтау орындарына жіберіледі.
«Молочные истории» сүт зауытының мамандарының айтуынша, осы технология рет-ретімен жасалмаса, бала күнімізден таныс езілген құрттың дәмі бұзылады екен. Әуелгі уақытта құртты кептірмей-ақ, сұйық құртты сүзбеден жасап көріпті, алайда ұлттық сусынның дәмі ойдағыдай болмапты. Сондықтан, мамандар езілген құртты дәстүрлі әдіспен дайындайды. Мұндай әдіспен дайындалған құрт шөлді басады әрі құнарлы тағам ретінде пайдаланылады.
«Молочные истории» сүт зауытының басшылығы жаңа өнімді тапсырыспен республиканың бірнеше өңірлеріне, сонымен қатар шетелге де шығаруды жоспарлап отыр. Ол үшін өнімнің арнайы сәйкестік сертификаты болу керек.
«СT-KZ» үлгісіндегі сертификаттар ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің 2015 жылы 24 ақпанда №155 бұйрығымен бекітілген Тауар шығарылған елді анықтау, тауар шығарылған жер туралы сертификатты беру және оның жарамдылық мерзімін жою бойынша ереже негізінде Өңірлік кәсіпкерлер палатасында беріледі. Ол үшін Кәсіпкерлік палата мамандары өндірістік базада болып, өнімнің шығарылу технологиясының халықаралық стандарттарға сәйкестігін тексереді.
«Молочные истории» сүт зауытының басшылығының өтінішімен «Сұйық құрттың» шығарылу технологиясын тексеріп қайтқан ӨКП сарапшылары өнімнің барлық технологиялық талаптарға сай шығарылғанына көз жеткізіп, сәйкестік сертификатын беруді ұйғарды. Енді аталған өнімнің дәмімен жерлестерімізбен қатар, шетелдік азаматтар да сусындай алады.
«СT-KZ» сертификатын алуға ниет білдірген кәсіпкерлер Ақтөбе облысының "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының 8 (7132) 744-604 (ішкі н. 1513, 1599) телефон нөміріне хабарласуына болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: