Қызмет көрсету сапасын арттырудың испаниялық әдісі
«Атамекен» алаңында испаниялық «Q» жүйесінің негізінде туристік өнімдер мен қызметтерге ерікті сапа белгісін енгізу мәселесі талқыланды
Іс-шараға «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев, ICTE (The Institute for spanish tourism quality – Испанияның туристік сапа институты) өкілдері, сонымен қатар Қазақстан туристік саласының өкілдері қатысты.
«Бүгін «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының Испанияның туристік сапа институты өкілдерін Қазақстанға жұмыс сапарымен шақыруына орай бас қосып отырмыз. Бұл институт туристік саланы дамытудың құралдарын дайындаумен айналысады. Сол құралдардың бірі – туристік нысандар мен субъектілерге арналған «Q» сапа стандарты. Институт ұсынып отырған жоба туризм индустриясындағы қызмет көрсетуді жақсартуға арналған. «Kazakh Tourism» ұсынысымен бұл жүйе Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысына пилоттық режимде енгізіледі». – деп атап өтті Юлия Якупбаева.
Испаниядағы аталған мекеменің құрылуы мен дамуы туралы ICTE агенттігінің атқарушы директоры Фрайле Фернандо баяндады.
«Қазіргі таңда Испания турист қабылдауда 2-орында және туризмнен түсетін пайда бойынша да 2-орынды иеленеді. Сонымен қатар Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшыларының бағалауынша Испания туризм саласындағы ең бәсекеге қабілетті ел. Испанияға жылына шамамен 82 млн турист келеді. Мұндай көрсеткішке жету үшін көп күш салдық. Қызмет көрсетуді жақсарту үшін жалпы әлемдік сапаны стандарттау бойынша институт құруға 18 жыл бұрын бастама көтердік. Егер институт құратын кезде оның құрамында 15-20 кәсіби бірлестік болса, бүгінде мүшелер саны 100 ұйымға дейін артты. Испанияның туристік сапа институты – UNWTO-ның толық мүшесі, көпшілік мойындаған әлемдік қызмет көрсету стандартын таратып келеді», – деп таныстырды ICTE атқарушы директоры.
Оның айтуынша, Испаниядағы барлық туристік нысандар үшін ең төменгі міндетті талаптар қойылады. Егер компания нарықта бәсекеге қабілетті болғысы келсе, ол өз еркімен сертификаттау процедурасынан өтіп, «Q» сапа белгісін алады. Сертификаттаудан сәтті өткен кәсіпорындар өздерінің сапа деңгейін жыл сайын дәлелдейді.
Институт өкілдерінің айтуынша, ең бастысы – «Q» сапа белгісін иемдену емес, сертификаттау процедурасынан өту, кәсіпорынның қызмет көрсету сапасын жақсарту, сондай-ақ бизнес-процестерді жетілдіру.
«Испанияда туризм 40 жыл бойы эволюциямен дамыды. Испания туризмге басымдық бергенде Жерорта теңізіндегі барлық аумақ бос болмады. Испанияны мықты бәсекелестер қоршап тұрған. Біздің алдымызда таңдау тұрды – сапа мен бағаға ден қою керек. Егер бағаға назар салсақ, міндетті түрде төмен баға ұсынатын бәсекелес әрдайым табылады. Сондықтан біз қызмет көрсету сапасына басымдық бердік. Сонымен қатар біздің институт консультативтік қызмет көрсетпейді, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде құрылғанын түсінген абзал. Негізгі жұмыс туристік қызметті, тауарларды дамытуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған», – деп баяндады ICTE агенттігінің техникалық аға менеджері Кадиз Марикруз.
Сонымен қатар институт өкілдері Қазақстан даму жолын енді бастағанын атап өтті. Олар елімізде көрсетілетін қызметтің сапасына басымдық беруді ұсынды. Бұл ең алдымен оң имидж қалыптастыруға әсер етеді. Испаниялық сарапшылардың пікіріне сүйенсек, туристік қызметтерге төмен баға қою – қызмет көрсету сапасы төмен арзан елдің сипатын береді. Қырғызстанды мысалға келтірген қонақтар оның Қазақстанға қарағанда әлдеқайда арзан туристік пакет ұсынатындығын, қызмет көрсету сапасы туристер күтетіндей жоғары еместігін атап өтті.
Жиынға қатысушылар испаниялық сапа белгісін енгізу және алу процесіне қатысты сауалдар қойды. Институт өкілдері әрбір кәсіпорынға жеке қарау талап етілетінін айтты. Ең алдымен нысан түгелдей тексеріліп, әлсіз тұстары анықталады. Одан кейін кәсіпорын қызметіндегі әлсіз аспектілерді жоюға, сапасын арттыруға мүмкіндік беретін әдістеме қолданылады. Сапа белгісін алғаннан кейін жыл сайын дәлелдеп отыру керек.
Өз кезегінде Юлия Якупбаева Қазақстанда осындай стандарттарды енгізу үшін, сондай-ақ бизнеске қосымша ауыртпалық салмас үшін кәсіпкерлерді ынталандыру әдістері мен мемлекеттік қолдау шараларын дайындау қажет екенін атап өтті. Мысал ретінде медициналық саладағы тәжірибені атап өтті. Дәрі мен медициналық жабдық сатып алуға келісімшарт жасағанда негізінде GNP халықаралық стандартына сай келетін кәсіпорындарға басымдық беріледі.
Сонымен қатар сапа белгісін иелену процесі мен қызмет құнына қатысты мәселе де көтерілді. Испаниялық сарапшылар баға ұсынысы мен қызмет тізімі Қазақстанның өтініміне сәйкес дайындалады және дамытуға бағытталатынын атап өтті. Қазақстанда 20-дан астам саланы бағалау мүмкіндігі бар. Алайда ICTE өкілдері бастапқы кезеңде 2-3 салаға ерекше назар аударуға кеңес берді.
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиевтің айтуынша Қазақстанда осыған ұқсас институт құру жоспарланып отыр. Аталған институттың құрылтайшысы, идея авторы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен «Атамекен» ҚР ҰКП болуы мүмкін. Осылайша, аталған жобаны жүзеге асыру аясында Испанияның тәжірибесін толықтай қабылдап, Қазақстан туристік нарығының ерекшелігіне қарай бейімдеу жоспарланған.
«Негізінен, Марикруз ханым айтқан ең төменгі талаптар – сертификаттау орталықтары мен институттары дайындап отырған стандарттар. Ұсынылып отырған испаниялық «Q» белгісін көрсетілетін қызметтің сапа стандарты ретінде қарастыруға болады. Себебі осы белгіні алу кезінде компания ішкі процестерін басқаруды жетілдіреді. Өз кезегінде, біз Ұлттық палата ретінде Қытайдың ААААА жүйесінің баламасы бойынша туристік нысандардың инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі бойынша рейтингісін енгізуді ұсынамыз. Жалпы туристік саланы толықтай қамтитын бағалау жүйесін аламыз», – деді Юлия Якупбаева.
Қатысушыларды «Туризмді дамытуда Испанияның 5 қателігі» атауы ерекше қызықтырды. Делегация құрамындағы Ф. Файленің айтуынша, Испанияның басты қателігі – дамуда саланың жаһандығы мен әлеуетін назарға алмаған. Мемлекетте туристік әкімшілік мәселені тереңінен түсінуге көп уақыт жұмсаған, бұл дамудың бас кезінде кері әсерін тигізген. Екінші қателік ретінде жаппай әрі бақылаусыз құрылыс жүргізу аталды, бұл ірі туристік аймақтардағы қоршаған ортаға әсер еткен. Испанияның келесі қателігі ретінде турист пен көрсетілетін қызмет сапасына қарағанда, туристер саны мен статистиканы арттыруға басымдың берілуі көрсетілді. Төртіншіден – туризмді дамытудың бастапқы кезеңінде мемлекеттік органдардың нарық қатысушыларымен байланыс орнату әлсіздігі. Институттың атқарушы директоры бесінші қателік деп Испанияның өңірлерінде осы саланы дамытудың жүйеленген тәсілінің болмауын атап көрсетті. Оның айтуынша, Испанияда туризмді дамыту үшін 17 өңірде 17 түрлі заң қабылданған. Бұл туризмді мемлекеттік деңгейде дамытуды жоспарлауда кері әсер еткен.
Жиынды қорытындылай келе, Тимур Дүйсенғалиев испаниялық сапа белгісін енгізу бойынша пилоттық жоба Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысында ерікті негізде жүзеге асырылатынын атап өтті. «Kazakh Tourism» өкілінің айтуынша, өзге өңірлер пилоттық жобаға өз еріктерімен қатысуына болады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: