Атыраулықтар Қытайға турист ретінде шақырту алды
Атыраудағы туристік фирма өкілдері Қытай делегациясымен кездесті
Қытай өкілдері атыраулықтардың өз еліне турист ретінде шақыруға қызығушылық танытты. Бұл туралы жергілікті туристік фирмалардың өкілдерімен кездесу барысында Санья қаласындағы Туризмді дамыту және қызмет көрсету орталығының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Ши Яанан хабарлады.
Санья қаласы – Хайнань аралындағы басты туристік орталық. Туристік инфрақұрылымы керемет дамыған, экологиясы таза және тропикалық климаты жыл бойы демалуға мүмкіндік береді.
«Атырауға алғаш рет келіп отырмыз. Мақсатымыз – табиғи ресрсы бай, климаты жайлы, көрікті жерлері мол қаламыз туралы ақпарат беру. Туристеріңізді шақырып қана қоймай, біздің азаматтарымыз да саяхаттау үшін Атырау өңірінің әлеуетімен танысу» - деп атап өтті Ши Яанан.
Өз кезегінде Атырау облысы Кәсіпкерлік және индустриялы-инновациялық даму басқармасы Туризм бөлімінің басшысы Ерлан Қазбеков өңірде әлемнің 50 мемлекетімен ынтымақтастық орнатылып, облыста шет елдің қатысуымен мыңнан аса компания сәтті жұмыс жүргізіп отырғанын айтты.
«Атырау өнеркәсіптік өңір, климаты қатал, туристік нысаны да шектеулі. Осыған қарамастан облысқа жыл сайын 100 мыңнан аса турист келеді. Бұл ең алдымен ТМД, Еуропалық одақ, Үндістан және Қытай елдерінің азаматтары. Облыста мәдени-танымдық, спорттық, этнографиялық, экологиялық және сауықтыру туризмінің барлық алғышарты бар. Қала қонақтарын агроөнеркәсіп кешенінің нысандары қызықтырады. Жергілікті атқарушы органдар өңірде жаңа өндіріс орнын ашқысы келетін инвесторларды іздестіруде белсенді жұмыс атқарып келеді», - деп атап өтті мемлекеттік орган өкілі.
Кездесуді ұйымдастырушылар Санья қаласының туристік әлеуетін таныстырып, сауалдарға жауап берді. Қытай тарапы қызығушылық танытқандар үшін ақпараттық тур ұйымдастыра алатындықтарын да жасырмады. Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы екі тараптың ынтымақтастығына көмектесуге дайын екендігін білдірді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: