Алматы облысында МЖӘ бойынша қанша жоба іске асырылды?
Кәсіпкерлерге көшені жарықтандыру жобалары ұсынылуда
Алматы облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) саласына енгізілген өзгертулер бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» Заңында мақұлданған өзгертулер мен толықтырулар МЖӘ жобаларын жоспарлаудың бірқатар үрдістерін оңтайландырған.
Мысалы, МЖӘ жобаларын жоспарлау үрдісінің мерзімі 5 кезеңнен 3 кезеңге дейін қысқарған. Яғни, инвестициялық ұсынысқа сараптама жүргізу, конкурсты өткізу мен келісім-шартты әзірлеу кезеңдері қарастырылған.
Осылайша жобаның тұжырымдамасы мен келісім-шарт жобасын сараптамадан өткізу қажеттілігі алынып тасталынды. Егер бұрын МЖӘ жобаларын дайындауға жартыжылдан астам уақыт кететін болса, қазір бұл мерзім 3 айға дейін қысқарды және тұжырымдаманың орнына бизнес-жоспар әзірленеді.
Қосымша сараптамалар жүргізу болмайды. Себебі, «Бағдарламалық МЖӘ» енгізілген соң жеке серіктесті таңдау үрдісін стандартталған МЖӘ жобалары бойынша жеңілдетілген формада толтыруға болады.
Заңның тағы бір айтулы жаңалығы - МЖӘ бойынша тауар, қызмет пен қызмет көрсетуді пайдалануға берілетін 3 жылдан кем емес кепілдік мерзімі туралы бөлім заңға енді.
Сонымен бірге ұзақмерзімді мемлекеттік міндеттемелерді орындау бойынша кепілдік үшін МЖӘ жобаларын міндетті қазынашылық тіркеуден өткізуге бағытталған әлеуетті жеке әріптестер тізілімін әзірлеуді алынып тастайтын түзету енгізілді. Жобаларды іске асыру барысында валюталық қауіп-қатерді реттеу механизмдері жетілдірілді.
Бұл өзгертулердің барлығы мемлекет пен жеке сектор арасындағы әріптестіктің дамытуына тың серпін береді, дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының басшысы Нариман Әбілшайықов.
Жалпы 2016-2019 жылдары Алматы облысында жалпы сомасы 220,5 млрд теңге болатын 41 жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Қазіргі таңда оның ішінде құны 8,7 млрд теңге болатын 12 жоба жүзеге асырылды. Жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы мен білім беру саласына байланысты.
Өткен жылы құны 6,6 млрд теңге болатын 4 жоба іске асырылды. МЖӘ бойынша Қарасай ауданының Қаскелең қаласында медициналық лаборатория ашылды, сенімді басқаруға автотранспорт шаруашылығы, блок-модульді қосалқы станциялар құрылысы мен іске қосу, медициналық мамандар мен жедел жәрдем жүргізушілеріннің кәсіби біліктілігін арттыру мен процесстерді автоматтандыру берілді, медициналық ақпараттық жүйе кешені құрастырылды, және Қарасай ауданында 150 орынға балалар бақшасы салынды.
«2017 жылы біздің сүйемелдеуімізбен екі жоба қолдау тапты. Қарасай ауданында «Олимп» лабораториясы ашылды. Қазіргі таңда Текелі қаласындағы қоғамдық бассейннің аумағын модернизациялау мен көріктендіру жобасын іске асыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда аудан және қала әкімдіктеріне стандартталған және мүмкіндіктері зор МЖӘ бойынша 7 жоба ұсынылды», - дейді Нариман Әбілшайықов.
Жалпы, Өңірлік кәсіпкерлер палатасы тарапынан көшені жарықтандыруды жүйесін жаңғырту бойынша жобаларға кәсіпкерлерді тарту жұмысары жалғасуда.
Жалпы Алматы облысы бойынша болжамдалатын МЖӘ жобаларының портфелі құны 211,8 млрд теңге болатын 29 жобаны құрап отыр.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: