Тимур Құлыбаев: Азық-түлік саудасын тікелей өндірушіден жүзеге асыру керек
«Атамекен» басшысы азық-түлік саудасында делдалдарды алып тастап, өнімді тікелей өндірушіден алуды жолға қоюды және бұл істі Астанадан бастауды ұсынды.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әкімдікпен бірлесіп, Ақмола облысында Астана нарығына тікелей шығатын көтерме-бөлшек сауда орталықтарын құру мәселесін пысықтауға дайын.
Бұл туралы «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Ақмола облысы Өңірлік кеңесінің отырысында хабарлады.
«Жергілікті өндірушілердің мақсатты нарығы бар, ол – Астана. «Атамекен» әкімдікпен бірлесіп, өндірушіден тұтынушыға тікелей жеткізуді жолға қоюды, облыс аумағында ауыл шаруашылығының барлық өнімі сұрыпталып, елорда нарығына жеткізілетін көтерме-бөлшек сауда орталығын құру мәселесін пысықтауды ұсынады. Осылайша, Астанамен көршілес жатқан облыстағы өндірушілерге азық-түлік тауарларын делдалсыз, тікелей өткізуге көмектесеміз, бұл тауар бағасын арзандатуға мүмкіндік береді», – деді Тимур Құлыбаев.
Ұлттық палата басшысы ең алдымен ел ішінен инвесторларды тарта отырып көтерме-бөлшек орталығын құру мәселесін шешуді ұсынды.
«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қаржыландырумен көмектесуге дайын. Бұл дамыту институттары немесе біздің отандық инвесторлар болуы мүмкін. Біз өзге өңірлердегі бизнесмендерге Ақмола облысы аумағында жобаны жүзеге асыруға қатысуды ұсынамыз. Мұндай жұмысты «Атамекен» әкімдікпен бірлесіп өткізуге дайын», – деді Тимур Құлыбаев.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту – өңірдегі басым бағыттардың бірі. Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы 93 ауыл шаруашылығы кооперативін, оның ішінде 6 сүт зауыты мен 15 сүт қабылдайтын бекетін құруды қолдады.
«Бастау» жобасы арқылы 900 тұрғын бизнес негіздерін оқыды, оның ішінде 260 қатысушы жеке кәсібін ашты. Жобалардың басым көпшілігі ауыл шаруашлығы, қызмет көрсету, құрылыс материалдарының өндірісі салаларына арналған.
«Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту идеясы – өте дұрыс және бұл Мемлекет басшысынан қолдау тапқан бағыт. «Бастау» қатысушыларына тиімді шарттар бойынша төмен пайызбен несие берілуі де маңызды. Биыл шағын несиелеуге қаржы екі есе көп бөлінбек. Өз кезегінде «Атамекен» оқыту бағытына ғана емес, жобаларды сүйемелдеуге де көңіл бөледі. Қатысушыларға бизнес-жобаларын анағұрлым тиімді жүзеге асыруға көмектеседі», – деді Ұлттық палата басшысы.
Сонымен қатар жиында кәсіпорындарға маман дайындау мәселесі көтерілді. «Атамекен» өкілдері бұл үдеріске бизнес белсенді қатысып, қызығушылық танытуы керек деп санайды.
«Өңірлік мамандарға деген сұранысын тапсырысқа сай реттеу мақсатында оқу орындарына мемлекеттік тапсырысты бөлу бойынша комиссия құрамында бизнес өкілдері болуы шарт. Мәселен, бұл облыс ауыл шаруашылығына қолайлы. Осы салада жұмыс істейтін бизнес кілдері өндіріске қандай мамандар қажет екенін айта алады. Әкімдікті осы мәселені Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп шешуді сұраймын», – деді Тимур Құлыбаев.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: