«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Аспаз – мәңгілік мамандық

2018 жылғы 11 Сәуір
- Ақтөбе облысы
4950 просмотров

Ақтөбеде өтіп жатқан WorldSkills чемпионатының «Аспаз ісі» құзыреттілігі бойынша іріктеу кезеңі «Мейрамхана ісі және қонақүй бизнесі қауымдастығының» базасы саналатын «Зере» мейрамханасында өткізілді. Байқауға облыс бойынша 8 колледждің студенттерінен құралған командалар қатысты. Олар қазақша салат, теңіз өнімдері тағамы, ет және пудинг әзірлеуі тиіс болды.

 «Бүгінгі байқау мен үшін аспаз өнерінің қыр-сырын үйренуге арналған шеберлік сабағы сынды. Байқау шарттарына сай біз тағамдарды халықаралық стандарттарға сай әзірледік. Бұл жағынан біздің үйренеріміз көп екен»,-деді Ақтөбе облысының Қобда ауданының көпсалалық колледжінің студенті Максим Гладков.

Қазылар алқасы олардың ас әзірлеу шеберлігімен қатар, тағам өнімдерін дұрыс пайдалануы, даярлау технологиясы, тазалық шарттарын сақтауы,  безендіруіне аса мән берді. Байқаудың аспаз мамандарын сынайтын бөліміне бас сарапшы ретінде Алматыдағы «KHAMA PARK» мейрамханасының құрылтайшысы Серікхан Әділханов арнайы шақыртылған.

«Ақтөбенің байқауға дайындығы ұнады. Сайыс өткізілетін алаң барлық стандарттарға сай келеді. Жас аспаздарды тағам дайындау технологиясын қатаң сақтауымен қатар, олардың тағамды шығармашылықпен әзірлеуін бағалаймын. Ақтөбелік студенттердің деңгейі жақсы. Жалпы, бұл саланы таңдаған жастарға мүмкіндік мол. Тағамды жақсы даярлайтын аспазға әрқашан сұраныс болады»,-дейді ол.

Сондай-ақ, байқауға қаламызға белгілі ірі мейрамханалардың бас аспаздары қазылық етті. Жас аспаздардың жарысын Ақтөбе техника-технологиялық колледжді ұйымдастырды. Колледж оқытушыларының айтуынша, мұндай сайыстар дуалды оқыту бағдарламасын дамытуға және қызмет көрсету сапасының жоғарылауына ықпал етеді. Байқаудың жеңімпаздары 13 сәуір күні өтетін шараның жабылу салтанатында жарияланады.

Айтып өтсек, «Worldskills Казақстан» жобасы биыл төртінші рет жалпыұлттық чемпионат ретінде өтуде. Бұл шара еңбек адамының мәртебесін арттыру, кәсіптік-техникалық білім беру саласына көңіл бөлу, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, шеберлік дағдыларын дамыту мақсатында ұйымдастырылған.

Аймақтық жарыстың жеңімпаздары Астана қаласында өтетін Ұлттық чемпионатқа қатысады. Ал ұлттық чемпионаттың жеңімпаздары осы жылдың қыркүйек айында  Венгрияның Будапешт қаласында өтетін ЕвроSkills әлемдік чемпионатында Қазақстан құрамасын таныстыратын болады.

Биылғы жылы чемпионат «Аспаздық ісі», «Дәнекерлеуші», «Киім дизайні», «Электрожөндеу», «Шаштараз ісі» сынды 21 құзыреттілік бойынша өткізіледі. Чемпионатқа өңіріміздің 25 колледжінің 18-22 жас аралығындағы 120 студенті қатысуда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер