Инвестициялық тартымдылық артады
Инвестициялық тартымдылықты жақсарту және күштерді біріктіру бойынша үш жақты меморандумға қол қойылды
Бизнес-форумды 11 сәуірде Астана қаласында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі және ҚР Сыртқы істер министрлігі бірлесе ұйымдастырып, нәтижесінде «Қазақстан Республикасындағы инвестициялық ахуал: инвестициялық омбудсмен және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың механизмдері» тақырыбындағы халықаралық бизнес-форум аясында меморандум қабылданды.
Форум жұмысына ҚР Кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов, ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелері, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы, ҚР дипломатиялық миссиялар, шетелдік және Қазақстанның іскерлік ұйымдары, халықаралық қаржы орталықтары, жергілікті атқарушы органның өкілдері қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың және инвесторлардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғауды алдын алудың озық механизмдерін белсенді қолдана отырып, қолайлы инвестициялық және іскерлік ахуал орнату.
«Біздің елде кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар үшін барлық қажетті нормативтік-құқықтық база құрылған. Атап айтқанда, Азаматтық іс жүргізу кодексі, Кәсіпкерлік кодексі, ҚР «Төрелік туралы» Заңы.
Бүгінгі таңда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстанның барлық кәсіпкерлерін біріктірді және айта кету керек, бұрынғы кеңестік кеңістіктегі өзге ешбір елде мұндай ұйым жоқ», – деді өз сөзінде ҚР Кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов.
Ол 2017 жылдың қыркүйегінде Қазақстан мен Ресей бизнес-омбудсмендерінің форумы ұйымдастырылғанын атап өтті. Биыл Өзбекстанның бизнес-омбудсменімен де кездесу жоспарланған.
ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек алғысөзінде инвесторларды қорғауды қамтамасыз ететін Инвестициялық омбудсмен институты және Инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша кеңес қызметтерінің бағыттарына назар аударды.
Жиында сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев форумның маңыздылығына тоқталды.
«Тәуелсіздік жылдары ішінде инвестициялық ахуалды жақсартуға қатысты елеулі қадамдар жасалды. Бизнес ортаға қолайлы жағдай жасау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шараларды іске асыру үшін мемлекеттік органдардың, инвесторлардың, шетелдік әріптестердің бірлесуі ауадай қажет. Бүгінгі форум осы бағытта тиімді шешімдерді қабылдауға ықпал ететініне сенімім мол», – деді Алик Шпекбаев.
Агенттік төрағасы тәуелсіздік жылдары ішіндегі қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруда Қазақстанның нақты қадамдарын атап өтті. Мәселен, агенттік бизнес ортада сыбайлас жемқорлық пен заңсыз араласуды жоюда жүйелі жұмыстар атқарып, соңғы үш жыл ішінде осындай 976 дерек анықталған. Нәтижесінде қабылданға шаралар бес жүзден аса кәсіпкерлердің құқығын қорғауға мүмкіндік берді.
Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов инвестициялық тартымдылықтың халықаралық рейтингін қорытындылады.
Бизнес-форум қорытындысында ұйымдастырушы тараптардың арасында үш жақты меморандумға қол қойылды. Меморандум мақсаты – кәсіпкерлерді және барлық бизнес-қауымдастықты «қысымнан» қорғау.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: