«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жетісу бизнесі: Қант қызылшасынан «Кока-колаға» дейін

2018 жылғы 10 Сәуір
- Жетісу облысы
6893 просмотров

Atameken.kz назарында – мәмілегерлік және бірлескен іс-қимыл арқылы Қазақстанның аграрлық өңірінде кәсіпкерлікті дамыту жолдары 

Қант қызылшасы, лепсілік бал, аккумуляторлар, Алакөл мен Балқаш көлдерінің табиғаты, «Food master», «Danon Berkut», «Coca-Cola Botlers» және басқалар Алматы облысында ғана танылмай, бүкіл ел нарығында табысты брендке айналды.

Дамыған, жаңарған Жетісу

Жалпы Алматы облысы қайталанбас ландшафты мен экономикалық әлеуеті жоғары, табиғат және климаттық жағдайлары ерекше аграрлық-индустриялық аймақ. Облыс географиялық жағынан тиімді орналасқан және трансконтиненталды жолдар торабында жатыр. Осылардың бәрі инвестиция тартуға қолайлы жағдайды туғызып отыр. Мәселен, тек өткен жылы облысқа 527 млрд теңге инвестиция тартылды және бұл көрсеткіш бойынша Алматы облысы республикада Астана, Алматы қалаларынан және Атырау облысынан кейін 4 орында. 

Өнеркәсіптегі өндіріс үлесі 750 млрд теңгеден асып, 2,9%-дық өсімді көрсетті. Индустрияландыру картасы бойынша жалпы сомасы 319 млрд теңге болатын 55 жоба іске асырылып, жаңадан 8,7 мың жұмыс орны пайда болды.

Қазіргі таңда облыс мал және өсімдік шаруашылығы өнімдерін шығару бойынша жетекші орын алады. Республика бойынша өңір шарап, қант, жеміс-жидек пен көкөніс шырындары, темекі бұйымдары, уыт, аккумулятордың негізгі шығарушысы болып табылады. Сонымен қатар, трансұлттық компаниялар – якорлық инвесторлардың қатысуымен 20-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың өнімі «Food master», «Danon Berkut», «Coca-Cola Botlers», «RG Brands», «Suffle Kazakhstan» деген халықаралық брендпен сатылымға шығарылып келеді. Жетісуда 40-тан астам жергілікті кәсіпорын өз өнімдерін әлемнің 46 еліне экспорттауда.

Көксу қант зауытының модернизациялануы мен Ақсу қант зауытының қайта жаңғыртылуы кәсіпкерлік саласындағы елеулі жаңалық болды. Жақын уақытта облыста тағы да ондаған жаңа өндіріс ошағы ашылады.

Бүгінде Жетісу бизнесі субъектілерінің саны 110 мыңға жуықтайды және 248 мың жұмыс орнын құрайды. Өнім мен қызмет көрсету көлемі 1 триллион теңге болды. Кәсіпкерліктің жергілікті бюджеттегі үлесі 37%-тен 43%-ке дейін ұлғайып, 75 млрд теңгеге жетті.

Кәсіпкер құқығын қорғау - басты назарда

Соңғы жылдары инвестициялық саясат пен бизнес-ахуалды жақсарту, билік пен бизнес арасындағы әріптестікті дамытуда өңірлік Кәсіпкерлер палатасының маңызы зор. «Атамекеннің» өңірлік филиалы бизнестің құқығы мен мүддесін қорғау жөніндегі институт ретінде қалыптасты. 2013 жылдың соңынан бастап бизнестің мүддесі 2,2 млрд теңгеден астам сомаға қорғалған. Келіп түскен өтініштердің 70%-ке жуығы оң нәтижемен шешілді. 2017 жылдың өзінде сот процесстері мен мемлекеттік органдар алдында кәсіпкерлер құқығы 880 млн теңгеден астам сомаға қорғалды. Мысалы, уақытылы көрсетілген құқықтық көмектің нәтижесінде «K&K-TALDYKORGAN» компаниясы талан-таражға түсуден аман қалды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарымен айналысатын кәсіпорын 100-ден адамға жұмыс беріп отыр. Сот барысында серіктестіктің құқығы 600 млн теңгеден астам сомаға қорғалды.

Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі проблемалық сұрақтарды шешуде елеулі қызмет атқарып отыр. Кеңесті облыстағы танымал қоғам қайраткері және құқыққорғаушы Баниямин Файзулин басқарады. Былтыр Кеңес мүшелері облыс басшылығы, прокуратура, салалық басқармалар қатысуымен 23 мәселені қарады. Оның қорытындысы бойынша 38 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 2 мемлекеттік қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы (ӨКП) Нариман Әбілшайықов бизнестің мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасы ашық және қолжетімді болу керектігін айтады. Сондықтан Кәсіпкерлер палатасы облыстық әкімдік, сот, прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро департаменті, Экономикалық тергеулер қызметі, Техникалық реттеу және метрология комитеті департаментімен әріптестік жөніндегі келісімдерге қол қойды. Тараптардың бірлескен әрекеттері жүйелі мәселелерді анықтауға, оларды шешу бойынша кешенді шараларды әзірлеуге бағытталады.

 

Қызмет түрлері көбейіп, қамту аймағы ұлғайды

Құқық қорғау қызметімен бірге кәсіпкерлер бастамаларын қолдау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2017 жылдың қарашасында Талдықорғанда өңірдегі бірінші толықформатты Кәсіпкерлерге қзымет көрсету орталығы (КҚКО) ашылды. Кәсіпкерлерге қзымет көрсету орталығы ӨКП кеңсесі, жұмыс істеп тұрған бизнес-инкубатор мен отандық тауарөндірушілер көрмесімен бірге Көрме кешені ғимаратында орналасқан.

Кәсіпкерлерге қзымет көрсету орталығы сервистік қызметтермен қатар, кәсіпкерлерге электр желілеріне, су, газ бен жылуға қосылу бойынша техникалық құжаттарды рәсімдеу көрсетіледі. КҚКО жанында Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың өңірлік орталығы да жұмыс істейді. Тағы бір жаңалық – аудан орталықтары мен ауылдық округтегі кәсіпкерлер үшін онлай-кеңес қызметі енгізілген. Бейне байланыс арқылы кәсіпкер ӨКП-ның аудандық және қалалық филиалдарынан Кәсіпкерлерге қзымет көрсету орталығынан қажетті кеңестерді ала алады.

Жақын мерзімде орталықта қызмет түрі көбейе түседі. Жер мәселелері, сәулет және құрылыс, сәулет және құрылыс саласындағы қызмет үшін лицензия мен рұқсат алу бойынша кеңестер мен құжат қабылдау қызметі қосылып, «Kazakh Invest» ҰК АҚ өкілдігі ашылады.

Аталмыш Кәсіпкерлерге қзымет көрсету орталығы аудандарда да бой көтермек. Биыл Орталықтар Қапшағай қаласы, Қарасай ауданының Қаскелең қаласында, Талғар ауданының Талғар қаласында ашылады деп жоспарлануда. Орталықтар есебінен кәсіпкерлер Алматы қаласындағы Кәсіпкерлерге қзымет көрсету орталығына жүгінбей-ақ, барлық сервистік қызметтерді аудандарда ала алады. Осылайша Кәсіпкерлерге қзымет көрсету орталықтары 50 мыңнан астам кәсіпкерді немесе өңірдің 1/2 кәсіпкерлерін қамтиды.

Жалпы, 2017 жылы облыстағы КҚКО мен Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында 5 мыңнан астам кәсіпкерге 6 мыңнан астам сервистік қызмет және 22 мыңнан астам кеңес берілді.

 

Ауылға қаражат ауадай қажет

Ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау Палатаның әрдайым назарында. Өткен жылы «Бастау» жобасы ауыл азаматтарының жобаларын іске асырып, бизнес пен өмірде орнын табуға септігін тигізді. Пилоттық режимде жүзеге асқан жоба бойынша 1312 жұмыссыз бен өзін-өзі қамтыған адам қатысып, оның 285-і кәсіпкер атанып, құны 1 млрд теңгеден асатын қаражатқа жобаларын қаржыландырды. Жобалар мал мен өсімдік шаруашылығынан бастап өндіріс пен қызмет көрсету саласына дейін іске асырылды. Алайда, қаражат барлық қатысушыға жетпеді. Сондықтан жетісулықтардың биылғы жылға үміті зор. Осы жылы «Бастау» Талдықорған, Текелі мен Қапшағай қалаларын қосқанда Алматы облысының барлық аудандарында өтеді деп жоспарлануда. Оқыту 16 сәуірде басталады.

Жан-жақты қолдау ауыл шаруашылығы кооперативтері де көрсетілуде. ӨКП сүйемелдеуімен 28 кооператив 1 млрд теңгеден астам қаражатқа қол жеткізді. Осы бағытта Ақсу ауданындағы «Баққон» ауылшаруашылығы кооперативінің ұтымды тәжірибесін айтуға болады. 24 мүшесі бар кооператив 52 млн теңгеге қаржыландырылды. Кәсіпкерлер құрал-жабдықтар мен 220 бас ірі қара сатып алды. Өткен жылы кооператив 120 тонна сүт өндіріп, өнімді «Food master» сүт зауытына тасымалдауды жолға қойды. «Баққон» қатары бүгінде 60 адаммен толықты. Осылайша адамдар ауылшаруащылық кооперациясының артықшылықтарын көріп, бірлескен әрекет арқасында бұл істің тиімділігі және табыстылығына көз жеткізді.

 

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің әлеуеті қандай?

Атқарылған жұмыстың тағы бір нәтижесі –мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында. 2016-2017 жылдары облыста 8,7 млрд теңгеге 12 жоба (ауыл шаруашылығы – 7, денсаулық сақтау – 3, білім беру – 2) іске асырылған. Кәсіпкерлер палатасының сүйемелдеуімен Қарасай ауданында «Олимп» заманауи лабораториясы ашылды. Сондай-ақ, қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы Текеліде қоғамдық бассейн ашу іске асырылуда.

Жалпы 2020 жылға дейін облыста құны 56,6 млрд теңге болатын 66 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Жаңғыру негізі

Адами капиталды дамытусыз экономикалық үрдістерде өзгерістерге жету екіталай. Сондықтан облыста дуальді оқыту мен мамандардың біліктілігін арттыру үрдісі өтіп жатыр. Бүгінде дуальді оқытумен 1600-ге жуық оқушы мен 30 колледж қамтылған. Әлеуметтік әріптес ретінде 176 кәсіпорын бар. Өткен жылы 13 компания жұмыссыз және өзін-өзі қамтыған азаматтарға арналған қысқамерзімді оқыту жүргізуге қатысты. Соның нәтижесі бойынша кәсіпорын жанынан ашылған оқу орталықтарында 314 жұмыссыз жаңа мамандықты игеріп, оның 115-і жұмыспен қамтылды.

«Білімге салынған салым, ең жақсы инвестиция» демекші, өткен жылы «Атамекен» 24 қазақстандық студентке жаңа кәсіп бойынша білім алуға мүмкіндік сыйлады. Кәсіпкерлер палатасы ҚХР-дың Ганьсу провинциясының жетекші оқу орындарымен бірлесе «Жұмысшы мамандықтарды Қытайда меңгерейік» атты халықаралық әлеуметтік білім беру жобасын жүзеге асырды. Жоба аясында студенттер туризм, машина жасау, құрылыс салалары бойынша тегін кәсіптік және техникалық білім алып жатыр.

 

Туризм торабы

 Алматы облысы үшін әлеуеті жоғары салалардың бірі – туризм саласы болып табылады. Мысалы, өткен жылы өңірге 1,5 млн турист келсе, оның 750 мыңы Алакөл көліне барған. Туризмнің негізгі даму бағыттарын айқындау мақсатында Палата жергілікті атқарушы органмен бірлесе Таныстыру картасын, Бас жоспар мен Туризмді дамытудың жол картасын әзірледі. Алматы облысының ішкі туризмін дамыту қауымдастығын ірілендіру жұмысы жалғасу үстінде. Бүгінде оның құрамында 36 кәсіпкерлік субъектісі бар. 573 кәсіпкер енген сала өкілдерінің тізілімі әзірленген.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер палатасының ұсынған бірқатар жобалары Жол картасына, туризм инфрақұрылымын жақсарту бойынша шараларға енген.

Биыл Жетісу жеріне 2 млн турист келеді деп жоспарлануда.

 

Кәсіпкерлерге жақын әкім

Бизнес пен билік арасындағы жақсы қарым-қатынас – ӨКП-ның негізгі жетістіктерінің бірі деп айтуға болады. Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі елімізде бірінші болып облыс басшысымен «галстуксыз» кездесулерді өткізу тәжірибесін енгізді. Бүгінде кәсіпкерлер аймақ басшысы Амандық Баталовпен әр тоқсан сайын «галстуксыз» кездесулерді енгізуді дәстүрге айналдырған. Аталмыш бейресми жиындар аудан орталықтарында да өткізіліп келеді.

Осы тұста облыс әкімі өңірлік палата құрылған сәттен бастап «Атамекен» мен Өңірлік кеңестің қызметіне үлкен мән беріп, барынша қолдау көрсететінін айта кету керек.

Ал ауылды жердегі бизнестің ахуалын анықтау мақсатында ӨКП филиалдары жанынан Кәсіпкерлер кеңесі құрылған.

«Ауылдағы кәсіпкерлердің айтары, ұсыныс пен пікірлері үнемі назарымызда болуы тиіс және біз өз тарапымыздан кәсіпкерлікті дамытуға және қолдауға кешенді шаралар жүргізуіміз керек. Сондықтан аудандар мен қалалардағы филиалдар жанынан танымал бизнес өкілдері енген Кәсіпкерлер кеңестерін құрдық. Кеңесті құра отырып, ең алдымен шалғай жатқан елдімекендердегі кәсіпкерлердің белсенділігін арттыруды, жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етуді мақсат еттік», – дейді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова.

 

Мәселе

Ал биылдан бастап Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік сатып алу саласын жіті қадағалауға алды. Жыл басынан бері Отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету шеңберінде сатып алу саласындағы жұмыс комиссиясы төрт аудан әкімдігі мен үш салалық басқарманың есебін тыңдады. Қазақстандық құрамды қамтамасыз ету бойынша бұзушылықтар көп. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс көңіл көншітпейді. Алдағы уақытта аудандарда көшпелі отырыстар өткізіледі.

Тоқтап тұрған кәсіпорындар жанынан шағын индустриялық аймақтар құру қолға алынды. Алғашқы индустриялық аймақ Талдықорғандағы «Электросетьстрой» ЖШС негізінде пайда болды. Бұнымен қоса, сауда мен қызмет көрсетуге арналған алаңдарды ұсыну бойынша сұрақтар қаралуда.

Өңірлік бизнес алдында кәсіпкерлердің «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысуы, инфрақұрылымды тарту, мемлекеттік органдар тарапынан заңға қайшы әрекеттер сынды мәселелер өте өзекті. Осы және басқа да сұрақтар 10 сәуір күні Талдықорғанда «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өтетін Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысында көтерілмек. Шараға облыс әкімі Амандық Баталов, ҰКП басшылығы, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен даму институттарының өкілдері қатысады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер