«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Лаззат Рамазанова әйел кәсіпкерлігі туралы: Нәтижеге тек бірлесе жетуге болады

2018 жылғы 09 Сәуір
- Шымкент қаласы
5061 просмотров

Оңтүстік Қазақстан облысы Іскер әйелдерінің белсенді жұмысы нәтижесінде кооперация тиімді жүргізулуде

Шымкент қаласында әйелдер бизнесін дамыту бойынша «Әйел және бизнес – ашық диалог» атты бизнес-конференциясы «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы хатшылығының басшысы, «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанованың қатысуымен өтті. 

 Іс-шараға  өңірден 100-ге жуық іскер әйел және кәсібін енді қолға алған қыз-келіншектер келді.

 «Бүгінде әйелдер бизнес саласын сәтті игеріп, тіпті ерлерлерге тиесілі деп саналатын ауыр кәсіп түрін де алып жүргені жайында мысал көп. Іскер ханымдардың  еліміздің ЖІӨ-не қосқан үлесі 41,1%-ды құрайды. Алайда бүгінде әңгіме басқада. Қазіргі таңда тек бизнеспен айналысу аздық етеді, маңыздысы – бірігіп, тиімді жұмыс істеу. Нәтижеге тек бірлесе жетуге болады. Салалық принцип бойынша қоғамдастықтарға біріккен уақыттан бастап, бизнестің қуатты әлеуетін көрсете аламыз. Алға қарай бірге қозғалып, табысты тәжірибемізді жұмылып таратуымыз керек», – деді Лаззат Рамазанова.

«Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі төрайымының айтуынша қазіргі таңда еліміздің 6 өңірінде салалық қауымдастықтар құрылуда, ал бұл үдерісте Оңтүстік Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігі көш басында. Өйткені жергілікті Іскер әйелдер кеңесінің белсенді жұмысының нәтижесінде «Әйел кооперациясы» жобасы іске қосылды. Бұл бағыттағы қозғалыс – бұл ОҚО Іскер әйелдер кеңесінің артықшылығы.

Кездесуде атап өткендей, Оңтүстік Қазақстан облысындағы әйелдер кәсіпкерлігінде өзіне тән түйткілді мәселелер бар. Олар қаржы көздері қолжетімділігі, несие алу,  бизнес саласында  жеңілдік алуға қатысты. Бұл жалпы бизнеске ортақ мәселе. Алайда несие ұйымдары, әлеуетті инвесторлар, билік құрылымы тарапынан көп жағдайда әйелдерге деген қатынас ерлерге қарағанда аса бір сақтықпен жасалады. Бұл патриархаттың салдары, әрине уақыт өте келе сейіледі, себебі еліміздегі қыз-келіншектер өз ісімен бизнесте ерлерден кем түспейтіндіктерін дәлелдеп келеді.

Іскер қыз-келіншектер, әсіресе бизнеске енді қадам басқан әйелдер үшін стартаптарды жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде жеңілдік беру аса маңызды. Кәсібін жаңадан бастағандар да, тәжірибелі бизнесвумен де көбірек білім алуды және қаржылық, ақпараттық әрі кеңес беру көмегін ауқымды түрде алуды қалайтынын атап өткен жөн.

Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы Іскер әйелдер кеңесі қыз-келіншектердің бизнес-қоғамдастығына заңгерлік, кеңес беру және тәжірибелік көмек көрсетіп отыр.

Өңірлік Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева жеке бизнесімен айналысатын әйелдердің коммерциялық жобаларына көмек көрсету жылдың ең басты табысы деп атап өтті. Бұл үшін құқықтық, әкімшілік жағдайлар, қаржылық құралдары жасалған. Сонымен қатар ауыл, аудан, облыс әкімдерімен өткізілген жеке кездесулер, былтырғы жылы іске қосылған Әйелдер кәсіпкерлігіне шағын несие бөлу бағдарламасы, Еуразиялық қайта құру және  даму банкінің қаражаты есебінен әйелдер кәсіпкерлігі субъектілеріне қолдау көрсету шаралары да бар.

«Бастау» оқыту бағдарламасына әйелдердің белсенді қатысуы да даму жолында жасалған тағы бір қадам. Егер 2016 жылы кәсіпкерлердің жалпы санынан 30% қыз-келіншектер болса, былтыр олардың үлесі 45%-ға жуықтады. Ал Оңтүстік Қазақстан облысындағы басшылық лауазымдағы әйелдердің саны (76 623) Алматыдан кейінгі екінші орында тұр.

Бизнес-конференция бағдарламасында табысты кәсіптің басында жүрген әйелдер «Бизнес және қоғам – үйлесімді даму» тақырыбында сөз сөйледі, сәтті жүзеге асырылған бизнес-жобалардың таныстырылымы жасалып, кәсіпкерлер мен бизнес-жаттықтырушылар шеберлік-сыныптарын өткізді.

Спикерлер әрбір қыз-келіншек үшін мансап пен бизнесті жүргізу, өзін өзі дамыту және жеке тұлғалық  өсу секілді маңызды тақырыптарды қозғады. Сәтті бизнес-кейстер мен өмірлік мысалдар елімізде әйелдер кәсіпкерлігін дамыта түсу үшін серпін берері анық.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер