«Адамдарда «жарқырап қалу» әдеті бар: тұтынушылар тауарды қайтару құқығын асыра пайдаланады
Сауда саласындағы кәсіпкерлер құқықтары бұзылу фактілері бойынша «Атамекенге» жиі өтінім жасайды. Негізгі мәселе – тұтынушылар құқығын қорғау заңнамасындағы олқылықтар
«Заңнамада анық кемшілік бар, нәтижесінде бұл олқылықтар сатып алушыны заңсыз әрекетке итереді. Қазіргі таңда заңдық құқықтарын асыра қолданып, заң ережелерін ақша мен пайда табу мақсатында пайдаланып жатқан тұтынушылар тобы пайда болған. Бұл әрекет ҚР Азаматтық кодексінің 8-бабы 5-тармағына қайшы. Ұлттық палатаға кәсіпкерлер осы мәселемен бірнеше рет өтінім жасаған. Тауарларды қайтару және ауыстыруды алып тастау мәселесін заңнамалық тұрғыда талқылау қажет. Қайтарудан соң бірден сараптама жасау қиынға соққан жағдайлар да бар, мәселен, зергерлік бұйымдарды қайтару кезінде», – деді ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры Олег Савеленко.
Қазақстан кәсіпкерлер және сервистік қызмет қауымдастығының президенті Ермек Әбілдин зергерлік бұйымдар сатушылары тәжірибесінде болған оқиғалардан нақты мысал келтірді.
«Тұтынушыларда «жарқырап қалу» әдеті бар, яғни гауһар тастары бар зергерлік бұйымдарды сатып алып, оны елге көрсетіп болған соң, бұйымды 14 күн ішінде дүкенге «ұнамай қалды» деген желеумен қайтарып беру үрдісі қалыптасқан. Бұлай болмай керек. Зергерлік бұйымдар саласында кәсіпкер ғана емес, сонымен қатар қолданыста болған затты сатып алған тұтынушылар да зардап шегеді. Сатып алушылар бұйымды гауһар таспен сатып алып, кейін оны арзандау таспен қайтарған да жағдайлар орын алған. Мұндағы ең қиын мәселе – әшекей бұйымның шынайылығын тану. Соңғы уақытта алаяқтар жасанды көшірмелерді мінсіз жасауды үйренген», – деп хабарлады Ермек Әбілдин.
Айта кетелік, ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңында техникалық күрделі тауарларды алудағы тұтынушылар құқығында тәртіп белгіленбеген. Осындай дауларға автокөліктер, тұрмыстық заттар, киім-кешек және аяқ киім себеп болып жатады. Тұтынушының шектен тыс шығуы фактілеріне қарағандылық автодилерлік компаниясы да тап болған.
«2012 жылдан бастап бізде тұтынушының сатып алған тауарын қайтарып немесе айырбастауы бойынша жағдайлар жиілеп кетті. Тұтынушылар қайтаруды жай ғана талап етпейді. Заңда тұтынушы талабын орындамау үшін әр кеткен күнге 1% тұрақсыздық айыбы қарастырылған, олар соны қолданады. Автокөлік құны класына қарай 4 млн-нан бастап 20 млн-ға дейін барады. Ресейде тауардың технологиялық деңгейі деген ұғым бар, ал бізде ешқандай градация жоқ. Егер автокөлік қайтаруға жарамды болса, онда оның нарықтағы бағасы бойынша құны қайтарылады, ал кепілдік 3-тен 5-жылға дейін мерзімді құрайды. Мәселен, адам көлікті 3 жыл қатарынан қолданады, содан келеді де айтады: «Менде бір шам күйіп кетті, сондықтан автокөлігімді ауыстырып беріңіз» деп. Валюта бағамы құбылып тұрғандықтан 4 млн орнына 8 млн қайтарылуы мүмкін», – деді компания өкілі Рустам Алиев.
Алиевтің айтуынша бір көлікте жүздеген құрауыштар бар. Алайда заңнамаға сәйкес көлік тұтас зат ретінде қарастырылады. Сәйкесінше көлікке де қайтару немесе ауыстыру туралы заң қолданылады. Мұндай жағдай қалта телефондармен де болып жатады.
«Соңғы кездері телефондарды қайтару жағдайлары көбейіп кетті. Қайтқан телефондарды үлкен жеңілдікпен сатуға мәжбүрміз. Тұтынушыға телефонның түсі немесе дизайны ұнамай қалып жатады. Сәйкесінше біз тауарды қайтып алып, шығынға батамыз», – деді алматылық кәсіпкер.
Клиенттердің қымбат электрониканы қайтаруына «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңның 14 бабы негіз болып отыр. Яғни бұл бап тауарды сатып алғаннан кейін 14 күн ішінде қайтаруға немесе айырбастауға құқық беріп отыр. Тәжірибеде қайтқан тауар «жаңа» болып сатылмайды. Өйткені тауар қолданыста болған: қоңыраулар шалынды, хабарламалар жіберілді, фото-бейне камера пайдаланылды, Apple «iCloud» сынды сақтау құрылғылары кәдеге асты.
Кәсіпкерлер пайымдауынша «тауардың түрі», «бұрын қолданыста болған тауар», «тұтынушылық сипаттар» сияқты түсініктер болса, тұтынушылармен болатын ара қатынасқа нақтылық әкелер еді.
«Бізге тұтынушылар мен тауар өндірушілер құқығын қорғау мәселесінде алтын ортаны табу керек. Заңнамада мәселе бары сөзсіз, сондықтан ҚР «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарастыру абзал. Өзгертулер ЕАЭО мүше мемлекеттері заңнамасына қарай сәйкестендіру керек. Қоғамдық бақылау жүйесін, оның ішінде өндіріс, бақылау, тұтынудағы қадағалауды түбегелейлі өзгерту керек», – деді Кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов.
Қайырбек Сүлейменов «тауардың түрі», «бұрын қолданыста болған тауар», «тұтынушылық сипаттар» сияқты түсініктерді анықтайтын нормативтік актілерді әзірлеу мақсатында арнайы жұмыс тобын құрып, оның құрамына «Атамекен» ҚР ҰКП сарапшыларын қосуды ұсынды. Сонымен қатар Ұлттық палата Тұтынушылар құқығын қорғау бойынша Қоғам институтын күшейтуді ұсынып отыр. Бұл тауар, жұмыс, қызмет саласында тұтынушы мен кәсіпкер арасындағы теңгерімді реттей алатын маңызды институт.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: