«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнесін адал атқармайтын кəсіпкерлерден халық зардап шекпеуі тиіс

2018 жылғы 03 Сәуір
- Шымкент қаласы
4513 просмотров

Оңтүстік Қазақстанда жаппай улану орын алды: заңсыз жұмыс істейтін кəсіпкерлер жауап беруі керек

Бұл туралы журналистерге Оңтүстік Қазақстан облысы кəсіпкерлер палатасының директоры Асқар Əбубəкіров Шымкент тұрғындарының жаппай балмұздақтан улануына қатысты өткізілген баспасөз мəжілісінде мəлімдеді.

Шымкентте тұрғындардың «Южное» дүкен-кафесінде балмұздақтан жаппай улануы жағдайын облыстық денсаулық сақтау басқармасы айрықша бақылауға алған. Мекеменің хабарлауынша жұқпалы аурулар ауруханасына 188 адам жатқызылған, бүгінде оның қатарындағы 99 науқас шығарылды. Науқастар арасында сырқаты асқынғандар жоқ. Санитарлық-эпидемиологиялық зерттеу жүргізілуде. Сараптаманың алғашқы қорытындысы аталған жағдай өнімнің сальмоноллеза қоздырғышы жұққанынан болғанын көрсетті, ол балмұздақ құрамындағы 25 қоспаның 24-інен табылған. Кей өнімдерде стафилококк та бар екені белгілі болған.

Кəсіпкерлік субъектісін тексеру барысында санитарлық норма мен ереже талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды:

- ҚР «Хабарламалар мен рұқсаттар туралы» заңына сəйкес кəсіпкер қоғамдық тамақтануды аумақтық қорғау басқармасына өз қызметін бастағаны туралы хабарламаған;

- балмұздақтың қоспасы санитарлық-гигиеналық талаптар сақталмаған жеке меншік үйде дайындалған. Дайын қоспаны өткізу орнына бес литрлік пластик құтымен жеткізген;

- барлық өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын жөнелтпе құжаттары болмаған.  Құрғақ сүтке ғана жарамдылық мерзімі өтіп кеткен сәйкестік сертификаты болған;

- қоспа талап етілетіндей рефрижератор көлігімен емес, жеке автокөлікпен тасымалданған;

- кафедегі барлық қызметкердің біреуінен басқа 12 жұмысшыда медициналық тексеруден өткенін растайтын жəне жұмыс істеуге рұқсат беретін медициналық кітапша  болмаған;

- дезинфекциялық тəртіп сақталмаған.

Өңірлік кəсіпкерлер палатасының директоры Асқар Əбубəкіров жаппай улану жағдайының орын алуындағы бір себебі ретінде адал жұмыс істемейтін кəсіпкерлік пен заңнама талаптарының сақталмауы екенін мəлімдеді.

Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облысы кəсіпкерлер палатасы санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен бірлесіп бизнес өкілдеріне рұқсат беру талаптары, заңнама талабын сақтау қажеттілігіне қатысты түсіндіру жұмысын бастағанын атап өтті. Директор азаматтардың улануына қатысты орын алған жағдайда Палатаның нақты ұстанымын да айтты.

«Қолданыстағы заңнаманың бұзылғаны анықталған жағдайда бизнес өзінің заң тəртібін бұзғаны үшін толық жауап беруі тиіс деп есептеймін. «Атамекен» адал да заң талабын орындайтын кəсіпкерлерді қолдайтынын əрі оның мүддесін қорғайтынын бірнеше рет мəлімдеді. Біздің ойымызша, адалдық – кəсіпкердің іскерлік беделінің іргетасы жəне халықтың қауіпсіздігіне берілетін негізгі кепілдіктің бірі», – деді Асқар Əбубəкіров.

Мұнымен қоса Өңірлік палата басшысы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Атамекен» тұтынушылар құқығын қорғау саласын дамыту арқылы бизнеске қоғамдық бақылау жүргізуді күшейтуді ұсынғанын атап өтті.

«Ұлттық палата тұтынушылар құқығын қорғау саласын дамыту арқылы бизнеске қоғамдық бақылау жүргізуді күшейтуді ұсынды. Мұндай шараларды қабылдау кəсіпкерлердің тəртіпке бағынуын арттырады. Бұл салаға білікті мамандар келуі үшін бюджеттен қаржыландыру, тұтынушылар құқығын қорғауға қатысты қоғамдастықтарды құруға жəне қолдау көрсетуге мемлекеттік тапсырма беру қажет», - деп хабарлады Асқар Əбубəкіров

Кəсіпкерлер палатасында қолданыстағы заңнамада бекітілген мемлекеттік бақылау механизмі мен мемлекеттік органдардың уəкілеттігі кəсіпкерлерді тұтастай бақылауға жəне халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенімді. Улану жағдайы санитарлық норма талаптарын сақтамаған кезде туындайды. Асқар Əбубəкіров осындай оқиғалардың қайталанбауы үшін ең алдымен заңнамада бекітілген талаптар сақталуы тиіс екенін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер