«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматы облысында агротуризмді қолға алмақ

2018 жылғы 27 Наурыз
- Жетісу облысы
6991 просмотров

Туристерге сиыр сауу мен шөп шабу қызықты, дейді сарапшылар

Алматы облысының аграрлық және өнеркәсіптік әлеуеті тек ауыл шаруашылығын жүргізумен қатар, агротуризмді дамытуға мүмкіндік береді. Мамандардың пікірінше, туризмнің бұл түрінің болашағы зор, алайда дамытумен ешкім түбегейлі айналыспайды.

Осыған байланысты жақында Талдықорған қаласында «АЙСЕР» және «GREEN VILLA HOTEL» қонақ үйлері кешенінде орналастыру орындары өкілдерінінің шеберлігін арттыру және аграрлық туризмді ұйымдастыру бойынша мастер-класс өтті. Шеберлік сағатына қонақ үй мен ауыл шаруашылығы бизнесінің 50 жетекшісі мен қызметкерлері қатысты. Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов туризмнің дамуы салада мамандарының кәсіби біліктілігін жоғарылатуымен тікелей байланысты екенін атап өтті. 

Туризм басқармасында кәсіпкерлерді аграрлық туризмге көңіл бөліп, шаруашылық нысандарын туристерге тартымды етуге шақырды.

«Қазіргі әлемде адамдарды ауылдар, ондағы табиғат мен ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігі қатты қызықтырады. Туристердің ынтасы мен сұранысы жоғары. Осыған байланысты ауыл кәсіпкерлері тиісті жағдай мен қызмет көрсетуді енгізуі маңызды», - дейді облыстық туризм басқармасы жанындағы Туризм және ақпараттық қызметтер орталығының кеңесшісі Вера Ежикова.

Жалпы батыс елдерінде агротуризм өткен ғасырдың 70 жылдарында пайда болды. Статистика бойынша Францияда әрбір үшін турист - ауыл шаруашылығы туристі, Ұлыбританияда бұл көрсеткіш 10%-ті құрайды. Ал Германияда ауыл шаруашылығы туризмінің үлесі 4-5%.

«Қазақстанның барлық өңірлерінде агротуризмді дамытуға болады. Әрбір облыста өзгеше табиғат және ауыл шаруашылығы қызметі ерекше. Соңғы уақытта туристер сиыр сауу, шөп шабу, картоп егу сынды демалыстың белсенді түрлерін таңдайды. Сонымен бірге, оларға ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару процесі және оған қатысу үрдісі қызық. Алматы облысы бұл мүмкіндіктердің барлығын ұсына алады», - дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ туризм кафедрасының доценті, халықаралық коучер Әлия Ақтымбаева.

Ескелді ауданындағы шаруа қожалығының жетекшісі Раушан Жақұпбаева үшін аграрлық туризм тақырыбы тың және өзекті болып табылады.

«Біз жиырма жылдай мал және өсімдік шаруашылығымен айналысып келеміз. Бірақ ешқашанда шаруа қожалығында аграрлық туризмді дамытуға болатынын ескермеппіз. Шеберлік сабақта осы бағыттағы білімімізді кеңейттік»,- дейді кәсіпкер.

Сонымен қатар қонақ үй бизнесі бойынша шеберлік сабағын халықаралық сарапшылар Фабьен Селос (Франция) мен Александр Гусев (Қырғызстан) жүргізді. Тренерлердің сөзінше, сервис мәдениеті мен қызмет көрсету сапасы әрдайым жоғары болып, қызмет көрсету деңгейі нысанның қалада немесе ауылда орналасуына байланысты болмауы керектігіне назар аударды.

Орталық Азия университетінің ҚР Үкіметі және қоғаммен байланыс жөніндегі өкілі Райхан Сисекенованың айтуынша өңірде отбасылық туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мүмкіндігін қарастыру қажет.

«Текелі - отбасылық туризм үшін қолайлы қала» атты тұжырымдаманы ұсынып отырмыз. Осылайша біз кәсіпкерлер қоғамдастығын отбасылық демалысты ыңғайлы ету үшін жаңа қызмет түрлерін енгізуге ынталандырғымыз келеді», - дейді Райхан Сисекенова.

Шеберлік сабағының қорытындысы бойынша қатысушыларға біліктілікті арттыру жөніндегі халықаралық сертификат тапсырылды.

Айта кетейік, туризм басқармасы Талғар ауданы, Қасқелең қаласы, Талдықорған және Қапшағай қалаларындағы орналастыру мен тамақтандыру орындарының қызметкерлері үшін оқыту курстары мен тренингтер топтамасын ұйымдастырған болатын. Сонымен қатар Райымбек ауданында қонақ үйлер мен гид-экскурсоводтар үшін де курстар өткізілді.

Басқарманың ақпаратынша, 2017 жылы туристерге арналған 680 орналастыру орындары тіркеліп, онла 1,5 млн адам демалған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер