Кедергілерді азайту жолында
Ақтөбеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы кәсіпкерлер форумы өтті
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен бірігіп ұйымдастырған кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша II өңірлік форумы өткізілді. Аталмыш шараның мақсаты – бизнестің дамуына кері әсерін тигізетін әкімшілік кедергілерді жою, жемқорлық тәуекелдерін азайту, қоғамдағы жемқорлық көріністерін болдырмау үшін барлық органдардың бірлесіп жұмыс жасауына ықпал ету болып табылады. Форумға мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен шағын, орта, ірі бизнес өкілдері және облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттары қатысты.
«Бизнес өкілдерінің түрлі құқық бұзушылықтарға байланысты Өңірлік палатаға шағымдануы жыл өткен сайын артып келеді. Біз олардың өтініштеріне, мейлінше, жауап беріп жатырмыз. Шағымдар, негізінен, жер қатынастары мен сәулет, жергілікті атқарушы билікпен қарым-қатынас, субсидиялар мен мемлекеттік сатып алуларға байланысты түседі. Бизнес субъектілерінің заңды мүдделері мен құқықтары жөніндегі іс-шаралар түрлі ықпал ету механизмдер арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Агенттігінің қатысы маңызды рөл атқарады» - деді өңірлік палата директоры Нұрлыбек Мұқанов.
ӨКП директорының айтуынша, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында жүргізілген Агенттік пен ҰКП арасындағы жемісті және сындарлы ынтымақтастық арқасында, 2017 жылы республикада 16 түрлі бағыттарды қамтитын, мемлекеттік органдар мен басқа да ұжымдардың қызметiндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдауға арналған Жол картасына қол қойылған болатын. Нәтижесінде, Ақтөбе облысында денсаулық сақтау және көлік саласында жасалған бақылау аясында 20 сыбайлас жемқорлық тәуекелділігі анықталды және жоғары органдарға тиісті ұсыныстар жолданған.
Сонымен қатар форумда бизнес саласындағы жемқорлықтың алдын-алу туралы кәсіпкерлер де өз пікірлерін білдірді. Олардың дені монополиялардың тарифтерді негізсіз көтеруі, артық талаптардың қойылуы туралы болды. Кәсіпкерлердің ішінде ӨКП алғыс айтқандары болды. Айталық, «Астр-С» ЖШС «Ақтөбе облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасы» ММ-нің лауазымдық тұлғаларына шағымданып, нәтижесінде кәсіпкердің мүддесі қорғалғаны үшін Өңірлің кәсіпкерлік палатасының басшысына алғыс хат табыстады.
Форум жұмысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері, мемлекеттік сатып алуды жетілдіру және тағы басқа мәселелер талқыланды. Шара соңында Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен бірігіп сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ықпалдастық туралы Жол картасына қол қойылды. Сондай-ақ, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда белсенділік танытып отырған «АНВАР» ЖШС, «Лучшее решение» ЖШС, «Алтай» базары, «Нұрдәулет» сауда үйінің басшыларына алғыс хаттар табысталды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: