«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбеде тәтті тоқаш пісіретін үздік аспаздар анықталды

2018 жылғы 12 Наурыз
- Ақтөбе облысы
2694 просмотров

Қаламыздағы ірі сауда орындарының бірі саналатын «Алтай» базарының әкімшілігі 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында ақтөбелік кондитер мамандардың арасында «Үздік аспаз» байқауын өткізді

Конкурсқа тәтті тоқаштар және торт әзірлеумен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатысты. Байқауды ұйымдастырушылар кондитерлік  тағамдарды әзірлеуде ұлттық дәстүрлерді сақтауды дәріптеуді және белгілі аспаздардың тәжірибелерімен бөлісуді мақсат тұтқан. Қатысушылардың өнерін бағалауға «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының, Мейрамхана және қонақ үй бизнесі қауымдастығының, Сервистік қызмет көрсету колледжінің және Ақтөбе кәсіпкерлік басқармасының өкілдері қазылық етті.

Үздіктерді анықтауда әзірлеген тағамдардың дәмімен қатар, оларды ұсыну ерекшеліктері де назарға алынды. Аспаз-кондитерлер өздері дайындаған тағамдардың құрамымен таныстырып, әдіс-тәсілдерімен бөлісті Байқау қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға алғыс-хаттар табысталды. Сонымен қатар, «La Brioche» ЖШС-үздік аспаздық бренд атанды, жеке кәсіпкер Жакупова Ш.У.  тағам әзірлеуде ұлттық дәстүрді сақтағаны және «Broodmaster» ЖШС қоғамдық тамақтану саласын дамытуға қосқан үлесі ерекше аталып өтті. Әсіресе, шеберлік сабақтарынан өтіп, үйде отырып, тәтті тоқаш пісіріп, интернет арқылы сатумен айналысатын екі бірдей мүгедек баланың анасының еңбегі ұйымдастырушылар тарапынан қолдауға ие болды.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және Мейрамхана және қонақ үй бизнесі қауымдастығы Қазима Нұрғалиева және басқа да қатысушыларға «Бизнес-кеңесші» (бизнесті жүргізуге оқыту) шеберлік сабақтарына және аспаздар дайындау бойынша халықаралық үлгідегі ақысыз оқу сертификаттарын табыстады.

«Мұндай байқаулар қатысушылардың өз деңгейлерін анықтауға және өндіретін өнімдерінің сапасын одан әрі дамытуға ынталандырады деп ойлаймын. Байқаудың талаптары бойынша, аспаздар тағамдарды жасанды қоспаларсыз, бояусыз, таза табиғи өнімдерден дайындаулары қажет болды. Бұның өзі кәсіпкерлердің сапаға жұмыс жасайтын кезі келгендігін білдіреді. Бүгінде бренд қалыптастырудың маңызы зор», - дейді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының «Адамдық капиталды дамыту бөлімінің басшысы Дамеля Куанова.

Базар әкімшілігі жеңімпаздарға экзотикалық жемістер салынған себеттерді тарту етті. «Ең үздік аспаздық өнім үшін» Гран-при сыйлығын «Алека» сауда белгісімен жеке кәсіпкер К.А. Қамысбаев жеңіп алды. Бірінші орынды, яғни «шығармашылығы үшін» атауы «Годекан» жеке кәсіпкерлігі басшысы Патима Магомедоваға бұйырды, екінші орынды «өзектілігі үшін» қантсыз диеталық нан өнімдерін дайындайтын жеке кәсіпкер Ж.Б. Изимбетова, үшінші орынды  «кофейня Incklair Aktobe» басшысы, жеке кәсіпкер Г.Н.Аманбаева иеленді.

Сайыс барысында «Алтай» базарының басшылығының сауда өкілдерімен сыйластық қарым-қатынастың орната білгені аңғарылып тұрды. «Алтай» әкімшілігі осындай іс-шараларды өткізуді жалғастыруды жоспарлап отыр.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер