«Атамекен» ҰКП Туристік сала комитетінде жаңа төраға
Ұлттық палатада «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы Туристік сала комитетінің кезекті отырысы өтті. Басқосуға «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, Басқарма Төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов, «Kazakh tourism» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Рашид Күзембаев, сондай-ақ Туристік сала комитетінің мүшелері – аккредиттелген қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
Жиын барысында Туристік сала комитетінің төрағасын қайта сайлау мәселесі қаралды. Дауыс беру қорытындысы бойынша бірауыздан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Павел Казанцев сайланды.
Еске салсақ, 2013 жылдың желтоқсан айынан бастап Комитетті «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасының мүшесі Роза Асанбаева басқарып келген.
«Атамекен» ҰР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың шешімімен Роза Асанбаева туристік және мейрамхана саласындағы ұзақ жылғы кәсіби қызметіне адалдығы, Қазақстан Туризмі үшін ерен еңбегі үшін «Атамекен» ҚР ҰКП «Ісіне адалдығы үшін» ІІ дәрежелі медалімен марапатталды. Медальді ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов табыстады.
«Роза Әбдіхамитқызы жылы лебізге лайық жан, егемендік алып, енді аяқтан тұрып келе жатқанда елімізде туризмнің дамуына бар күшін салып, алғаш болып Қазақстан туристік қауымдастығынды құрды. Қай мінбер болмасын, барлығында туризмнің маңыздылығына назар аудартты. Қазақстан туризміне сіңірген еңбегіңіз тарихта алтын әріптермен жазылады!» – деп Абылай Мырзахметов алғыс жаудырды.
Юлия Якупбаева Роза Асанбаева туризм саласынан алшақ кетпейтіндігін айтты.
«Роза Әбдіхамитқызымен көп уақыттан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Осындай ерекше адаммен таныс болғаныма әрі жұмыс істейтініме қуаныштымын. Туризм саласын дамытудағы біздің жұмысымызда тәлімгер ретінде қалатындығы де ерекше қуаныш сыйлап отыр», – деп атап өтті Басқарма Төрағасының орынбасары.
Өз кезегінде Роза Асанбаева «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқасы мен Басқармасына, туристік қауымдастықтарға бірлесе отырып жемісті жұмыс атқарғаны үшін алғысын білдірді.
«Осы сала үшін заңнамалық шешімдерді қабылдайтын кезеңде Комитетті Павел Олегович басқаратындығы маңызды. Білікті маманның жетекшілігімен заңнамалық бастамаларымызды қуатты қолдайды деп сенемін», – деді Роза Асанбаева.
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов жаңа төрағаны құттықтады.
«Бұл құрмет пен ауқымды жұмыстан бөлек, үлкен жауапкершілікті жүктейді. Бірақ бұл шама келмейтін жүк емес. Осы саланың жаңғыруына, дамуына бірлеса күш саламыз», – деп атап өтті Ерлан Қожағапанов.
Казанцев Павел Олегович – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (2016 жылдың 24 наурызынан бастап).
Әр жылдары Ақмола қаласы әкімінің орынбасары, Арнайы экономикалық аймақ әкімшілік кеңесі төрағасының орынбасары, «Нұр ОТан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, «Нұр Отан» ХДП ОА ұйымдастырушылық-саяси жұмыс департаментінің директоры қызметтерін атқарған.
ҚР Үкіметі жанындағы Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі комитеттің мүшесі» (2000-2007); ҚР Үкіметі жанындағы Туризмді дамыту жөніндегі сараптамалық кеңесінің мүшесі (2000-2007); Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Астана қаласы бойынша Сараптамалық кеңесінің мүшесі.
Қазір Астана қаласы кәсіпкерлері қауымдастығының президенті, Астана парашют спорты федерациясының вице-президенті, Қазақстан джиу-джитсу қауымдастығының вице-президенті, Қазақстан аралас жекпе-жек өнері (ММА) қауымдастығының вице-президенті.
«Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Нұр Отан» ХДП «Белсенді қызмет үшін» медальдарымен мараптталған, түрлі медальдар, «Қазақстан Республикасында туризмді дамытқан еңбегі үшін» ҚР белгісі, ведомстволық марапаттардың иегері.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: