«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес-жоспар жасау білесіз бе?

2018 жылғы 23 Ақпан
- Қызылорда облысы
29131 просмотров

Қымбатты достар, кеңес беру айдарымызды жалғастырамыз. Бүгінгі біздің тақырыбымыз бизнесті жоспарлау, бизнес-жоспар қалай әзірленеді осы төңірегінде болмақ. Бізге Кәсіпкерлер палатасының менеджер-кеңесшісі Гаухар Батпанова кеңес береді

         - Гаухар ханым, сәлеметсіз бе. Бүгін Сізден әлеуетті кәсіпкер ретінде кеңес алғым келіп тұр. Сауалым бизнес-жоспарға қатысты. Бизнес жоспар не үшін қажет? Қандай мақсатта пайдаланады? Ерекшеліктері неде соған тоқталып өтсеңіз.

         -  Өз кәсібіңізді ашатын кезде бизнес-жоспарды жасау бірінші қадамдардың бірі. Сіз бизнес-жоспарсыз да өз кәсібіңізді бастай аласыз. Дегенмен, кәсібіңізді одан әрі дамыту үшін және де өз ретімен әрекет жасау үшін бизнес-жоспардың болғаны маңызды. Сіз қазіргі кезде мемлекеттік бағдарламалар бойынша қандай да бір қаржы институттарынан қаржы алатын болсаңыз бизнес-жоспар бұл міндетті құжаттардың бірі болып табылады. Егер өзіңіз бизнес-жоспар құруға қиналсаңыз онда біз – Кәсіпкерлер палатасы тегін әзірлеп береміз. Ол үшін Сіз бізге келіп, өтініміңізді қалдырып кетуіңіз қажет. Әрі қарай маркетинг мәселелері жөніндегі менеджер-кеңесшілер дайындап береді.

         - Бизнес-жоспардың құрылымдық бөлімін талдап бере аласыз ба? Құрылымдық бөлімдері қалай, жоспарда не қамтылу керек? Сол жөнінде айтып беріңізші.

         - Бизнес-жоспарды жасау кезінде өзінің міндетті құрылымы бар. Ең бірінші титулдық парағында жобаның атауы мен мәні және оның басшысы мен мекен-жайы көрсетіледі. Одан кейін жобаның түйіндемесі оның ең маңызды құрылымы болып табылады. Түйіндеме өз кәсібіңіздің жарнамасы десе де болады. Бизнес-жоспардың түйіндемесінде ең негізгі аспектілер көрсетіледі, яғни мақсат-міндеттері, шығаратын тауарыңыздың немесе қызметіңіздің, жалпы өніміңіздің сипаттамасы көрсетілуі тиіс. Мұнан өзге, бизнес-жоспарда нарық пен сала жағдайына талдау жасалуы қажет. Яғни тауарыңыздың нарықтағы сұранысы, соңғы жылдары осы тектес тауардың елімізде шығу көлемі, тұтынылу барысы көрсетілуі қажет. Сонымен бірге, жоспарыңызда шығаратын өніміңіз немесе қызметіңізге толық сипаттама беруіңіз қажет. Нақтырақ айтқанда, өніміңізді қалай шығарасыз, бұл салада өзіңіздің тәжірибеңіз бар ма, осы ұсынып отырған өніміңіздің өзге өнімдерден ерекшелігі неде, бәсекелестеріңіз кімдер, бәсекелестеріңіздің өнімдерінен сіздің өнімнің артықшылығы неде және сіз шығарып отырған өңірде қаншалықты сұранысқа ие? Міне, осы сауалдарға толық жауап болуы тиіс. Бизнес-жоспардың ішінде қамтылуы тиіс ақпарат – бұл маркетингтік жоспар. Маркетингтік жоспарда шығарып отырған өніміңізді жарнамалау жоспарыңыз, өнімді өткізу каналдары көрсетілуі тиіс. Бизнес-жоспарда көрсетілуі тиіс келесі ақпарат өндіріс жоспарыңыз. Өндіріс жоспарында шығаратын өніміңізге кететін мерзімі, көлемі, мысалы бір айда қанша өнім шығарасыз және оны қанша қаржыға сатпақсыз, түсетін пайдаңыздың көлемі қандай, міне осы ақпараттар көрсетілуі қажет. Жоспарда болуы тиіс келесі ақпараттар инвестициялық климат пен тәуекелдер. Мәселен, сіздің кәсібіңіз өркендесе тіпті жақсы, бірақ бизнесіңізді жүргізу барысында белгілі бір кедергілерге кездесуіңіз де мүмкін ғой? Міне, жоспарда осы мәселелерді алдын ала ойластырып алғаныңыз жөн. Яғни кездескен қиындықтарды жоюға, алдын алуға арналған да жоспарыңыз да болуы керек. Бизнес-жоспарда қамтылуы қажет жайттың бірі – ұйымдық жоспар. Бұл бөлімде кәсібіңізді жүргізу барысында жұмысқа алатын адамдардың саны, жалақы көлемі көрсетіледі. Жоспардағы маңызды құрылымның бірі – қаржылық жоспар. Қаржылық жоспарда кәсіпті жүргізу барысында түсетін таза пайда мен шығыстарыңыз, оның айырмашылығы көрсетіледі және кіріс пен шығыста көрсеткіш оң нәтижені көрсетуі қажет. Егер қаржылық жоспарда «минусқа» кетсеңіз кәсіпті жүргізу барысында да табысыңыз болмайда деген сөз. Сонымен қатар, сіз қаржы институттарынан несие алатын болсаңыз, қаржы жоспарында ай сайын, бір жылда, әрі қарай несие мерзімі біткенге дейін төлейтін қаржы көлеміңізді де анық көрсетесіз. Сондай-ақ, кәсібіңізді жүргізу барысындағы өтпелі және тұрақты шығындарды да көрсетесіз. Бизнес-жоспардың қорытынды бөлігінде қосымша ақпараттарды енгізуіңізге болады.

         - Гаухар ханым, кеңесіңізге рахмет. Жақсы, сау болыңыз!

Сұхбаттасқан Балдырған Мәмен 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер