«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлер мәселесі: заңды құқық пен мүдде қорғалады

2018 жылғы 21 Ақпан
- Алматы қаласы
2991 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылған күннен бері 2018 жылға дейін 92,5 млрд теңгеден астам сомада кәсіпкерлердің құқығын қорғаған

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметінің бір бағыты – кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүддесін қорғау, бизнес жүргізуге дамытуға тосқауыл болатын әкімшілік кедергілерді азайту. Жыл сайын қорғалған мүліктік құқық саны артып отыр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылған күннен бері 2018 жылға дейін 92,5 млрд теңгеден астам сомада кәсіпкерлердің құқығын қорғаған.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында «Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет» деген нақты міндетті жүктеді. «Атамекен» Ұлттық палатасы қызметінің негізгі бағыттарының бірі – кәсіпкерлердің заңды мүддесі мен құқығын қорғау.

Осы тұрғыда Палатаға түскен өтінім үнемі бақылауда, ал жаңадан түскендері бекітілген тәртіпке сай қаралады. 2016 жылдың 9 айында 5400-ден астам өтінім түссе, 2017 жылдың осындай мерзімінде – 4044, яғни 25%-ға азайған.

2017 жылдың 9 айында бизнес-омбудсмен аппаратының өңірлік секторларына бизнес қорғауға қатысты 3 471 өтінім түскен. Ең көп өтінім, атап айтқанда 527 өтінім Шығыс Қазақстан облысында, Оңтүстік Қазақстан облысында – 392 өтінім, Ақмола облысында – 307. Батыс Қазақстан облысында ең аз өтінім түскен – 77, одан кейін Атырау облысында – 112, ал Астана қаласында – 126.

Еліміздің әр аймағында жеке кәсіппен айналысатын азаматтар Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгініп, туындаған мәселенің мән-жайын анықтауға тікелей көмек ала алады. Соны ішінде ірі мегаполис, шағын және орта бизнес субъектілері көп орналасқан Алматы қаласындағы өңірлік кәсіпкерлер палатасы бар. Кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғау жұмысы қалай жүргізілетіні туралы Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ильяс Касенбаев кәсіпкерлердің құқығын қорғау мен бизнес-омбудсмен институтының артықшылықтары туралы ой бөлісті.

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы 2017 жылы 57 әкімшілік кедергіні анықтады, оның ішінде 27 кедергі өңірлік болса, 30 – республикалық деңгейде. Мәселелер реестріндегі республикалық деңгейдегі 5 кедергі, өңірлік деңгейдегі 30 кедергі оң шешілді.

«Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл мемлекет пен бизнесмендер арасындағы көпір іспетті. Омбудсменге дайын кейс жетуі керек. Егер біз өтінім берушіге көмектесу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланғанмен, нәтиже болмаса, жоғары органға өтінім жолдаймыз», – деп, түсіндірді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары.

Қандайда бір мәселе Елбасына жеткізілгенге дейін оны сот тәртібінде және республикалық деңгейде қадағалау органдары қарайды. Егер мәселе толық шешілмесе, уәкілдің жетекші секторы Астанаға омбудсменге жолдайды.

«Кәсіпкерлер өтініммен жүгінгенде, біз міндетті түрде олардың дәлелдерін тексеріп, істің материалын талдаймыз, мән-жайды анықтаймыз. Қолдау көрсетуге негіз бар ма, оны да байқаймыз. Көп жағдайда бизнесмендердің құқығы бұзылып, көбінің мәселесі шешілмеген күйінде қалып қояды. Сол кезде бизнеспен айналысуды тоқтатуға мәжбүр. Бірақ, шын мәнінде, мүмкіндік көп. Тығырыққа тіркелгендердің өзіне жол тауып, жағдайды Елбасына дейін жеткізуге болады», – дейді Ильяс Касенбаев.

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы қолға алған істің бірі – «Желтоқсан орманы» компаниясы. Тергеуші аталған компанияның директоры Игорь Митрофановты 4 жыл бойы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі миноритарлық қатысушысының жалған қолын жасады деген айып таққан. «Желтоқсан орманы» көп жылдан бері мұнай өнімдерін сатып алумен және өткізумен айналысады.

Жыл сайын директорға қатысты айлакерлік фактісімен қылмыстық іс қозғалып келген. Мұнда қылмыстық іс жоқ, тек азаматтық-құқықтық қатынастар орын алған жағдайда да компанияның қызметіне айтарлықтай кедергі келтіріп, шығынға ұшыратқан. Сотқа дейінгі істі біресе қозғап, біресе қылмыстық құрамы жоқ деп жауып отырған. Осылайша бірнеше мәрте әуре-сарсаңға түсірген. Бұл жағдайда бизнес-омбудсменнің көмегі тиді. Қадағалау органдары қылмыстық тергеу ісін ары қарай жалғастыруға негіз жоқ деп істі толықтай жапқан.

Сонымен қатар Өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Roland» ЖШС мүддесін  қорғады. «Roland» ЖШС шетелдік мамандарды тарту үшін визалық қолдау алу туралы мәселемен жүгінген. Кәсіпкерлер палатасы Ішкі істер департаментімен ынтымақтастық туралы келісім аясында тиісті жұмыстар атқарылып, нәтижесінде кәсіпкерлік құқығы толықтай қорғалған.

Нәтижелі істің тағы бір мысалын келтірсек, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасына жеке кәсіпкер Виктор Шаронов Әуезов ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері жасаған жұмысқа қатысты шағымданған. Мемлекеттік кірістер департаменті 10 дана ұтыссыз ойын автоматын қолдана отырып, қызмет көрсеткені үшін жиынтық салық салған. Бұл өтінімді қарастырған  Палата сарапшылары істі жіті тексеріп, аудандық прокуратура тарапынан тиісті құқықтық бағалау талап етіледі деп есептейді. Себебі кәсіпкерде Мемлекеттік кірістер департаментінің 2013-2018 жылдар аралығында қызметті тоқтату туралы оң шешімі болса да, хабарлама берілген соңғы 5 жылға әлеуметтік салық төлеуге ықтиярсыз көндірген. Бұл мәселе Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөнінегі кеңесте қаралып, оң шешімін тапты.

Әрине, Ұлттық палатаға түсетін әр өтінімді оң шешу мүмкін емес. Кейбір жағдайда кәсіпкердің өзі ағаттық жібереді. Алайда, заңгерлер мен сарапшылар қыруар мәселелерді шешіп, көп кәсіпкерлерге бизнесін сақтап қалуға көмектесіп отыр. 2013 жылдың қыркүйек айынан 2017 жылдың қазан айы аралығында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жүйесіне бизнесті қорғау бойынша 21 280 өтінім түскен. Өтінімдердің 44%-дан астамы оң шешілді. 92,5 млрд теңгеден астам сомада кәсіпкерлердің құқығы қорғалды. Бұл Кәсіпкерлер палатасының әрбір өңірдегі және орталық аппараттағы қызметкерлерінің еңбегінің нәтижесі.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер