«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

​Қазақстанда жұмыспен қамтудың бірыңғай цифрлық алаңы дайындалуда

2018 жылғы 16 Ақпан
1637 просмотров

Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың кәсіби біліктілігі, оларды оқыту және жұмысқа орналастыруға қатысты функцияларды аутсорсингке беру қарастырылып отыр. Осы мақсатта 2018 жылы 1,5 млрд теңге бөлу жоспарланған

Бүгінде Қазақстанда жұмысқа орналастырумен 50-ден астам жеке меншік агенттіктер мен сайттар айналысады. Олардың көбі ірі қалаларға басымдық берген. Өңірлерде де белсенді жұмыс істейтіндері баршылық, алайда басқа әріптестерімен байланыспағандықтан, өз қалалары мен облыстарының аумағынан ары аса алмайды. Статистикаға сүйенсек, 2017 жылдың қараша айында 440 мың жұмыссыз азамат тіркелген. Алматы мен Астана қалаларында жұмысқа орналастыру мәселесімен 320 мыңнан аса азамат өтінім берген. Ал ауылдық жерде 160 мыңнан аса азамат, яғни шамамен 49% өтінім берген.

Елбасы биылғы Жолдауында «Еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор. Барлық негізгі мамандық бойынша  заманауи стандарттар әзірлеу қажет. Бұл стандарттарда жұмыс берушілер мен бизнесмендер еңбеккерлердің білімі, қабілеті мен құзыретінің қандай болуы қажеттігін нақты белгілейді» деп тапсырма жүктеді.

Осыған орай жұмыстар қолға алынған. Мысалы, Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы Жанат Естаевтың айтуынша Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын дайындау қарастырылған. Жұмыс істеуге және қызметкер таңдауға көмектесетін электронды «Еңбек биржасы» болмақ. Ол мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесімен біріктіріліп, жеке меншік жұмыспен қамту агенттіріктері мен жұмыс істеу және қызметкер таңдау порталдарының базасын қамтиды.

«Қазақстандағы жұмыспен қамту ахуалын жақсарту үшін жеке сектордың ресурстары жұмылдырылуы мүмкін. Мемлекет бюджетінің шектеулі екенін назарға алу керек. Мемлекеттік органдар мен мекемелерге қарағанда жеке меншік агенттіктердің жұмысында икемділік көп. Мұнымен қоса, тәжірибеде көз жеткізгендей, шетелдік жұмыс берушілер жеке меншік фирмалармен іскерлік байланыс орнатуды қалайды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кей заңнамалық актілерге Жұмыспен қамту орталықтарының кейбір функцияларын жеке меншік агенттіктерге беру туралы өзгертулер енгізу бастамасын көтерді. Осы мақсатта, мемлекет жүзеге асырып отырған және аутсорсингке берілетін функциялардың тізімі анықталды. Жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың кәсіби біліктілігі, оларды оқыту және жұмысқа орналастыруға қатысты функцияларды аутсорсингке беру қарастырылып отыр. Осы мақсатта 2018 жылы 1,5 млрд теңге бөлу жоспарланған», – деп хабарлады Жанат Естаев.

Сонымен қатар сарапшының айтуынша, қазіргі таңда өңірлердегі жұмыспен қамту агенттіктерін қауымдастыққа біріктіру мәселесі талқыланып жатыр. Бұл олардың мүддесін республикалық деңгейде танытуға мүмкіндік береді. Қарағандыдағы Қазақстан кәсіпкерлерінің қауымдастығы жаңа қауымдастықты басқаруға дайын. Бастамашыл топ Павлодар, Өскемен, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысындағы бірнеше жеке меншік агенттікті біріктірді.

Сарапшының айтуынша 2017 жылы Алматыдағы ірі жұмысқа орналастыру агенттіктерімен мемлекеттік ресурсты біріктіру және мәліметтер базасын интеграциялау жобасы бойынша келіссөздер жүргізілген. Алайда, кәсіпкерлер бұған сақтықпен қарап, қауымдастыққа бірігуге асығар емес. Көбіне алдағы уақытта қызмет нарығында, оның ішінде квазимемлекеттік сектордан жаңа операторлардың пайда болуы үрей туығызып отыр.

«Жеке меншік жұмыспен қамту агенттіктерінің әлеуетін пайдалану бюрократиялық процедуралар көлемін айтарлықтай ұлғаюын, агенттіктердің күнделікті жұмысына араласуды, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту талабының жағдайын жеделдету механизмін, электронды үкімет пен мемлекеттік қызметті электронды формада өрістетуді қарастырады. Бұдан басқа, аталған жеке меншік секторының өкілдері өздерінің қаржы айналымына тартылған мемлекеттік қаржыны қатыстырудан бас тартып отыр. Себебі одан кейінгі қазыналық зардаптарына міндетті бақылау қойылады. Бұл ретте жобада еңбек артық өңірде ұйымдастырушылық-құқықтық, экономикалық, технологиялық, сондай орын алған аумақтық және демографиялық жағдайды ескеруге мүмкіндік беретін құқықтық және реттеу механизмдері қарастырылмаған. Бұл Бағдарламаны жүзеге асыру барысында бірлесіп атқаратындардың үйлестірілмеген әрекетін тудырады», – деп есептейді Жанат Естаев.

Жеке меншік жұмыспен қамту агенттіктері білім беру қызметін де көрсетуді жоспарлап отыр, себебі жұмыссыз қалған азаматтарға қайта мамандану қажет. Мұның барлығы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүргізіледі. Атап айтқанда Қарағандыда жеке меншік агенттіктер мен Халықты жұмыспен қамту орталықтарының сәтті ынтымақтастығының тәжірибесі бар.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер