«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұзақ мерзімді келісім-шарттар - отандық өндірушілер үшін елеулі ынталандыру

2018 жылғы 14 Ақпан
- Ақтөбе облысы
5859 просмотров

Ақтөбе металл құрастыру зауыты «Казхром» ТҰК ААҚ филиалы болып табылатын «Дөң тау-кен байыту комбинатымен» өндірістік нысандар үшін аркалы бекітпе мен оның құрамдас өнімдерін өндіруге тағы 5 жылдық келісім-шарт жасасты.

Келісім-шарттың жалпы сомасы 3,66 млрд. теңгені құрайды. Жаңа шарт талаптарына сәйкес, 2018 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде АМҚЗ комбинатқа 62,9 мың тонна өнім шығарып, жеткізуі қарастырылған.

«Біздер үшін бұл келісім-шарттың маңызы зор, ол кәсіпорынды тұрақтылықпен қамтамасыз етеді. Әрине, бұл бір ғана мысал болып табылады. Біз басқа компаниялармен де жұмыс жасауға дайынбыз. Экономиканың негізгі локомотивтері жер қойнауын пайдаланушы компаниялар және оларды сатып алудағы импорт үлесі өте зор екені түсінікті. Біз өнімдерді игеруге, қажетті технологияларға инвестиция салуға дайынбыз. Сонымен қатар, дайын өнімді қазақстандық өнімдерге ауыстыруға да әзірміз. Бұл үшін барлық алғышарттар бар және біз осы жолмен келеміз. Сондай-ақ, осы бағытта кеңейіп жатырмыз», - деді АМҚЗ бас директоры Александр Александров.

Аталмыш келісім-шарттың жасалуы - «Қазхроммен» стратегиялық ынтымақтастықты ұзарту және 2012 жылдан 2018 жылға дейінгі алғашқы 5 жылдық келісім-шартты табысты іске асырудың нәтижесі. Осы кезеңде зауыт ДТКБК-на жалпы сомасы 2,72 млрд теңгені құрайтын 42,7 мың тонналық өнім жеткізген.

«Бұл - индустриалды алыптар мен ШОБ ынтымақтастығының жарқын мысалы. Екі компанияның да бір аймақта жұмыс істеуі - көп кездесе бермейтін жағдай. Ірі және шағын бизнестің тығыз ынтымақтастығы (экономистер субконтрактация деп атайды) - бұл екі тараптың өндіріс тиімділігін арттырудың оңтайлы құралы. Бұл бағытқа, яғни- «үлкеннің айналасына шағынның шоғырлануына» Кәсіпкерлер палатасы ерекше назар аударады. Біздің міндетіміз – ірі бизнестің айналасында шағын және орта бизнес белдеуін жасау. Өткен жылы, Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен әкімдік жанынан жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы серіктестік туралы келісімдерді жүзеге асыруға бақылау жасайтын комиссия құрылған. Серіктестік келісімдерінің шеңберінде компаниялардың сатып алуларының белгілі бір деңгейі қазақстандық мазмұнда болуы қарастырылған. Аталмыш комиссия барлық шешімдердің орындалуын бақылайды», - деді Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Бауыржан Дарқұлов.

Ақтөбе металл құрылыс зауыты құрылыс саласына, сондай-ақ тау-кен және өңдеу өнеркәсібіне арналған көп қабатты панельдер мен басқа да өнімдерді өндіруге маманданған. Бұдан бес жыл бұрын облыстық индустрияландыру картасының аясында аркалы металл бекітпесін өндіру бойынша цех салынған болатын. Сонымен қатар, зауыттың өнімдері Өзбекстанға экспортталады. Соңғы жылдарда игерілген бірнеше жаңа өнім түрлері бар. Олардың бірі болып ашық кен орындарында қолданылатын контейнер түріндегі ғимарат болып табылатын - блок-модульдік өнім табылады. Былтырғы жылы ғана болаттан жасалған кіреберіс, пәтер, подъездішілік есіктердің өндірісі басталған болатын.

2010 жылы металл құрастыру зауыты кешенді жаңғыртудан өтті. Бүгінгі күні зауытта шамамен 200 адам жұмыс істейді.

«Біз жоғары білікті жұмысшы мамандықтарына мұқтажбыз. Бұл жерде сызбаларды түсіне алатын білдек жұмысшысы, металл жонушы, фрезерші, бағдарламалық басқару білдегінің операторы, білікті слесарьлер, құрастырушылар туралы айтып отырмыз. Сонымен қатар, инженерлік құрылымда білікті жобалаушылар, технологтар, құрылмалық құжаттамада  жұмыс істей алатын мамандарды табу өте қиын. Колледждерді тәжірибеге тартып жатырмыз, бірақ олардың түлектерінің арасында өз мамандығы бойынша жұмыс жасап, дамығысы келетіндер - аз», - дейді зауыттың бас директоры.

Бүгінде зауыт жұмыскерлерді оқытуды өз міндетіне алып, өз мамандарын өзі дайындауда. Өйткені, алда биік мақсаттар бар, ол - әлемдік деңгейдегі компания атану. Көбірек келісімшарттарды тарту және ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысу, металл құрастыру зауытының IPO-ға шығуына мүмкіндік береді. Бұл - кез-келген деңгейдегі бәсекеге қабілеттілік пен мінсіз беделдің жарқын көрсеткіші.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер