«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Күн тәртібінде: қоғамдық көлік және қауіпсіздік

2018 жылғы 14 Ақпан
4928 просмотров

2017 жылы  22720,1 млн. жолаушы тасымалданды, яғни 2016 жылғы қаңтар-желтоқсанға қарағанда 1,7%-ға көп

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген. Қазіргі таңда ең қымбат байлық – адам өміріне қауіп қоғамдық көліктерден келіп отырғаны туралы дабыл қағылып, жолаушы тасымалдау саласына жіті көңіл бөлу керектігі айтылып келеді.

Бүгінде республиканың әр аймағында қалалық қоғамдық көліктердің сапасын жақсарту, жолаушы тасымалдаумен айналысатын мекемелердің әл-ауқатына мән беру, табысы мен шығынын салыстырып, мемлекет тарапынан қолдау шараларының қажет екенін салалық қауымдастықтар жарыса айтып жатыр.

Ақтөбедегі ауыр жағдайдан кейін жолаушы тасымалдау саласының мәселесі ашық айтылып, түйткілдер түйіні тарқатылып жатыр. Қаңтар айында Ұлттық кәсіпкерлер палатасында тасымалдаудың негізгі мәселелері талқыланды.

Жиында «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Елдос Рамазанов «Жуырда ғана  Ақтөбе облысында  автобуста 52 шетел азаматы өртеніп, ажал құшқаны тасымалдауда жүйелі мәселелер барын, оларды тез арада шешу керек екенін аңғартты. Бұл дабылдың басы. Мемлекеттік органдармен жедел жүргізілген сараптама нәтижесі көлікпен тасымалдау саласында көптеген олқылықтар бары анықталды. Бүгінде тасымалдаушылардың шығынын субсидиялау, салықтан босату, автопарктерді жаңарту қажет екені ҚР Инвестициялар және даму бойынша министрі қатысуымен қаралды. Саланы қауіпсіз әрі табысты қылу үшін Кешенді бағдарламаларды бекіту қажет», – деп ұсыныс берді.

Жиында Қазақстан автокөлікшілер одағының Басқарма Төрағасы Серік Әлиғұжинов көлік саласын бақылаудан басқа, саланы дамыту бойынша түбегейлі шаралар қажет екенін ерекше атады. Оның айтуынша автокөлік дамытудың кешенді бағдарламасын бекітуді тездетіп, жүзеге асыру керек, сонымен қатар оның орындалуын қатаң бақылауға алған жөн.

Сонымен қатар тасымалдаушылардың мәселесі Тараз қаласында да көтерілді. Қаладағы ең ірі автопарктердің бірі «ӘулиеАтаТрансПасс» компаниясының басшысы (190 автобус),  өңірлік кәсіпкерлер палатасында аккредиттелген «Жүк және жолаушыларды тасымалдау» қауымдастығының мүшесі Рашид Пірмановтың айтуынша,  бұл салаға түбегейлі өзгеріс қажет. Егер де парктер мемлекеттің қолдауынсыз жұмысын жалғастырса, бірнеше жылдан кейін қолданыстағы көліктерді қамтуға қауқарсыз болып қалады, бұл есесіне қызмет сапасын төмендетеді.

Қарағанды қаласында да қоғамдық көліктердің сапасы сын көтермейді. Жолаушы тасымалдаумен айналысатын компаниялар автобусты үшінші тұлғалардан алып отыр.

«Бүгінде қалалық маршруттарға субсидия бөліндейді. Осыдан келіп мәселе туындайды. Техниканың ескіруі, тасымалдаушылар арасындағы бәсекелестіктің жоқтығын атауға болады. Қаладағы автобустардың 20-25% жүргізушілердің аздығынан пайдаланылмайды. Егер субсидиялау мәселесі шешілсе, жүргізушілер қатарының аздығын да шешуге болады», – деп атап өтті «Қарағанды облысы автокөлік кәсіпорындарының қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Айнитдин Буралкин.

Мұнымен қоса, мемлекет автокөлікпен тасымалдау саласына инвестиция тартуға мүдделі болу керектігін айтты. Әйтпесе, осы саланы дамытуға бизнесті қатыстыру керек.

Жолаушы және жүк тасымалы саласындағы түйткілді мәселелер көтеріліп отырғанда республикадағы есептік көрсеткіш қандай?

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жалпы, Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 2017 жылы 17 процентке өсіп, 17 миллион тоннаға жуықтағаны айтылған. Сонымен қатар «Транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр. Бұл инфрақұрылымға жұмсалған мемлекет қаражатын тез арада қайтаруға мүмкіндік береді. Жүк қозғалысын онлайн режімінде бақылап, олардың кедергісіз тасымалдануы үшін және кедендік операцияларды жеңілдету мақсатымен блокчейн сияқты цифрлық технологиялардың ауқымды түрде енгізілуін қамтамасыз ету қажет» деген тапсырма берілді. Трансшекаралық жүк тасымалы артып отыр. Ал республика көлеміндегі жүк қозғалысы мен жолаушылар тасымалының көрсеткіші қандай?

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы қаңтар-желтоқсанда республикада көлікпен 3916,2 млн. тонна жүк тасымалданды, бұл 2016 жылғы қаңтар-қарашадағы деңгейден 5,2% жоғары, осы кезеңдегі жүк айналымы 555,4­ млрд. ткм құрады. 2016 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 7,9%-ға артты.

Сонымен қатар 2017 жылы  22720,1 млн. жолаушы тасымалданды, яғни 2016 жылғы қаңтар-желтоқсанға қарағанда 1,7%-ға көп. Тиісінше жолаушылар айналымы 272,8 млрд. жкм құрады, 2016 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 3,3%-ға өсті.

Тасымалданған жүктердің жалпы көлемінде автомобиль көлігінің үлесі 84,29%, теміржол көлігі – 9,67%, құбыр көлігі – 5,94%, көліктің басқа түрлері (әуе, ішкі су, теңіз) – 0,10% құрады. Жүк айналымында теміржол көлігінің үлесі 47,19%, автомобиль көлігі – 29,14%, құбыр көлігі – 23,37%, көліктің басқа түрлері (әуе, ішкі су, теңіз) – 0,30% құрады.

Жолаушы айналымында, тасымалдаудың ұзақтығына байланысты теміржол көлігінің үлесі 6,58%, әуе көлігі – 5,27% құрады.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша көлік жұмысының негізгі көрсеткіштеріне назар аударсақ, 2017 жылы темір жол арқылы 22441,56 жолаушы тасымалданған. Коммерциялық тасымалдаумен  айналысатын жеке кәсіпкерлердің орындаған жұмыс көлемін бағалау есебіне қарай, 2017 жылы автобуспен 18212928,21 жолаушы, ал троллейбуспен – 25565,87  адам, трамваймен 30834 мың адам тасымалданған.

Тиісінше облыстар бөлінісінде меншік нысандары бойынша көлік жұмысының негізгі көрсеткіштеріне сүйенсек, жеке меншік кәсіпорындар жалпы республикада 22702894,37 жолаушы тасымалдаған (мың адам). Оның ішінде Алматы қаласында – 5089257,98,  Оңтүстік Қазақстан облысында – 2607509,34, Астана қаласы – 2528439,11,  Қарағанды облысында – 2397675,9. Аз көрсеткіш Маңғыстау облысында – 88774,78, одан кейін Қызылорда облысы – 367479,2,  Батыс Қазақстан облысы тұр – 422581,88.

Ал мемлекеттік меншікте республика бойынша 13888,88 жолаушы тасымалданған, оның ішінде Астана қаласында 31,7 мың адам, Алматы қаласында 13857,2 адам тасымалданған.

Автомобиль және қалалық электр көлігі жұмысының негізгі көрсеткіштерге сүйенсек, жалпы 2017 жылы тасымалданған жолаушылар саны (мың адам) – 22673106,49; оның ішінде: автобуспен – 18209624,64,  трамваймен – 30834, троллейбуспен – 25565,87, такси – 4406422,51. Бұл жеке меншік ұйымдар қызметінің көсреткіші ал мемлекеттік меншікте автомобиль және қалалық электр көлігі жұмысының негізгі көрсеткіштері бойынша 2017 жылы 13857,18 мың адам тасымалданған.

Статистикаға сүйенсек, жолаушылар автобус арқылы ең көп тасымалданады. Осы ретте өңір-өңірде аталған саладағы түйткілді мәселелердің көтерілуі, кәсіпкерлердің ескертпелері мен ұсыныстары назарға алынып, мемлекеттік деңгейде шешілсе, ең басты байлық – халықтың саулығы мен амандығы сақталары анық. Сонымен қатар кәсіпкерлер арасында адал бәсекелестік орнап, қызмет көрсету сапасы жақсарып, тасымалдау саласындағы мамандардың әлеуметтік мәселелері оң шешілері де сөзсіз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер