Қазақстан-Моңғолия сауда-саттық қатынастары жолға қойылды
Ұлттық палатаның қолдауымен Қазақстан-Моңғолия арасында сауда-саттық қатынастарын дамытуға бағытталған меморандумға қол қойылды
7 ақпан «Атамекен» ҚР ҰКП алаңында Монғолияның ұлттық сауда-өнеркәсіптік палатасының өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шараға «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев, Моңғолияның Ұлттық сауда-өнеркәсіп палата төрағасы Магван Оюнчимег, «Атамекен» ҚР ҰКП Өңірлік даму департаменті, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының өкілдері және Моңғолияның делегациясы қатысты.
«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары кездесуді ашқан сөзінде Ұлттық палата жұмыс істеу бағыттары мен құрылымын делегацияға таныстырып өтті.
«Бірлесе жұмыс жасау Қазақстан-Моңғолия үшін пайдалы болатындығында күмәніміз жоқ. Тікелей теңізге шығу жолы екі ел үшін де мүмкін емес, дегенімен, қандай салада өзара тиімді жұмыс істеуді қолға алу қажеттігінің бүге-шігесіне дейін талқылап, анықтау қажет», – деді Эльдар Жұмағазиев.
Басқарма төрағасының орынбасарының айтуынша Моңғолиямен серіктестік қатынастар орнату ауыл шаруашылық өнімдерін дайындау, органикалық таза өнімдер шығару салаларында тиімді болатыны анық.
«Біздің басты мақсатымыз қарым-қатынас орнату. Қысқа мерзім ішінде біздің ұсынысымызды қабыл алып, серіктестік орнатуға келісім бергендіктеріңізге қуаныштымыз. Екі ел үшін тиімді нақты жобаларды қолға алып, экономикамызға үлкен үлес қосатынымызға сенімдіміз», - деді Моңғолияның Ұлттық сауда-өнеркәсіп палата төрағасы Магван Оюнчимег.
Соңғы жылдары Моңғолия экономикасы үшін ауыр кезең болғандықтан кез келген салада қолдау танытар серіктестердің болуы мемлекет үшін маңызды. Тіпті, халықаралық қауымдастықтардан моңғол экономикасын тұрақтандыру шараларында көмек сұрауы елдің қаншалықты қолдауды қажет ететіндігінің айқын көрінісі. Қазақстан-Моңғолия сауда-саттық меморандумы негізінде өзара сенімділік және серіктестік қарым-қатынас орнатуы екі тарап үшін экономикалық тұрғыдан маңызы зор.
Еске салсақ, Монғолияның ұлттық сауда-өнеркәсіптік палатасы Моңғол Республикасының Сыртқы сауда министрлігі аясында «Сауда палатасы» атымен 1960 жылы құрылған болатын. Палата маңында Ұлттық төрелік сот жұмыс жасайды.
Анықтама үшін:
2016 жылы Қазақстан-Моңғолия арасындағы тауар айналымы 77,9 млн АҚШ доллары болып, оның ішінде Қазақстанның Моңғолияға экспорты 77,05 млн АҚШ доллары көрсеткішіне жетті. Статистика бойынша 2016 жылы Қазақстанның Моңғолияға экспорты 44%-ға көтерілгендігі байқалады.
Қазақстан-Моңғолия тауар айналымының кестесі
Сауда түрі, млн АҚШ доллары |
2012 |
2013 |
2014 |
2015 |
2016 |
Экспорт |
52,7 |
62,8 |
58,3 |
53,5 |
77,05 |
Импорт |
0,0018 |
0,841 |
0,623 |
0,001 |
0,869 |
Тауар айналымы |
52,701 |
63,641 |
58,923 |
53,501 |
77,919 |
Дереккөз: TradeMap, Халықаралық Тауар Орталығы (UNCTAD/WTO еншілес ұйымы) тауар ағымдарының деректері
Экспорттың негізгі тауарлары темекі, темекі алмастырушы заттар, тері бұйымдары, эфир майлары, дәннен жасалатын өнімдер және т.б.
Моңғолиядан Қазақстанға импорттың негізгі тауарлары баспа кітаптар, тоқыма өнімдері, төрт түліктен өндірілген тауарлар және т.б.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: