«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шымкент көшелеріндегі жарық күріш қауызынан бөлінетін электр энергиясынан алынады

2018 жылғы 24 Қаңтар
- Шымкент қаласы
6358 просмотров

Шымкенттегі Абай саябағында 20 шырақ күріш қауызы негізінде жасалған биологиялық батареямен жұмыс істейді

Энергияның баламалы көзін 20 жастағы студент Ильяс Мұрат ойлап тапқан. Ол ОҚО кәсіпкерлер палатасы мен М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ұйымдастырған жастар арасындағы инновациялық зерттеу байқауының жеңімпазы атанды.

Жас өнертапқыштың жасағаны – күріш қауызынан алынатын электр энергиясын жинақтайтын бірегей биологиялық батарея. Бір батарея 12 цилиндрден тұрады, әрқайсысына 50 грам күріш қалдығы, базофильді бактерия салынып, су құйылады. Әр цилиндрдегі субстанция энергия шығарады, одан кейін 70 миллиампер күшімен электр тоғына айналады. Біріктірілген 12 цилиндр 6 вольт кернеуде тоқ жинайды. Жыл бойы батарея 1800 кВт электр энергиясын шығара алады.

Ильястың айтуынша бұл технология жаңа емес, мұндай батареяларды көптеген елдер пайдаланады.

«Күріш қауызын ажырату үшін көп жағдайда химиялық қоспа пайдаланылады. Мысалы Ресейдің оңтүстігінде күріш қауызын өртеп, жылу энергиясын электр энергиясына айналдырады. Ал бізде бұл биологиялық батарея деп айтуға болады, экологиялық таза бактериядан алынады. Басқалардан айырмашылығы қандай? Пайдаланылғаннан кейін де қалдық ретінде қайта қолдануға болады», – дейді жас өнертапқыш.

Оның айтуынша, шикізатқа қатысты мәселе ешқашан туындамайды: Қазақстанда жыл сайын 280 мың тоннадан аса күріш өсіріледі, оның 60 тоннасы – қалдық.

«Бір ғана Мақтаарал ауданында күріш қауызы таудай үйіліп жатады. Күріш өсіретін шаруашылықтар оны қайда жіберетінін білмейді», – дейді Ильяс.

Бұл ғылыми жобамен 4 жыл айналысқан. Ал идеяны энергетик мамандығын иеленген әкесі берген.

Ильяс бұл жетістікпен тоқтап қалмай, батареяның қуатын тағы да 70% арттырғысы келеді, сонда телефон мен ноутбукты қуаттауға мүмкіндік болады.

«Менің жобам көшеге жарық түсіруде энергияны үнемдеуге бағытталған. Жастар көп жиналатын орында, яғни Абай саябағында 20 шырақ бағанына менің батареяларым қойылған», – деді өнертапқыш.

Егер бірегей батареяларды шығару жолға қойылса, электр энергиясын 15 есе үнемдеуге болады. Студент ойлап тапқан батареяның құны – 10 мың теңге. Өнертапқыштың айтуынша бір жыл ішінде өз құнын ақтайды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер