Солтүстік бизнесмендері Араб Әмірліктеріне жиі қатынай алады
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Фуджейра сауда-өнеркәсіп палатасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, іскерлік миссияны ұйымдастыруға келісім жасады
Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра әмірлігіне жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамына мемлекеттік органдар, қаржы институттары, оқу орындарының өкілдерінен бөлек, өңірлік бизнес-ортаның өкілдері қатысты.
Отандық делегация Фуджейраның еркін экономикалық аймағындағы ірі кәсіпорындарымен танысты. Қазақстан мен араб тараптары түрлі салада бірлесіп қызмет етуге дайын екендіктерін білдірді.
Шетелдік серіктестерге бірнеше бағыт бойынша тиімді экономикалық ынтымақтастық ұсынылды. Атап айтқанда өнеркәсіп, инновациялық қызмет, дәнді дақылдардың экспорты мен тасымалдануын дамыту, туризм, мал шаруашылығы салаларындағы жобаларды жүзеге асыру, біріге отырып көлік-логистикалық хаб құру секілді ұсыныстар айтылды.
Кездесу барысында екіжақты құжаттарға қол қойылды. Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы мен Фуджейра Сауда-өнеркәсіп палатасы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум жасады.
Аталған меморандумға сәйкес екі аймақтың Палаталары өз өңірлерінде сауда-экономикалық байланыста іскерлік кездесу ұйымдастыруға және іскерлік байланысты орнатуға ықпал етуге келісті. Бизнес-қауымдастықтар халықаралық ынтымақтастықта экспорттық өнімдерді кеңейту, ынтымақтастық жасау алаңын іздестіру, сыртқы экономикалық қызмет саласында заңнамалық актілер туралы ақпарат алмасу, лицензиялау және инвестициялар секілді әлеуетті бағыттарын анықтады.
Палата басшылары Солтүстік Қазақстан облысы мен Фуджейра әмірлігінің тікелей әрі іскерлік байланыс орнатуда сенімділік танытты.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: