Сәтпаевтағы қосалқы мердігерлердің қарызы қайтарылады
Сот органына берілген қарыз сомасын өтеу өтінімі оң шешілді
Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің отырысы өтіп, бизнесмендердің өтінімдері бойынша істер қаралды. Кеңес мүшелері жиын барысында мәселені шешуге көмектесетін бағыттарды ұсынды.
«С и Жест» ЖШС басышының айтуынша өткен жылы «Астана шаңырақ 2030» және «Тавис» жауапкершілігі шектеулі серіктестеріне 2 562 000 және 1 033 000 теңге сомасында құрылыс материалдарын жеткізген. Алайда оның төлемі бүгінге дейін жүргізілмеген. Аталған кәсіпорындар Жезқазған ауылының тұрғындарын Сәтпаев қаласына көшіруге арналған тұрғын үй құрылысына қатысқан. Өтініш берушінің растауынша мұндай қарыз «Сәтпаев қаласының құрылыс бөлімі» мекемесінің «Астана шаңырақ 2030» және «Тавис» жауапкершілігі шектеулі серіктестеріне қарыз болуынан туындаған.
«Біз қосалқы мердігерміз. «Астана шаңырақ 2030» және «Тавис» жауапкершілігі шектеулі серіктестерімен бірлесіп жұмыс істейміз. Қаншама келісім жасалса да, олар ешқашан толық сомасын бірден өтемеген», - дейді «С и Жест» компаниясының өкілі.
«Олар алдын ала төлем жасады, ал қалған соманы созбақтап жүретін. Тамыз айында бетонға қажетті соманы сол күйі төлемеді. Осының салдарынан банк алдында қарызымыз өсіп, шығынға ұшырап отырмыз», - деді «С и Жест» өкілі.
Кеңес мүшесі Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров орын алған жағдайға қатысты пікір білдірді.
«Сіздің өтініміңіз бойынша Сәтпаев қаласының әкімімен сөйлестім. Аталған мекемені мерзімін бұзғаны үшін сотқа берді. Шешім қаралып жатыр. Қалаға барған соң құжаттарыңызды алып, әкімге жолығыңыз. Төлем мерзімін анықтап береді», - деп жауап қатты Алмас Айдаров.
Кеңес төрағасы Серік Төрегелдин қарыз сомасын өтеуге қатысты сот ісіне Палатаның Сәтпаев қаласындағы өкілдері қатысып, осы мәселені бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: