«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматы бизнесіне кедергі келтірген шешім

2018 жылғы 22 Қаңтар
- Алматы қаласы
5507 просмотров

Алматы кәсіпкерлерінің айтуынша жаңа жол белгілері мен велосипедке арналған жолақ шығынға ұшырауға себеп боп отыр

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасына бизнесмендер қаланың құрылымдық көркін жаңғыртудан зардап шегіп отырмыз деп шағымданды

Қала тұрғындарына 1969 жылдан бері таныс болған «Восход» сауда үйінің директоры Юрий Ковтун бүгінде дүкен бірте-бірте шығынға ұшырап отырғанына шағымданды. Сауда жағы өте төмен. Соңғы 3 айда жалға алушылардың 17% бас тартқан.

«Мәселенің барлығы біздің ғимараттың жанына велосипед жолағы жасалғаннан басталды. Көлік қоятын орын жоқ. Клиенттердің келуі күрт төмендеді. Біз әкімдіктен ең болмағанда жолдың арғы бетінен ақылы автотұрақ жасауға өтініш білдірдік. Бірақ келіспеді. Біз қаланың абаттандырылуына қарсы емеспіз. Бірақ бізде қанша адам велосипед тебеді?!» - деп шағымданды Юрий Ковтун.

«Корея» кафесінің иесі Нелли Нигай «тоқтауға болмайды» белгісінің кесірінен дәмханаға келушілер саны азайғанын, тіпті ғимаратты сата да алмай отырғанын жасырмады. Табыс 30%-ға төмендеген. Қызметкерлердің жартысы жұмыстан шығарылды. Ал «Мақпал» республикалық сән орталығының жетекшісі Базиля Әбілманованың айтуынша бірінші топтағы мүгедек қызметкер жұмыстан шыққан, себебі оның жұмысқа қатынауы қиындаған.

Кәсіпкерлер палатасына осындай мәселемен бизнестің 95 субъектісі шағымданды. Мәселе Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесіне шығарылып, жиынға зардап шекккендер де шақыртылды, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның өкілдері де келді. Шағымданған кәсіпкерлердің алдында Алматы қаласы Ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандолла Шайхиевке жауап берді.

«Алматыда 530 мың көлік құралы бар. Сонымен қатар сырттан келушілер, әсіресе облыстан қатынайтындар бар. Автокөліктер – ауа ластануының басты себепшісі. Кәсіпкерлерді де түсінеміз. Автотұрақ жобасымен біз айналыспаймыз. Бізге тек келісуге алып келеді. Егер сәйкес келмесе, көлік құралдарының тұрағына рұқсат бере алмаймыз. Егер қандайда бір ұйым автотұраққа қатысты нақты ұсыныс алып келсе, біз барып көреміз. Бастысы ұсынылған нұсқа жол қозғалысының басқа да қатысушыларына кедергі келтірмеуі тиіс», - деп ой бөлісті Жандола Шайхиев.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің мүшелері жалпы алғанда қала тұрғындары абаттандыруды қолдайтындығын атап өтті. Алайда Алматы – шағын және орта бизнестің қаласы. Мұнда ірі кәсіпорындар жоқ. Кәсіпкерлер төлейтін салық қала бюджетінің негізгі бөлігін құрайды. Сондықтан абаттандыруға қатысты шараларды бизнеспен келісу керек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер