«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Электронды декларация – уақыт пен қаржыны үнемдеудің жолы

2018 жылғы 18 Қаңтар
3666 просмотров

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Кеден кодексі күшіне енді

Шекаралық байланыс, саудадағы алыс-беріс пен импорт-экспорттың барлығы да кеден арқылы өтеді. Қазақстанда мемлекеттік шекарасын айқындап бекіткен жеке мемлекет ретінде кедендік өткізу/қабылдау бекеттері жұмыс істейді. Кедендік ақпарат жарияланған keden.kz сайтындағы мәліметке сүйенсек, Қазақстан Республикасының Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстанмен шектесетін мемлекеттік шекарасында 30-дан астам өткізу бекеті жұмыс істейді.

Қытай шекарасындағы халықаралық өткізу бекет Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағына жатады. Қорғас, Қалжат, Алакөл, Бақты, Майқапшағай, Достық бекеттері Қытай мен Қазақстан арасындағы барыс-келіс пен тауар айналымының қауіпсіздігіне жауапты.

Тиісінше Қырғыз Республикасымен арадағы шекаралық байланысты Жамбыл облысы кеден бақылау департаменті 7 кеден бекеті арқылы басқарады.

Өзбекстан мен Қазақстан шекарасындағы бақылауды Оңтүстік Қазақстан облысы кедендік бақылау департаменті 8 кеден бекеті арқылы жүргізеді. Ал Маңғыстау облысында Бейнеу, Тәжен кеден бекеттері Өзбекстан Мен Қазақстан арасындағы сақтық шараларына жауапты. Ал Түркіменстан шекарасындағы байланысты Темір баба кедендік бекеті жүзеге асырып отыр.

Қазақстанның Солтүстік Шығысы, Солтүстік және Солтүстік Батыс аймағы түгел дерлік Ресей Федерациясымен шекараласады. Осы аумақтағы кеден бақылауы және бар.

Сонымен қатар, «Ақтау», «Қарашекпен» теңіз порты мен Атырау, Өскемен, Тараз, Шымкент және тағы басқа да қалалардың әуежайы арқылы да кедендік бақылау жүргізіледі. Мұның барлығы да елдің қауіпсіздігі мен тыныштығы, жеткізілетін тауарлардың сапалылығы мен дұрыстығы, елден заңды тауардың шығарылуын қамтамасыз ететіні анық.

Бұл бекеттердің барлығынан да жүк қозғалысы бақылауға алынып, оның қауіпсіздігі мен сапалылығын қадағалауда қауырт уақыт кететіні белгілі. Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «»Жүк қозғалысын онлайн режімінде бақылап, олардың кедергісіз тасымалдануы үшін және кедендік операцияларды жеңілдету мақсатымен блокчейн сияқты цифрлық технологиялардың ауқымды түрде енгізілуін қамтамасыз ету қажет. Заманауи шешімдер логистиканың барлық буынының өзара байланысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді» деп ерекше атап өтіп, мақсатты тапсырманы жүктеді.

Бұл тапсырманың орындалу қарқыны жаман емес. 2017 жылдың 26 желтоқсанында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кедендік реттеу жүйесін жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексіне қол қойды, яғни 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» жаңа Кеден кодексі күшіне енді. Бұл кодекстің дайындалуына бизнес-қоғамдастық қатысып, 500-ден аса ұсынысы енді.

Кодекстің өзінде адам факторының қатысуын азайтуға және электронды декларациялауға басымдық берілген. Қазақстан бизнес-қоғамдастығының тікелей қатысуымен дайындалған құжат кедендік рәсімдеу процедураларын жеңілдетіп, уақыт пен қаржының шығынын төмендетуге бақытталған. Бұл кодексте электрондық кедендік декларациялауға басымдық берілген. Сондай-ақ, кедендік декларацияларды кеден органдарының лауазымды тұлғаларының қатысуынсыз – ақпараттық жүйелерді қолданумен автоматты түрде тіркеу және шығару мүмкіндігі қарастырылған.

Бұл ретте кедендік операцияларды жасауды жылдамдату мақсатында біруақытта бірнеше кедендік операциялар кезінде қолданыла алатын қосымша алдын ала ақпаратты ұсыну қарастырылған. Ал бизнесті жүргізуді оңайлату мақсатында сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға кеден бажын кейін төлеу немесе бөліп төлеу мүмкіндігі ұсынылады.

Бұл кодекс арқылы үш типті куәлікті енгізумен уәкілетті экономикалық операторлар институты жетілдірілді.

  • Бірінші типті куәлік Еуразиялық экономикалық одағының барлық аумағында тауарлардың транзиті кезінде оңайлатуларды қолдануға мүмкіндік береді.
  • Куәліктің екінші типі бойынша тауарларды тікелей Қазақстан Республикасы аумағында кедендік тазарту кезінде оңайлатуға болады.
  • Куәліктің үшінші типі уәкілетті экономикалық операторлардың бірінші және екінші типтері үшін ұсынылатын кешенді оңайлатулармен қолдануға мүмкіндік береді.

Еуропалық одақ елдерінде қолданыстағы тәжірибеге ұқсас Қазақстан Республикасына келетін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы және Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы басқа елдер арасында тасымалдайтын тұлғаларға тауарларды бажсыз сауда дүкендерінде сату мүмкіндігіне жол беріледі.

Кедендік заңнаманың барлық жаңашылықтары мен оңайлатулары сыртқы экономикалық қызметті жүргізуді жеңілдетумен отандық экономиканы дамыту үшін жағдай жасауға арналған.

Кедендік әкімшілендіруді жетілдірудегі өзекті мәселенің бірі тауарларға арналған декларацияны ұсыну кезінде адам факторын болдырмауға мүмкіндік беретін электронды декларациялауды енгізу. Осы мәселені шешу мақсатында ең алдымен электронды декларациялау жүйесін жүзеге асыру үшін кедендік және салықтық әкімшілендірудің автоматтандырылған жүйесінің біріктірілген кеден компонентін ендіру туралы шешім қабылданды. Бұл ақпараттық жүйе (АСТАНА-1 АЖ) Бүкіләлемдік сауда ұйымының нормаларына және халықаралық стандарттарға сәйкес, 90-нан астам елдерде белсенді қолданылатын ASYCUDA бағдарламасы негізінде жасалған.

Бастапқыда 2015 жылдың желтоқсаны мен 2016 жылдың маусымы аралығында Мемлекеттік кірістер комитетінің орталық аппаратында АСТАНА-1 бағдарламасын электронды декларациялаудың толық кезеңін (алдын ала кедендік амалдар мен тауарды босатқанға дейін) жасау және орнату жұмыстары жүргізілді.

2016 жылдың шілде айынан бастап Астана, Алматы қалалары және Алматы, Қарағанды облыстар бойынша МКД базасында қанатқақты сынақтар жүргізілген. Ал басқа аймақтардағы сынақ бастамалары 2017 жылдың қаңтар айынан жүргізілді.

«Бір терезе» механизмі – сыртқы сауда процедурасын жеңілдетудегі тиімді құралдың бірі, құқықтық, технологиялық және техникалық аспектілерді революция жасауға, қолданыстағы бизнес-процесттердің трансформациясын қамтамасыз етуге және заңды маңызды мәліметтерді қолдануға өтуге қабілетті, осылайша көпшілікке сыртқы экономикалық қызметті  мәліметтер, бизнес-процестер мен өзгерістер ағымын басқара отырып, тікелей жеке кабинеті арқылы жүргізу мүмкіндігі беріледі.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша кедендік бақылауда өтуде электронды декларацияны енгізу жалпы 4 млрд теңге сомасын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бір транзиттің декларацияны толтыру қызметі брокерлерде 10 мыңнан 20 мың теңгеге дейін тұрады. Мысалы 2016 жылы 264 мың транзиттік декларация жасалған, ал электронды декларациялауда 4 млн теңгеге жуық қаражатты үнемдеуге болады.

Бұрындары декларация өткізушілер 4 түрлі құжат толтырып, оларды рәсімдеу үшін брокерлерге төлеп келген. Электронды декларация осының барлығын қысқартады. Қағаз декларация техникалық ауытқулар орын алғанда ғана жүргізілуі ықтимал.

Елімізде 2017 жылдың 1 қазанынан бастап «Астана – 1» ақпараттық жүйесінің бірінші компоненті іске қосылғанда екі күн ішінде 1 157 декларация рәсімделіп, рәсімдеуге орташа есеппен 16 минут уақыт жұмсалған. Бұл уақыттың айтарлықтай үнемделгенін көрсетеді.

Мемлекеттік органдар бизнес жаңа жүйеден қаражатты нақты үнемдеуді сезеді, себебі алдын ала ақпарат транзиттік декларациялауға трансформацияланды және енді рәсімдеуге екі мәрте уақыт пен ақша жұмсаудың қажеті жоқ екенін екреше атады.

Жаңа Кеден кодексі күшіне енген соң тауарларға қатысты келесі 17 кедендік процедуралар: ішкі пайдалану үшін шығару, экспорт, кеден транзиті, кеден қоймасы, кеден аумағында қайта өңдеу, кеден аумағынан тыс қайта өңдеу, ішкі қолдану үшін қайта өңдеу, кедендік еркін аймақ, бос қойма, уақытша әкелім (кіру рұқсаты), уақытша әкетілім, кері импорт, кері экспорт, бажсыз сауда, жою, мемлекет пайдасына бас тарту, кедендік арнайы процедура электронды жүйеге өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер