«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жолдау 2018: бизнесті дамытудың жаңа серпіні

2018 жылғы 16 Қаңтар
- Павлодар облысы
9377 просмотров

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алдында кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету және дамыту тапсырмасы тұр

«Бүгінде мемлекет тарапынан жеке кәсібін ашуға ниетті жандар үшін көптеген мүмкіндік қарастырылғаны қуантады. Жаңа Жолдау осының тағы бір дәлелі және бизнесті дамытуға жаңа серпін береді, Елбасының кәсіпкерлер үшін шығынды азайту тапсырмасы мен бизнесті қайта реттеу өз тиімділігін көрсетіп, кәсіпкерлер үшін жаңаша әлеуетті ашатынына сенімдімін», – дейді Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Байсейітов.

Мемлекет басшысы Жолдауда бизнес-ахуалды, әсіресе оны өңірлік деңгейде жақсартуға ерекше назар аударды, бұл сөзсіз кәсіпкерлікті дамытуға жақсы демеу болады.

Мысалы, бүгінде Өңірлік палатада бизнеспен жұмыс істеудің белгілі бір үлгісі қалыптасты, кәсіпкерлік үшін оңтайлы ортаны қалыптастыруға бағытталған – кеңес беру, оқыту, құқық қорғау, жобаларды және олардың соңғы нәтижеге дейін сүйемелдеу жұмыстары атқарылады.

2017 жылы Өңірлік палата сарапшылары 1,3 млрд теңгеден астам сомада кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүддесін қорғады. Бизнес ортаға түсетін әкімшілік қысымды азайтуға ерекше назар аударылады.

Палатаның мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуінің арқасында бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғауға, тексеруді азайтуға, бақылау және қадағалау жүйесін жетілдіруге айтарлықтай күш салынды.

Мұнымен қоса, Жолдауда адамдарды нәтижелі жұмыспен қамтуға – жеке кәсібін ашуға мүмкіндік беру, жаңа мамандықты игеру және жұмысқа орналасуға ерекше назар аударылған. Бұл бағытта «Атамекен» ҰКП-ның бизнеске оқыту бағытында атқарған жұмысына жақсы баға берілген.

2017 жылы Павлодар облысының 5 ауданында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасы оқытылды. Жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарына кәсіпкерлік негіздерін үйретіп, қаржылық белсенділігін арттыру.

Өткен жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 937 тұрғын білім алып, жалпы сомасы 1 250,9 млн теңге болатын 356 бизнес-жоба қорғалды. Оның ішінде 128 жобаға 438,9 млн теңге бөлінді. Биыл «Бастау Бизнес» жобасы облыстың 10 ауданында жалғасады.

Жолдау айтылған «Ақылды технологияны» дамыту тапсырмасына аса маңыз беру керек – агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы серпілістің мүмкіндігі. Мұнда Президент ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға баса назар аударған.

Бұл бағыт аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін «Атамекеннің» агробіліктілік орталығы ұйымдастырып отырған оқыту семинарлары жақсы демеу болады. Ол семинар агроөнеркәсіп кешені саласына озық технологияны енгізуге бағытталған.

Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған семинар 2016 жылы басталған. Семинардың негізгі міндеті – агроөнеркәсіп кешеніне жаңа технологияны енгізу. Сарапшылар отандық және шетелдің ауыл шаруашылығындағы үздік жетістігін таныстырады.

2016 жылы 14 семинар өтті. Ол ауыл шаурашылығымен айналысатындар үшін өте пайдалы болды. 2017 жылы шаруалардың ұсынысымен семинарлар кеңейтілді. Оқыту 12 бағытта жүрді. Мал және өсімдік шаруашылығымен қоса омарташылық, құс өсіру, ауыл шаруашылығы кооперациясының негіздері енгізілді. Оқудан өткен шаруалар білімдерін тәжірибемен ұштастырып, өндірісті дамытуды қолға алды.

«Жолдауда көрсетілген осы және өзге де міндеттер Төртінші өндірістік революция кезеңінде, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік терең де талпынысты өзгертулердің дәуірінде бизнестің дамуына жаңаша серпін береді», - деп тұжырымдады Серік Байсейітов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер