«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Адами капитал – қоғам дамуының күші

2018 жылғы 12 Қаңтар
- Алматы қаласы
3644 просмотров

Ұлттық палата кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды жүзеге асырады

Мемлекеттің үдемелі дамуы экономиканың қуаты мен қарқынына байланысты екені белгілі. Елімізде қабылданған стратегиялық мақсатытың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету. 2017 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсуі 4 процент болып, ал өнеркәсіптік өнімнің өсуі 7 проценттен асқан. Күні кеше ғана бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған Жолдауында хабарлады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында адами капиталға ерекше көңіл бөлген. Жаңғырудың негізі адами капитал деп атап көрсете отырып, бірнеше тапсырманы да жүктеді.

Президент «Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті үйрету жөніндегі жұмыстары қолдауға тұрарлық» деп баға берді.

Сонымен қатар «2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңінен тарту қажеттігіне де көңіл бөлінген.

Елбасы халықтың 60% шағын және орта бизнесінде еңбек етсе, Қазақстан тұрақтылыққа жететіндігін бірнеше мәрте атап айтқан.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен қаржылық сауаттылықты арттыру, жеке бизнесті жүргізуді үйрету мақсатында «Бастау Бизнес» жобасын жүзеге асырып келеді. Бастапқыда пилоттық жоба ретінде Еліміздің батыс аймағында, атап айтқанда Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданы Ақтөбе облысының Темір ауданында және Жаңаөзен қаласында оқытылды. Сәтті жүзеге асырылған жоба мемлекеттік бағдарламаға енгізіліп, бес жылдық жоспары бекітілді.

«Бастау Бизнес» жобасының оқу бағдарламасы күніне 4 сағаттан жалпы 80 сағатты қамтыды. 120 сағат жеке кеңес беру сабақтарына бөлінді, яғни әр жеке сұраққа кешенді жауап берілді. Бұл факторлар жергілікті тұрғындардың іскерлікке ынтасын көтеріп, жеке бизнес бастауына жақсы әсер етті.

2017 жылы 15 мың ауыл тұрғынын оқытуды көздеген бірегей жоба 2018 жылдан бастап бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтады. Тиісінше 30 мың адамға білім беріліп, оның ішінде 6000 білім алушы өз кәсібін ашуы керек немесе жұмыс істеп тұрған бизнесін кеңейте алады.

«Бастау Бизнес» жобасының 2017 жылғы жоспары 100% орындалған. Білім алған 15 мың қатысушының 56%, атап айтқанда 8285 қатысушы бизнес-жобасын қорғады. Ал оның ішінде 3314 – жеке кәсіп ашты, кәсібін өрістетті.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізгі қызметтерінің бірі ­­– қаржылай емес қолдау көрсету. Бұл негізде «Бизнестің жол картасы–2020» бірыңғай бағдарламасының «Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту» атты төртінші бағыты бойынша «Бизнес-Мектеп» жобасын жүзеге асырып келеді.

«Бизнес-мектеп» жобасының құрамында кәсіпкерлік қызметті дамытудың функционалдық бағыттары бойынша қысқа мерзімді «Бизнес-Өсу» оқуы және тәлімгерлік қағидаттарын қолданумен жобалық оқыту болып табылады. Оған «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша курстан өткені туралы сертификаты бар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. «Бизнес-Өсу» жобасы бойынша оқыту екі-бес күн аралығында, жобалық оқыту үш аптада жүзеге асырылады.

«Бизнес-мектеп» шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындарға білім береді. Оқу барысында кәсіпкерлік қызметін жүргізу негіздеріне қатысты оқу құралдары берілеі, оның ішінде бизнес-жоспар дайындау, қаржыландыру алуға құжат дайындау, маркетингтік зерттеу нәтижелері мен бизнес-идеялар беріледі. Курстан өткен тыңдаушыларға арнайы сертификат табысталады.

Аталған жобалар республика көлемінде жүзеге асырылып келеді. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы  аймақтағы ағайынның кәсіпкерлік әлеуетін көтеруге атсалысып келеді. 2017 жылдың желтоқсан айындағы ресми есеп бойынша 169 638 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген Алматы қаласында да Ұлттық палата үйлестіріп отырған жобаға қызығушылар қатары көп.

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасында өткен тренигтерде 2 мыңнан аса адам білім алған. Нақты айтқанда 2017 жылы «Бинес-Кеңесші» тренингіде 1676 адам қатысқан. Ал «Бизнес-Өсу» тренингіне 151 қатысушы өтініш білдірді. Сонымен қатар екі айлық «Бизнес оқыту» тренингіне 70 адам қатысқан.  Нәтижесінде «Бизнес-мектеп» жобасына қатысқан 32 кәсіпкер жалпы сомасы 66 832 000 теңге гранттық қаржыландыруға ие болған.

Сонымен қатар дәл осы «Бизнес-мектеп» жобасына қатысқан 72 кәсіпкер Екінші деңгейлі банктерден жалпы сомасы 130 682 000 теңге қаржы алды, оның ішінде 67 732 000 теңге сомасындағы несие осы 2017 жылы жаңадан ашылған кәсіпорындардың үлесіне тиесілі.

Кәсіпкерлік негіздерін үйренуге және қаржылық сауаттылығын арттырғысы келген азаматтар Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының бизнес-жаттықтырушыларына қоңырау шалып, кез келген сауалдың жауабын ала алады. Өткен жылы 1388 адам телефон арқылы кеңес алған.

Бұл бір ғана өңірдің мысалы. Еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларында арнайы курстан өтіп, сертификат алып қана қоймай, грант иеленіп, Екінші деңгейлі банктерден несие алып, кәсіп бастаған азаматтардың қатары жыл сайын артып келеді.

Сонымен қатар «Атамекен» орта білім мектептерінің 10-11 сынып оқушыларына арнап «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» атты жаңа пәннің енгізілуіне бастама көтерді. ҚР Білім және ғылым министрлігі бұл ұсынысты қолдап, мектеп бағдарламасына таңдау пәні ретінде енгізеді. Биылдан бастап Әрбір облыс орталықтары мен Астана, Алматы қалаларындағы мектептерде пилоттық жоба ретінде оқытыла бастады. «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» атты 68 сағаттан тұратын пән келесі 2018-2019 оқу жылында барлық мектептерде оқытылады.

Осылайша Ұлттық кәссіпкерлер палатасы жаппай қаржылық сауаттандыру мен кәсіпкерлікке баулу, кәсіпкерлік ынта мен қабілетті арттыру жұмысын қолға алды. Халық жаппай стратегиялық тұрғыда, болашақты ойлап, қаржы, заң, бизнес, жаңа технология, модернизация, инновация тақырыптарын меңгерген болса, ілгерілеу қарқыны күшейері сөзсіз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер