«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкер болсаң, Серіктей бол!

2018 жылғы 11 Қаңтар
- Жамбыл облысы
3232 просмотров

Адамдардың игілігіне арналған бизнес

Серік Асатовты Шу ауданында алты жасар баладан алпыс жасар қарияға дейін танып, біледі. Ол бүгінде Шу ауданы Төле би ауылы мен Шу қаласында дүкендер, дәріханалар мен шаштараз жүйелерінің басшысы. Тұрақты табысы бар кәсіпкер қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, үздіксіз қайырымдылықпен айналысуды дәстүрге айналдырған.

Шу ауданы мен Жамбыл облысына танымал кәсіпкер Серік Асатов Жамбыл облысы Шу ауданында, 1962 жылы Новотроицк ауылында (қазіргі Төле би ауылы) дүниеге келген. Қарағанды кооперативтік институтын "Экономист" мамандығы бойынша тәмамдаған. Серік Асатов еңбек жолын 80-жылдары ауданның тұтыну кеңесінде экономист болып бастаған. Кейіннен аталған кеңесте аға экономист, жоспарлау бөлімінің бастығы, төрағаның орынбасары қызметтерін атқарған.   Сонымен қатар, Шу ауданы Жаңа жол  кеңшарының Еңбекші сельпосын басқарған.

Кәсіпкер болу әр адамның маңдайына жазылған несібе деп айта алмаймыз. Десек те, өз мүмкіндігіне сене білген, алға ұмтылған әр азамат небір сыннан  сүрінбей өтіп, биік белестерді бағындыра алады. Көпке танымал тұлғалардың өмір жолдары бұған мысал. Соны бірі де бірегейі – Серік Асатов. Шулық кәсіпкер бизнеске алғашқы қадамын 90-шы жылдардың соңында  шағын дүкен ашудан бастаған. Алғашқы кәсібі нәсіп таба бастағаннан соң, екінші, үшінші дүкендерін ашты. Сексенінші жылдың сеңгерінен, тоқсаныншы жылдың тоқырауынан өткен жеке кәсіпкердің игілігінде дәріхана, шаштараз, мейрамхана және бірнеше дүкен  бар. Осылайша ауданда 80 адамды  жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер әріптестерімен мақтанады. Олардың арасында  Ризида Ысқақова, Райкүл Қаршығаева, апалы-сіңілі Рахима және Раушан Тұрпанбаевалар сынды зейнеткерлер қызмет етеді.

Үлкен бизнесті тиімді жүргізу – мыңның бірінің ғана қолынан келетін іс. Кәсіптің оң түсім беруіне ауқымды күш, қайсар мінез бен талмай еңбек керек-ақ.  Мәселен, Серік Уәшұлы иелігіндегі Шу қаласы орталық базарының маңында орналасқан "Да-Ди" супермаркетінің жұмысын ретке келтіріп, тауарайналымын оңтайландырып, ассортиментті көбейту үшін 3 жыл уақыт жұмсаған.

«Қазіргі таңда дүкенде ине шаншар жер жоқ, тұтынушыларға лық толы. Дүкен сөрелеріне қойылған азық-түліктер ұзақ уақыт тұралап қалмайды. Ал, алғашқы кезеңде ауданның қақ ортасында орналасқан дүкеннің  іші қаңырап бос тұратын. Бүгінде дүкенге заман талабына сай қондырғылар орнатылып, халыққа сапалы әрі лайықты қызмет көрсетудеміз» - дейді Серік Асатов.

Расымен де,  кәсіпкердің барлық дүкендері кассалық аппартатармен жабдықталған. Көзбен көріп, қолмен ұстадық. Ол алдағы уақытта бизнесін кеңейтіп, кәсіптің өзге де түрлерімен айналысуды межелеп отыр. Кәсіпкер өз туған өлкесінің тұрғындарының жұмыспен қамтылу мәселесін баса назарда ұстайтындығын айтады. Яғни, кәсіпкер бизнесінің қанат жая дамуы – жергілікті халыққа да тиімді болмақ.

Серік мырза – меценат.  Оның атымтай-жомарт­тығы аудандағы қайырымдылық шараларына үзбей қатысып, 15 жыл қол ұшын созып жүр­генінен де көрініс тапқан. Жыл сайын мүмкіндігі шектеулі жандарға,  аз қамтылған отбасыларға, көп балалы аналарға, жалғыз басты қарттарға, ҰОС ардагерлеріне, ақсақалдар мен дарынды жастарға қомақты  түрде демеушілік көрсетеді. Әсіресе жас дарындардың талантын шыңдау жолында қолдауды аямайды. Мемлекет басшысының бағдарламалық «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының бастаған «Атамекенім» акциясы аясында жаңа жылдық мереке қарсаңында 1 миллион теңгеден астам қаражатқа  қайырымдылық шараларын ұйымдастырды, талай бүлдіршінге мерекелік көңіл-күй сыйлап, армандарын орындады. Сонымен қатар, ауданның 30 ардагеріне құрмет көрсетіп, азық-түліктермен қамтамасыз етті. Кәсіпкердің арқасында аз қамтылған отбасылардың үйінде мерекелік дастархан жайылды.

Ауданның және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқаны үлесі үшін Шу ауданы әкімінің   Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарының марапатына ие Серік Уәшұлы қайырымды істермен айналысуға барша кәсіпкерлерді шақырады.    

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер